Көрсеткіш үшін жоқ жерден қылмыс «жасалады»

163

0

Елордада сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің биылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысын талқылауға арналған алқа отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алқа отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов аталған қызметтің жұмысын бағалау тәсілдері өзгеретінін мәлім етті.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі органдардың қызметін бағалау критерийлерін анықтаудағы қателіктер жүйенің бұрмалануына, қызметкерлердің алдында тұрған міндеттерді теріс қабылдауына әкелуі мүмкін. Бұрын аумақтық департаменттерге лауазымды тұлғаларды жауапқа тартқаны үшін ұпайлар берілген. Күдікті ісі ашылған шенеуніктің дәрежесі неғұрлым жоғары болса, балл соғұрлым жоғары болады. Бұл – нонсенс!», – деді Олжас Бектенов.

Оның пайымынша, аталған тәсілдің салдарынан әрбір басшы сандық нәтижені көздей отырып, бірінші кезекте азаматтардың өзекті мәселелерін емес, формальды жетістікті негізге алып келген.

«Біз нақты нәтижеге емес, процестің өзіне көбірек назар аудардық. Нәтижесінде, қолайлы статистика аясында жемқорлық жағдайының жақсаруы айқын болған жоқ», – деді агенттік төрағасы.

Оның айтуынша, қылмыстық-процессуалдық кодекстегі елеулі өзгерістерге, қылмыстарды тіркеу тәсілдері қайта қаралғанына қарамастан, есеп беру жүйесі өзгеріссіз қалған.

«Цифрлық бағалау кезінде нақты жедел уәкіл жемқорлықты азайтуға мүдделі емес. Кейде көрсеткіштерге ұмтылу кезінде қылмыстар қылмыс жоқ жерде жасалады. Сонымен қатар, әрбір сан, әрбір көрсеткіш ол адамның, оның туыстары мен достарының тағдыры екендігі ұмытылады. Ескі тәсіл ескіргені анық. Жұмысты бағалау тәсілдерін өзгерту керек», – деді Олжас Бектенов