ӘРІПТЕСТІК – ТИІМДІ ТЕТІК

219

0

 Бейсенбіде өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 27-сессиясына облыс әкімінің міндетін атқарушы Қуанышбек Ысқақов қатысты.
Айта кетейік, күн тәртібіне қойылған он мәселе оған дейін облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының бірлескен отырысында жан-жақты талқыланды. 2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджетті нақтылау кезінде мәслихат шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылды.
Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабайдың айтуынша, жыл басында облыстық бюджеттің бос қалдығы 679425,1 мың теңгені құрады. Кіріс бөлігі 239044 мың теңгеге артығымен орындалды. Бағдарлама әкімшілері игермеген несие көлемі 43071,4 мың теңге болды.
– Мемлекеттік-жекеменшік әріп­тес­тік аясында жүзеге асырылып жатқан жобаларды қаржыландыру үшін 1 млрд 165 млн теңге қаралды. Аталған қаражат мемлекеттік мін­деттемелерді орындауға, құжат әзір­леп, оны сараптамадан өткізуге бағыт­талып отыр. Қазіргі күні екіжақты әріптестікке сәйкес 118 жоба жүзеге асырылуда. Олардың басым бөлігі әлеуметтік сала мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаң­ғырту бағытын қамтиды, – деді басқарма басшысы.
Мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік шеңберінде Арал қаласындағы №62, №220 орта мектептердің бу қазандықтарын жаңғырту, Шиелі ауданындағы индустриалдық аймаққа теміржол тарту, Қызылорда қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешені полигонын салу секілді бірнеше жобаны жүзеге асыру көзделуде.
Полигон құрылысына қатысты мәселе депутаттардың қызу талқы­сына түсті. Қауіпті қалдықты бөлек жинап, кәдеге жарататын нысанды «Техноснастка-Ремсервис» серіктес­тігі салмақ. Жоба құнының жартысын кәсіпкер өз қаржысы есебінен, қалған бөлігін мемлекет төлейді. Мердігер құрылыс жұмысын жеті ай ішінде аяқтауға міндеттеліп отыр. Дегенмен, депутаттар келесі жолы серіктестік өкілдерінің полигон жұмысының жай-жапсары туралы тарқатып айтып беруі тиіс екенін жеткізді.
Сессия соңында облыс әкімінің міндетін атқарушы Қуанышбек Ысқақов былтыр аймақта атқарылған жұмыс барысына аз-кем тоқталды. Әсіресе, кәсіпкерлік, құрылыс, өнеркәсіп салаларын дамыту бағы­тындағы толымды тірлік бар.
Назерке САНИЯЗОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<