Әсері мол әдеби кеш

537

0

«Бір ел – бір кітап» акциясының аясында қаладағы №6 кітапханада аймақтағы ақын – жазушылардың, шығармашылық өкілдерінің қатысуымен әдеби кеш өтті. Онда №7, №235 мектеп оқушылары ақиық ақын Әбілда Тәжібаевтың өлеңдерін оқып, «Толағай» шығармасынан көрініс қойды. Ал Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романынан монологтар оқылды.

Республикалық Т.Жүргенов қорының төрағасы Сәпен Аңсат, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Қатира Жәленова, Толыбай Абылаев, Ғазиза Әбілда, «Кәсіпкер келбеті» газетінің бас редакторы, кітапхананың тұрақты оқырманы Жүзбай Таңырықбаев секілді кеш қонақтары жанары ұшқын атып жыр оқыған жас өрендердің өнеріне  тәнті болды. Сөз кезегінде олар ел болып оқуға ұсынылып отырған екі кітаптың мазмұнынан естеліктер айтып, өз шығармашылығынан жаңа туындылар оқып берді. Абыз ақын Әбілда Тәжібаевтың шәкірті Қатира Жәленова сонау жас шағындағы алғашқы туындыларына ақынның талдау жасап, пікірін білдіріп жазған хаттарын оқып беріп, оқушыларды таң – тамаша етті. Кітапхананың ардагер оқырмандары домбырамен ән салып, тағылымды шараның ажарын аша түскендей.

Кеш соңында қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Саягүл Есімқұлова сөз алып, биыл он үшінші рет өтіп отырған дәстүрлі кітап акциясының мақсаты техникалық мүмкіндіктер қарыштап дамыған бүгінгі қоғамда кітаптың құндылығын насихаттау, әдебиетке деген құрметті қалыптастыру, жас оқырмандардың танымдық деңгейін көтеру екендігін атап өтті. Әдеби кештің әсерлі өтуіне атсалысқан кеш қонақтарына алғысын білдірді. 

                                                           Алтынкүл ҚАЛМАНОВА,

                                              №6 кітапхананың аға кітапханашысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<