Қызылордада екі мектеп оқушылары футбол ойыны кезінде төбелесіп қалды

772

0

Қызылорда қаласында екі мектептің оқушылары футбол ойыны кезінде төбелесіп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде қаладағы мектептердің бірінде футбол ойыны кезінде оқушылар төбелесіп қалғаны жөнінде бейнежазба жарияланды. Онда №176 және №271 мектеп оқушылары арасында жанжал туындағаны айтылған.

Бұл жөнінде қалалық білім бөлімі төмендегіше жауап берді.

«13 сәуір күні №271 орта мектепте 9-11 сынып оқушылары арасында ұлттық мектеп лигасы жарысы өткен еді. Ойын барысында жеңіліп қалған командадан екі-үш оқушы арасында жанжал шыққан. Мұғалімдердің араласуымен жанжал дер кезінде тоқтатылды. Балалар зардап шеккен жоқ. Олар ата-аналарының қарауында. Оқиға орнында медицина қызметкерлері болған. Алайда, олардың қажеттілігі туындаған жоқ», – деп жазылған хабарламада.

Оқиғаға байланысты Қызылорда облыстық полиция департаменті түсініктеме берді.

«Аталған дерек Қызылорда қалалық полиция басқармасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы бойынша тіркелді. Тергеу жүргізілуде. Мән-жайды анықтау мақсатында төбелеске қатысушылар полицияға жеткізілді.

Олардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Сондай-ақ, қатысушылар арасында жанжал туындаған спорттық турнирдің ұйымдастырушылары да полицияға жеткізілді», – деп мәлім етті департаменттен.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<