НЗМ-дегі ашық есік күні

6

0

Қызылордадағы Назарбаев зияткерлік мектебінде БАҚ өкілдеріне арналған ашық есік күні өтті. Журналистер іс-шара аясында мектептің білім беру бағдарламаларымен, оқушылардың ғылыми жобаларымен танысып, физика, биология және химия сабақтарына қатысты.

Бұл – 2013 жылы ашылған NIS желісіндегі 15-і білім ордасы. Мектеп директоры Акбар Тү­сіп­баев заман талабына сай жаб­дық­тал­ған мектеп қазақстандық және шет­елдік үздік тәжірибемен ұш­тас­ты­рылған академиялық терең білім қа­лыптастыруға, пәндердің кірік­тірілуіне, кең ауқымды дағдылар мен құндылықтарды дамытуға ба­ғытталған NIS-Programme бағдар­ла­масына сүйенетінін атап өтті. Мұнда ағылшын тілімен қатар екінші шет ел тілі ретінде француз, неміс, корей, қытай тілдерінен қосымша са­бақтар жүргізіледі. Оқушыларды жан-жақтылыққа баулу және жекелеген пәндерді тереңдетіп оқыту мақсатында әртүрлі элективті курс­тар мен 45 қосымша білім бе­ру үйір­месі жұмыс істейді. 800-ден астам оқу­шыға 160-тан астам мұға­лім бі­лім береді.

Өзіміз қатысқан 10-сыныптың биология са­ба­ғында зертхананың қажетті мате­риалдық-техникалық ба­замен толық жабдықталғанына кө­зіміз жетті. Са­бақты педагог-сарапшы Несібелі Ба­шенова өтті.

– Мектеп ашылғалы бері осында еңбек етіп келемін. 10-сыныпта балалар биология-химия немесе физика-математика бағытын таңдайды. Мен жиынтық ұпайына қарай биология пәнін таңдаған оқушыларды дайындаймын. Олар өз болашағын медицина немесе биотехнологиямен байланыстырады. Түлектеріміздің арасында жоғары жетістікке жеткен, ғылым жолына түскендер жетерлік. Мысалы, мектеп бітіргеннен кейін Назарбаев университетінде оқуын жалғастырған Әйгерім Бақытжан­қызы биыл Гарвард уни­вер­ситетіне түсіп қуантты, – дейді ол.

Ашық есік күнінде БАҚ өкіл­де­рі оқушылардың ғылыми жоба­ла­ры­мен танысты. 7-сынып оқу­шысы Даниал Шәкизада бағ­дарла­малау бо­­йынша базалық дағды қалып­тас­тыруға мүмкіндік беретін CodeQuest мобильді оқыту қосым­шасын ойлап тапты. Даниал мұны жетекшілері Ра­зия Баймұрзаева, Гүлфайруз Базарбаевамен бірге жүзеге асырды. Ол қосымшаға оқу материалдарын, практикалық тапсырмалар, тесттер, квест картасы мен шағын ойындар енгізген.

– CodeQuest – мектеп оқушы­ларына бағдарламалауды үйретуге арналған мобильді қосымша. Оның көмегімен сабақты ойын тү­рінде ұйымдастыруға болады. Оқушы та­қырыпты таңдап, алдымен қысқаша теориямен танысады. Содан кейін тапсырмалар мен тесттерді орындайды. Әр тақырып бірнеше деңгейден тұрады. Деңгей жоғарылаған сайын тапсырма да күрделене түседі. Сондықтан оқушы материалды же­ңілден қиынға қарай меңгереді. Қо­сымшада квест элементтері бар. Әрбір орындалған тапсырма үшін оқушы роботтың бір бөлігін жинайды. Барлық деңгей аяқталған соң кейіпкер толық ашылады. Бұл оқу­шының қызығушылығын арттырып, оқуға ынтасын күшейтеді, – дейді жоба авторы.

Жас технократтың жобасын бі­рінші болып сыныптастары тәжі­ри­беден өткізген. Олардың айтуын­ша, қосымшаның интерфейсі қара­па­йым және түсінікті. Барлық батырма анық көрінеді, түсі де тартымды.

Ал 12-сынып оқушылары Данияр Ақдәулетов, Әлтайыр Төлеген және Әлішер Романқұл құрастырған веб-платформа қала тұрғындарын төтенше оқиғалар туралы хабардар етуге және мониторинг жүргізуге арналған. Ол жасанды интеллект жә­не геоақпараттық жүйенің мүм­кін­дігін біріктіреді.

– 2024 жылы Қазақстанда 11500-ден астам өрт, табиғи және тех­но­генді сипаттағы 5500-ден ас­там төтенше жағдай тіркелді. Тө­тен­ше жағдайлар министрлігінен SMS-ха­барлама ұялы байланыс опера­то­рындағы жүктеменің көп­тігінен кешігіп жетуі мүмкін. Осы аралықта ақпарат көздерінен, чаттардан тексерілмеген ақпараттар ке­­ліп, тұрғындарды шатастырады. Жер сілкінісі немесе су тасқыны ке­зінде әрбір минут маңызды. Бұл жүйе бейнебақылау камерасының бей­немәлімет ағынын қабылдайды. Қол­данушылар сондай-ақ ұялы теле­фонның картасынан жаңа оқиғаны өзі белгілей алады. Сол аудандағы тұрғындар телефон арқылы хабарлама алады. Жоба жедел қызметтің қауырт жағдайда әрекет етуіне және осылайша адам өмірін құтқаруға ықпал жасайды, – дейді шәкірттер.

Балалар ұсынған ерекше жоба­лардың қатарында су тапшы­лығы күрделенген кезде аса қажет авто­маттандырылған суару қондыр­ғы­сы, Қазақ хандығы дәуірін жа­ңа­ша көзқараспен танытатын «Ал­тын тақ» ойыны, көзі көрмейтін жан­дар­ға арналған комикс кітап бар.

– InComics деп аталатын мо­­биль­ді қосымшамыздың арқа­сын­да комикс кітабымызды барша оқу­шы, оның ішінде ерекше бі­лім беруді қажет ететін бала­лар үшін қолже­тімді ете аламыз. Бұл көзі көр­мейтін және нашар көре­тін ба­ла­лардың оқу процесін же­ңіл­детуге, комикс түріндегі визуал­ды әң­гі­мелер ар­қылы оқуға қызығу­шы­лы­ғын арт­тыруға, оған қоса оқу барысын ба­қылап, оқушының же­тіс­тіктерін кө­руге мүм­кіндік бе­реді, – дейді ко­микс авторы Арай Нұрбаева.

Мектепте балалардың әртүрлі олимпиадаларға, конкурстар мен ха­катондарға қатысуына қолайы жағ­дай жасалған.

– Мұнда тәрбиеге де, отбасылық құндылықтарға да, ұлттық дәстүр­лерге де ерекше көңіл бөлінеді. Бұл мақсатта «100 күй», «Қазақтың ән­дері», «100 кітап», «Қоғамға қыз­мет» және тағы басқа бастамалар жү­зеге асырылып жатыр. Домбыра тарту екі жылдан бері міндетті пән ретінде оқытылып келеді, – дейді мектеп басшысы.

2017, 2024 жылдары зияткерлік мектеп халықаралық мектептер ке­ңесінің аккредитациясынан сәтті өтіп, білім сапасының жоғары екенін дә­лелдеді. Еліміздің 26 ЖОО және ЖОО-дан кейінгі білім беру ұйымы НЗМ түлектерінің оқу көрсеткішін мойындайды және қысқартылған ба­калавриат бағдарламаларымен оқуға қабылдауға немесе оқу көрсеткішіне қарай академиялық кредиттерді қай­та есептеуге мүмкіндік береді. 70-тен астам шетелдік университет НЗМ түлектерін Foundation (дайын­дық курсын) оқымай-ақ бірден 1-курс­қа қабылдайды.

Білім ордасына жыл сайын 120 оқу­шы түседі. Келесі оқу жылына сынақ өтті, көп ұза­май оның қоры­тын­дысы жарияланады. Биыл тест тап­сырғандар саны 1700-ден көп болды. Мектепте білім алуды жал­ғастырғысы келетін жалпы білім беретін мектептердің 5, 6-сынып оқушылары үшін На­зар­­­баев зияткерлік мектебінің сай­­­тында виртуалды мектеп іске қо­­сыл­ған. Бұл – НЗМ-нің білім стан­­­­дар­тына сай пәндер бойынша кон­­курс­тық іріктеуге арналған тегін онлайн оқу. Виртуалды мектепте оқып, қоры­тынды тестілеуді жо­ғары көр­сеткішпен тапсырғандар НЗМ базасындағы каникулярлы мек­теп­тің қысқа мерзімді қосымша курсынан өтеді. Ол қысқы және жазғы каникул кезінде жұмыс істейді.

2013-2025 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебін 1184 оқушы тәмамдады. Академиялық білімі қа­лыптасқан, үш немесе одан да көп тіл білетін ұл-қыздар отандық және шетелдік жетекші оқу орындарында білімін шыңдап, бүгінде қоғамның дамуына үлес қосып жүр.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»