Қызылордалық полицейлер Шамшидин Амитовты құрметті демалысқа шығарып салды

586

0

Фото: Полиция департаменті

1990 жылы ішкі істер органдарына қызметке келген Шамшидин Егенбердіұлы Амитов учаскелік полиция инспекторы қызметінен бастап облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасарына дейінгі лауазымға жетті, Заң ғылымдарының кандидаты. Бүгін, отыз төрт жыл бойы атқарылған мінсіз қызметтен кейін оны әріптестері құрметті демалысқа шығарып салды.

Қызылорда облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов, оның орынбасарлары, басқарма, бөлім басшылары, облыстық полицияның ардагерлері жылы лебіздерін арнады. Шамшидин Егенбердіұлы өзіне ғана емес, қарамағындағы қызметкерлерге деген талапшылдығымен, адамгершілігімен және дағдарыстық сәттерде дұрыс шешім қабылдай алуымен есте қалды. Қызметте әрдайым жоғары біліктілігін, сауаттылығын көрсетті.

Ол учаскелік полиция инспекторы, жедел уәкіл, тергеуші болып қызмет атқарды, ҚР ІІМ Алматы академиясының оқу факультетінің бастығы, өңірлерде ПД басшылық лауазымын атқарды, Қызылорда облысы ПД-нің сыртқы қызмет саласына жетекшілік етті. Шамшидин Амитовтың мансаптық жолы және атқарған жұмысы полиция қызметкерлерінің бүгінгі толқыны үшін адал қызмет атқарудың жарқын үлгісі болып табылады.

Департамент бастығы полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов оған адал қызметі үшін алғысын айтып, зор денсаулық, бақ-береке және жаңа жетістіктер тіледі!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<