Қалдықтарды басқаруда қалыс қалдық па?

4

0

Дереккөз: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Қазақстанда жыл сайын тұрмыстық қалдық көлемі тұрақты түрде артып келеді. Ел бойынша орта есеппен 4-5 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналса, оның небәрі 25-26%-ы ғана қайта өңделеді. Қалған бөлігі полигондарға жөнелтіліп, экологиялық жүктемені күшейтіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, мәселе тек көлемде емес, қалдықтарды басқару жүйесінің әлсіздігінде.

Статистиканы сөйлетсек

Ресми деректерге сүйенсек, 2019 жылы елде 125 миллион тонна қалдық жиналған, ал жыл сайынғы жаңа көлем 5 миллион тоннадан асады. Сонымен қатар полигондардың 83%-ы санитарлық талаптарға сай келмейтіні анықталған. Бұл жағдай экологиялық қауіптің ауқымын айқын көрсетеді.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, қайта өңдеу деңгейі біртіндеп өсіп келеді. Егер 2023 жылы бұл көрсеткіш 23,9% болса, 2024 жылдың қорытындысында 25,8%-ға жеткен. Дегенмен, бұл өсім қалдық көлемінің жылдам артуына ілесе алмай отыр.

Министрлік деректеріне сәйкес, елде пайда болатын қоқыс көлемі қайта өңдеу қарқынынан әлдеқайда жылдам өсуде. Бір жылдың ішінде тұрмыстық қатты қалдықтар көлемі 16%-ға артып, 4,1 миллион тоннадан 4,8 миллион тоннаға дейін жеткен. Бұл көрсеткіштер «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасында (2024-2029 жж.) көрсетілген.

Сонымен қатар қайта өңдеу деңгейі бір жыл ішінде небәрі 1,9 пайыздық тармаққа ғана өскен. Ал 2024 жылы жоспарланған көрсеткіш 30% болғанымен, ол толық орындалмаған.

2031 жылға қарай Үкімет қайта өңдеу деңгейін 40%-ға жеткізуді көздеп отыр. Алайда бұл мақсаттың орындалуы өңірлердегі нақты жағдайға тікелей байланысты.

Өңірлердегі жағдай

2024 жылы еліміздің 20 өңірінің 7-еуінде жоспарланған көрсеткіш орындалмаған. Ең алаңдатарлық жағдай – үш ірі мегаполисте тіркелген.

Астана қаласында қайта өңдеу деңгейі небәрі 17% болып, жоспарланған 20%-дан төмен қалған.

Алматы қаласында да көрсеткіш 27% орнына 19,8%-ды ғана құраған.

Ал ең күрделі жағдай Ұлытау облысы аймағында тіркеліп, қайта өңдеу деңгейі нөлдік деңгейде қалған. Сарапшылар мұндай айырмашылықтар жүйелік проблемалардың бар екенін көрсететінін айтады. Негізгі себептер қатарында инфрақұрылымның әлсіздігі, заңнамалық бақылаудың жеткіліксіздігі және қоғамдағы экологиялық мәдениеттің төмендігі бар.

Қалдықтарды басқаруда қалыс қалдық па?
Дереккөз: instagram.com/timur_yeleussizov

Экобелсенді Евгений Мұхамеджановтың ойынша, компания қызметкерлерінің 99 пайызы қоқыс сұрыптауды білмейді.

– Бұл дағдыны жүйелі түрде үйрету қажет. Қазір көп жағдайда адамдар қоқысты араластырып тастайды, нәтижесінде қайта өңдеу зауыттарына қажетті шикізат жетіспейді, – дейді ол.

Инфрақұрылым мәселесі

Тағы бір мәселе – қалдықтарды сұрыптау инфрақұрылымы ел бойынша жеткілікті дамымаған. 200-ден астам шағын қала мен ауданның жартысында ғана сұрыптау жүйесі бар. Тіпті ірі қалаларда да бөлек жиналған қалдықтар кейде қайтадан араласып кетеді.

Қазір елде шамамен 30-ға жуық ғана толыққанды сұрыптау желісі жұмыс істейді. Қалған өңірлерде бұл процесс қолмен жүргізіледі. Сонымен қатар пластик пен қаптама өнімдерінде ортақ стандарттың болмауы автоматтандырылған сұрыптауды қиындатып отыр.

Сала мамандарының айтуынша, қоқыс басқару жүйесінде экономикалық ынталандыру жеткіліксіз. Қалдықтарды көму арзан болғандықтан, қайта өңдеу бизнесі бәсекеге қабілетсіз болып отыр. Сонымен қатар тарифтердің төмендігі мен заңнамалық бақылаудың әлсіздігі де саланың дамуын тежейді. Әкімдіктердің инфрақұрылымды толық қамтамасыз ету мүмкіндігі шектеулі.

Шешімдер мен бастамалар

Мемлекет қайта өңдеу саласын дамыту үшін бірқатар шараларды қолға алуда. Қайта өңдеу жобаларына 3%-дық жеңілдетілген несие беріліп, «ЭкоҚолдау» бағдарламасы арқылы әр тонна қалдыққа 71 мың теңгеден өтемақы қарастырылған.

Үкімет сондай-ақ қалаларда жаңа сұрыптау және қайта өңдеу зауыттарын салуды жоспарлап отыр. 2024 жылы 37 жаңа зауыт салу бастамасы бекітілген.

Мәселен, Алматы қаласындағы сұрыптау кешенінде қалдықтар электронды таразыдан өтеді, радиациялық бақылаудан кейін конвейер арқылы бөлінеді. Пластик, қағаз, шыны және металл жеке-жеке сұрыпталып, өңделеді.

Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, барлық қалдықтың тек 15%-ы ғана қайта өңдеуге жарамды, қалған бөлігі полигондарға жіберіледі.

Қалдықтарды басқаруда қалыс қалдық па?
Дереккөз: Depositphotos

Қалдықтарды сұрыптау тек экологияға ғана емес, табыс көзіне де айналып отыр. Пластик 50-90 теңге/кг, алюминий 150 теңге/кг, ал қағаз 10-50 теңге аралығында қабылданады. Астана және Алматы қалаларында экохабтар арқылы пластик, шыны, қағаз және металл қабылданады. Ал Қызылорда облысы бойынша қайта өңдеу деңгейі 30,1%-ды құрайды. Өңірде 17 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың кейбірі макулатурадан эковата өндірісін жолға қойған.

Эколог-ғалым Оразхан Айдаров бұл бағыттағы тәжірибені кеңейту қажет екенін айтады.

– Дамыған елдер бұл мәселені әлдеқашан шешкен. Германияда қалдықтан электр энергиясы өндіріледі, Австрияда мұндай зауыттардың маңында тұру тиімді. Қазақстанға да жаңа технологиялар мен бастамалар қажет, – дейді ол.

Қазақстанда қалдықтарды басқару жүйесі біртіндеп дамып келеді. Алайда негізгі мәселе – тек инфрақұрылым емес, қоғамның экологиялық мәдениеті мен экономикалық ынталандырудың әлсіздігі. Сарапшылардың пікірінше, мемлекет, бизнес және қоғам бірлесе әрекет еткен жағдайда ғана қайта өңдеу саласы нақты нәтижеге жетпек.

Шынар Бекбан