Сыр сахнасының саңлағы зияткерлік мектепте

290

0

Қызылорда қаласыхимия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің дәстүрге айналған «Даналық бейсенбі» жобасы аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, елімізге белгілі қоюшы режиссер, Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі Хұсейн Әмір-Темір зияткер оқушылармен жүздесті.
Хұсейн Жүсіпұлы көптеген театрларда әртүрлі жанрда 200-ден астам спектакльдер қойған.Сұхбат режиссердің балалық шағына деген саяхатынан басталды. Құрметті мейман кездесуге қатысып отырған оқушылар мен мұғалімдерге үздіксіз армандаған адам өз мақсатына жететіндігін айтты. Хұсейн Әмір-Темірдің бала күніндегі «актер болам» деген арманы оны бас режиссерге дейін жеткізді.
Сексеннің сеңгіріне шыққалы отырған белгілі өнер майталманы сөз арасында Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына байланысты көптеген қойылымдар қойғанын тілге тиек етті. Белгілі өнер иесі елін құрмет тұтқан, қазақтай елдің намысын қорғаған тұлғаларымызды сахналап, халық арасында олардың есімін жаңғыртуға өз үлесін қосқанын да ауыз толтырып айтуға болады.
Болашағын өнермен байланыстырғысы келетін оқушыларға Хұсейн Әмір-Темір кітаптарды көп оқып, кейіпкерлердің құпия сезімін ашып үйренуге кеңес берді. Театр адам жанын тәрбиелейтін ең үлкен мектеп екенін айта кетіп, қойылымдарға жиі барудың маңыздылығын түсіндірді.
Мектебімізге келген мейманымыздың жетістіктері мол. Хұсейн Әмір-Темір сахналаған «Ақбаян» спектаклі 2018 жылы Шотландияда өткен «Фриндж» халықаралық өнер фестивалінде қойылып, ағылшын халқының ықыласына бөленген. Қазақ театырының дамуына өзіндік үлес қосқаны үшін Хұсейн Жүсіпұлы бірнеше мәрте ҚР Мәдениет министрлігінің және Қызылорда облысы әкімінің Құрмет Грамоталарымен марапатталған.
Кездесу соңында құрметті қонақ зияткер оқушыларға салиқалы батасын беріп, жас өнерпаздармен естелік суретке түсті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<