Қозғалыс – сергектіктің серігі

202

0

 Сенбіде қалалық мәдениет және демалыс паркінде «Денсаулық фестивалі –2019» акциясы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов қатысты. 

Аталған шара «Ден­саулық» мемлекеттік бағ­дарламасын іске асыру және медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында республикада соңғы жиыр­ма жыл көлемінде дәс­түрлі түрде өткізіліп келеді. Биылғы фестиваль «Денсаулық сандарына қол жеткіз!» ұранымен  ұйымдастырылды. Шара барысында қатысушылар арасында арқан тарту, қол күрес, гір тасын көтеру секілді бірқатар ұлттық спорт түрлерінен жарысты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Салауатты жұмыс орны» жобасына енген мекемелер арасындағы эстафеталық сайыс та шара мазмұнын аша түсті. Оған қоса қала тұрғындары мен фестивальға қатысушылар жастардың заманауи би түрлерінен өткен жарысты тамашалады. Сондай-ақ, «Таза ауада тыныста!» ұранымен бүлдіршіндердің майыса жасаған йога жаттығулары да көпшілік назарын еріксіз аударды.

Бұл күні медициналық қалашық жасақталып, қала емханалары мен емдеу ұйымдары тұрғындарға қызмет көрсетті. Атап айт­қанда, УДЗ, ЭКГ, флюро автокөлігі, глюкометр аппараттары келушілердің жан-жақты тексерістен өтуіне жағдай жасады. Тұрғындар қан қысымын, салмағын өлшетіп, қандағы қант мөлшері мен холес­терин деңгейін тексертіп жатса, стоматолог, кардио­лог, эндокринолог, фтизиатр, педиатр және тағы басқа дәрігерлер кеңесіне жүгінушілер көп болды.  Сондай-ақ, акция аясында жергілікті тауарөндіруші кәсіпкерлер өнімдерінің «Денсаулық жәрмеңкесі» ұйым­дастырылды. Онда қала кәсіпкерлері өндір­ген сүт, қатық, құрт, май, ірімшік секілді ден­сау­лық­қа пайдалы ұлттық та­ғам­дармен бірге, түрлі кон­дитерлік өнімдер сатылды. 

Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов аталған акцияның маңызы туралы айтып, жиыл­ған­дарды бірінші байлық­тың қадірін білуге шақырды.

– Халқымыз ден­саулық­ты бірінші байлыққа бала­ғаны белгілі. Себебі, дені сау адам ғана мемле­кеттің, ұлттың ең құнды қазынасы, жар­қын болашағы болмақ. Мем­ле­кетіміз тұрғындар саулығына үнемі назар аударып келеді. Осы мақсатта елімізде, соның ішінде біздің өңірімізде де көптеген жұмыстар ат­қарылып жатыр. Емдеу-сауықтыру нысандары са­­­лынып, медициналық кө­­мек­тің қолжетімділігін, сапа­сын жақсартуға жағдай жасалуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы Жолдауында да бұқаралық спортты дамыту жайы нақтыланып, медицина саласын жетілдіру бағытындағы жұмыстардың жалғаса беретіні айтылды. Ендеше жастарды, қала тұрғындарын спортқа тарту, саламатты өмір салтын ұстануға шақыруда бүгінгі шараның  маңызы зор деп ойлаймын,– деді Н.Байқадамов.

Акция барысында ша­ра­ға белсенді қатысқан ұжымдар мен жастар, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуына және «Жастар жылына» орай облыста салауатты өмір салтын қалып­тастыруға қолдау көрсеткен бірқатар мекемелер алғыс хаттармен, сыйлықтармен марапатталды. Акция өнер­лі жастардың концер­тімен жалғасты.

Айнұр БАТТАЛОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<