NIS ұстаздары халықаралық конференция мінберінде

545

0

Елордада өткен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру: Қазақстандағы Балалар жылы» атты XIII Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Сыр өңіріндегі NIS педагогтері қатысып, педагогикалық іс-тәжірибені зерттеу нәтижелерін таныстырды.

«Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру» символикалық атауын алған астаналық педагогикалық форум еліміздегі Балалар жылына орайластырылған басты шаралардың біріне айналды.

Конференцияда 1500-ден астам қазақстандық мұғалімдер мен ғалымдар, сондай-ақ Финляндия, Ұлыбритания, Корея, Эстония, Ресей, Сингапур, Нидерланды, Жапония, АҚШ, Австралия, Португалия, Испания, Мальта және Болгария елдерінің белгілі педагогтері бас қосты.

Астаналық форумның күн тәртібінде ақпараттық қоғам контекстіндегі функционалдық сауаттылық, жас мұғалімнің кәсіби дамуы, қалыптастырушы бағалау саласындағы инновациялар, мектепте жайлы орта құру, инклюзивті және дербестендірілген оқыту, цифрлық мұғалімнің миссиясы және білім беру процесіне жасанды интеллектті енгізу, сондай-ақ, басқа да жаһандық педагогикада сұранысқа ие басымдықтарға мән берілді.

Конференцияның жарқын сәттерінің бірі – Нидерландыдағы сараптама және сертификаттау зерттеу орталығының «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына конкурстық іріктеуді аккредиттеу туралы RCEC сертификатын табыстау рәсімі болды.

– Бұл NIS-тің әлемдік білім берудегі жаңаша мойындалуы, ол әділдіктің, сенімділіктің, объективтіліктің жоғары стандарттарын, сондай-ақ конкурстық іріктеу жүйесінің халықаралық талаптарға сәйкестігін растайды, – деп атап өтті Қазақстан астанасындағы конференцияға сертификатты өзі табыстау үшін арнайы келген RCEC директоры Арнольд Дж. Брауэр.

Сонымен қатар дәстүрлі конференция алаңында NIS-тің «Қазақстан халқына» қоры және «Aitas KZ» холдингімен бірігіп іске асырып жатқан «Ауылдық жердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» ауқымды жобасының қатысушыларына паспорт табысталды.

2022 жылғы Халықаралық конференцияның басты мазмұндық сипаттамасы – қазіргі білім берудегі негізгі трендтерге тәжірибелік тұрғыдан назар аудару. Сырбойылық педагог Зауреш Манабаева панельдік пікірталаста мұғалімнің кәсіби капиталына, ең алдымен, тікелей оның тәжірибесін көрсететін «Action Research» және «Lesson Study» зерттеудің маңызды екеніне тоқталды.

— Біз әріптестерімізбен бірге ағылшын тілі сабағында жазылым дағдысын жақсарту жолдарын қарастырып, ой бөлістік. Конференция бағдарламасы өте мазмұнды және қызық болды. 15 елдің білім саласының сарапшыларын тыңдап, инклюзивті білім беру бағытында өзекті мәселелерге жауап алдым, – дейді ол.

Сұранысқа ие секциялар қатарын балаларға қауіпсіз және жайлы орта – қала, ауыл, мектеп құруға бағытталған арнайы отырыстар толықтырды.

– Жаһандану заманында балалардың жан-жақты дамуына қатысты маңызды сұрақтар қаралып, тың идеялар айтылды. Бұл бірегей шарада әлемдік, отандық ғалымдар балаларды қалай оқыту, тәрбиелеу және жақсы көру бағытында көзқарастарын білдіріп, кеңестерін берді, – деп бөлісті алған әсерімен қызылордалық ата-ана Зауре Абуова.

Он жыл ішінде дәстүрлі NIS конференциясы әлемдік білім берудегі жаһандық трендтер бойынша стратегиялық шешімдердің талданатын және қабылданатын ең беделді халықаралық алаңдардың бірі ретінде танылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<