Қызылорда облысында биыл күріштің жаңа сорттарына маңыз беріледі

684

0

Қызылорда облысында биыл 195,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу көзделіп отыр. Бұл өткен жылғыдан 7 мың гектарға көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстың агроөнеркәсіп саласы тұрақты дамып келеді. Оған мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар өз септігін тигізді. Былтыр аталған саладағы жалпы өнім 178,1 млрд теңгені құрады.

Облыс бойынша көктемгі егін егу жұмыстары наурыз айының үшінші онкүндігінде басталады. Жергілікті шаруашылықтар ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарымен толықтай қамтамасыз етілген. Қазірге дейін 21,5 мың тонна күріш, 1782 тонна бидай, 30 тонна арпа, 116,3 тонна мақсары, 4,5 тонна соя, 51,8 тонна жүгері, 278 тонна жоңышқа тұқымы дайындалған.

Диқандар биыл «Маржан», «Сыр сұлуы», «Янтарь», «Лидер», «Премиум» сорттарын егуді жоспарлап отыр.

Облыстың егіншілік мәдениеті түгелдей суармалы жүйеге бейімделген. Былтыр өңірде 188,5 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Ол 2020 жылмен салыстырғанда 4,2 мың гектарға артық. Жылма-жыл кездесіп жүрген су тапшылығына байланысты әртараптандыру бағытында нәтижелі жұмыстар қолға алынды. Қазір өнімділікті арттыру жағдайына көңіл бөлініп отыр. Нәтижесінде күріш көлемін сақтай отырып, өнім деңгейі 2,2 центнерге артты. Әртараптандыру бағытында майлы, азықтық, картоп, көкөніс-бақша дақылдарын өндірістік негізде ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Агроөнеркәсіп кешені бойынша 2020-2022 жылдар аралығында 4,5 млрд теңгенің 32 инвестициялық жобасы іске қосылды.

Сыр диқандары Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында егіннен мол өнім алып, салада өсім динамикасы қалыптасты. Тамақ өнімдерін өңдеу көлемі өткен жылдың қорытындысымен 6,3 пайызға артты. Былтыр ауыл шаруашылығының негізгі қорына 9,9 млрд теңге инвестиция салынып, 2021 жылмен салыстырғанда 8% артса, биылғы қаңтар-ақпан айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,2% өсті. Өткен жылы саланы субсидиялауға 11,9 млрд теңге қаржы бөлінсе, биыл 13,8 млрд теңге қаралды. Сыр диқандары 195,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді жоспарлап отыр. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш көлемі 83,9 мың гектар көлемінде межеленген.

Өткен жылмен салыстырғанда облыста жалпы егіс көлемі 7 мың гектарға ұлғаяды. Оның ішінде күрішті 5,3 мың, мал-азық дақылдарын 2,3 мың, картоп, көкөніс, бақша егісін 222 гектарға арттыру көзделуде. Вегетация кезеңіне су лимиті белгіленгеннен кейін егін көлемі нақтыланады.

Су тапшылығын ескере отырып, ауыл шаруашылығын әртараптандыру үшін кейінгі екі жылда облыста күріш көлемі 11 мың гектарға дейін қысқартылды. Орнына суды аз қажет ететін дақылдар 17,1 мың гектарға арттырылды.

Су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы биыл 667 гектарға егін егіледі. 2030 жылға дейін оның көлемін 17,2 мың гектарға жеткізу жоспарда тұр. Биыл Украина ғалымдарымен тәжірибе ретінде демонстрациялық алқапқа әртараптандыру бағытындағы дақылдарды егу қолға алынды. Қазір көктемгі дала жұмыстары мен егін егу науқаны кестеге сай жүруде. Диқандар тұқым, тыңайтқыш, техника және жанар-жағармаймен толық қамтылған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<