Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Шиелі ауданында мемлекеттік қызметшілер арасында спорттық сайыстар ұйымдастырылды.
Шараның ашылуына аудан әкімі аппаратының басшысы Ғалымжан Каримов қатысып, мамандарды кәсіби мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– «Баршаңызды Мемлекеттік қызметшілер күніне орай ұйымдастырылып отырған спорттық сайыстың ашылуымен және кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекеттік қызметшінің кәсіби біліктілігімен қатар, оның салауатты өмір салтын ұстануы да маңызды. Өйткені спорт – денсаулық кепілі ғана емес, ұйымшылдықты, тәртіпті, табандылық пен жеңіске деген жігерді қалыптастыратын маңызды құндылық.
Бүгінгі спорттық сайыстар мемлекеттік қызметшілер арасындағы ауызбіршілік пен ынтымақтастықты нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған игі бастама. Осындай жарыстар әріптестік байланысты бекемдеп, қызмет барысында да жоғары нәтижелерге жетуге серпін беретіні сөзсіз», – деді Ғалымжан Каримов.
Спорттық сайыстар гір тасын көтеру, арқан тарту және садақ ату түрлері бойынша өткізіліп, қатысушылар өзара бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаз командалар мен жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болды.
Іс-шара барысында «Шиелі ауданы әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің персоналды басқару бөлімінің басшысы Құттықыз Артыққызы мемлекеттік қызметтің мәртебесін арттыру, қызметшілер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және ұжымдық бірлікті нығайту бағытында мұндай шаралардың маңызы зор екенін атап өтті.
Айта кетейік, аталған сайыс мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және әріптестер арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырылды.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі.






