Судың құрамына арнайы мониторинг жүргізіледі

926

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қазгидромет» РМК облыс бойынша филиалының директоры Жұлдыз Қалымбетова мен филиалдың бөлім басшысы Мағжан Сәдуақасовтың қатысуымен брифинг өтті. Онда ауа райы және судың құрамын тексеру жұмыстары турасындағы мәселелерді сөз етті.

– «Қазгидромет» облыс бойынша филиалында экологиялық бақылау бойынша кешенді зертханамыз бар. Онда Сырдария өзенінің су құрамына мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ,  4 СКАТ автоматты станция бар, оның 2-уі Қызылорда қаласында, 2-уі Ақай мен Төретамда орналасқан. Бұл станциялар атмосфералық ауа құрамын, радиация бойынша мониторинг жүргізеді және ауа құрамындағы озон көрсеткішін анықтайды. Биыл шағын автоматты станциялар Арал, Шиелі ауданы мен Әйтеке би кентіне қондырылады деп жоспарлануда. Ал өткен жылдың  бақылау деректері бойынша Қызылорда қаласы мен облыстың атмосфералық ауасының ластану деңгейі төмен болып бағаланды, – деді филиал директоры.

Бүгінде «Қазгидромет мекемесінің филиалына қарасты Сырдария өзені бойында 10 су бекеті және Арал теңізінде 2 су бекеті орналасқан. Бұл бекеттерде күнделікті 2 рет су деңгейі өлшеніп, су өтіміне, мұзға, ауа мен судың температурасына бақылау жасалады. Су деңгейі қауіпті және шекті деңгейдегі көрсеткіштерге жақындап, қауіп туындаған жағдайда дабылды ескерту беріледі. Қазіргі таңда облыс аумағы бойынша Сырдария өзенінде мұз ұстасқан.

Ал метеорология саласы бойынша филиалға қарасты 9 метеостанция, 1 аэрологиялық станция және 5 автоматтандырылған станция жұмыс істейді. 9 метеостанция тәулік бойы қызмет етіп, әр 3 сағат сайын метеорологиялық құбылыстарға бақылау жасайды.

– Аэрологиялық станциядан шарұшақпен күніне екі рет радиозонд ұшырылады. Осы радиозондтан алынған мәліметтер арқылы абсолютті топографиялық карталар жасалып, метеорологиялық нақты мәліметтерімен синоптикалық ауа райы болжамдары жасалады. Осыған орай, алдағы 3-5, 10 күндік, айлық, жылдық ауа райы алдын ала болжанады, – деді бөлім басшысы Мағжан Сәдуақасов.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<