Референдум: дауыс беру заңдылықтары сақталды

805

0

Тәуелсіз Қазақстанның даму тарихында жаңа кезеңге жол бастайтын жалпыұлттық референдумның қорытындысы шықты және ол халқымыздың Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформалар мен оң өзгерістерді қолдайтынын тағы бір айқындады. Бұл қатарда қашанда ел болашағына бей-жай қарамайтын сырбойылықтар да дауыс беруге белсенді қатысып, өз таңдауларын жасау арқылы жаңа бетбұрыстарға дайын екенін көрсетті.

Жерлестеріміздің жетістігі бұл бүкіл аймақ тұрғындарының бір мақсатқа бірігуіне ұйытқы болып, маңызды саяси шараны насихаттау мен оның мән – маңызын көпшілікке ақпараттандыру жұмыстарына белсенді қатысқан барша әріптестеріміз бен жақтастарымыздың еңбегінің жемісі. Бұл тұрғыда «AMANAT» партиясы республикалық штабы мүшелері, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісіндегі депутат жерлестерімізден бастап облыстық, қалалық, аудандық штабтар құрамдарында үгіт жұмыстарын жүргізген мәслихаттардағы фракция мүшелері, партия белсенділері мен бастауыш ұйымдар жетекшілері, жастар қанаты өкілдері мен жалпы барлық партия мүшелері мен жақтастары ерекше белсенділік танытты.

Сонымен бірге қандай да болмасын халық таңдауының арнайы бекітілген заң талаптары мен ережелері бойынша өткізілуі маңызды. Осы мақсатта партия Әділетті Қазақстанды қолдаушы саяси күш ретінде дауыс беру барысының заң нормаларына сәйкес өткізілуіне өзінің қомақты үлесін қосты. Бұл үшін дауыс беру күні өңірдегі барлық дауыс беру орындарында құқықтары мен міндеттері түсіндірілген партия атынан арнайы өкілдер қатысып, ел еркінің заң аясында өтуіне қоғамдық байқау жасады. Өкілдердің дауыс беру мен оның қорытындыларын шығару барысына байқау жүргізу нәтижелеріне сәйкес біздің облыста заң бұзушылық фактілері орын алған жоқ.

Аталған жұмыстардың барлығы Мемлекет басшысының саяси бастамалары мен өзге де бағдарламаларын қолдайтын партияның Жаңа Қазақстанды құру мен қалыптастыру барысына алдағы кезеңдерде де белсенді қатысатынын білдіреді. Бұл тұрғыда баршамыздың басты міндетіміз ел келешегінің жарқын болуын көздейтін жаңару жұмыстарына жұрт болып жұмылу. Өзгерістерді өзімізден бастап, ел дамуына үлес қосу.  

Алтынбек Жарылқасынов,

«AMANAT» партиясы

Қызылорда облыстық филиалы

Атқарушы хатшысының орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<