Сырбойылық шахматшы әлемдік сында топ жарды

666

0

Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Нұрдаулет Таңатов «Atyrau Chees Fistival» халықаралық шахмат фестивалінде 1-орынды жеңіп алды.

Белгілі шахматшы, бірнеше дүркін әлем чемпионы Динара Сәдуақасованың Шахмат академиясы ұйымдастырған алғашқы әлемдік жарысқа 300-ге жуық шахмат әуесқойлары қатысты. Оның ішінде Қазақстанмен қоса, АҚШ, Нидерланды, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь және Ресей мемлекеттерінің ойыншылары бар. Ойын швейцариялық жүйе бойынша 9 кезеңде өтті. Сырбойылық Нұрдәулет 16 жасқа дейінгі жасөспірімдермен сынға түсіп, ақ-қара ойынында мықтылығын дәлелдеді.

«Жарыс қызықты және шиеленісті сәттерге толы болды. Өз мүмкіндіктерімді шыңдап, табысты ойын үшін жаңа білім мен тәжірибе жинақтадым. Шахмат – логикалық ойлау мен есте сақтау қабілетін арттырудағы негізгі көмек құралы», – деп санайды Нұрдәулет.

Алтын медальмен бірге Нұрдәулет 225 000 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақыны иеленді. Жас спортшының қоржынында бұл – 33-марапат. Бұған дейін халықаралық, республикалық және облыстық турнирлерден 16 алтын, 9 күміс және 7 қола медаль иеленген жас зияткер өткен жылы «Қазақстан Республикасының спорт шеберіне кандидат» атағына ие болды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<