Тұрақты бақылау – сапа кепілі

205

0

 Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың тауарлар мен қызметтердің сапасы қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ғалия Бәйменова биылғы жарты жылда салада атқарылған жұмыстарды баяндады.

Оның айтуынша, есепті мерзімде бірқатар жұқпалы аурулар бойынша тұрақты эпидемиологиялық ахуал қалыптасты. Оба, тырысқақ, құтыру, күйдіргі, іш сүзегі секілді аурулар тіркелмеген. Сонымен бірге, тұрғындар арасында ортақ аймаққа және бір мезгілде бір-бірімен байланысты топтасқан жұқпалы жіті ішек аурулары, тамақтан улану жағдайлары орын алмаған. Жалпы былтырмен салыстырғанда 20 инфекциялық нозология бойынша аурушаңдық көр­сеткішінің төмендегені бай­қалады.

– Биылғы жырты жылда облыста қызылшаның 412 жағдайы тіркелді. Жүргізілген мониторингке сәйкес ауруға шалдыққандардың 83 процен­тінің қызылшаға қарсы егіл­мегені анықталды. Оның ішінде 47 проценті егу жасына жетпегендер болса, 23 проценті ден­саулығына байланысты егіл­мегендер, 25 проценті жос­парлы екпе қабылдағаны туралы құжаттарының болмауынан екпе алмағандар болса, 5 проценті ата-аналары екпеден бас тартқандар.  Биыл 1 сәуір мен 28 маусым аралығындағы кезеңде аймақта екпе қабылдауға жататын 12273 адамның 10407-сі егілген. Иммундау жұмыстарынан кейін қызылша аурушаңдығының деңгейі біршама төмендеді, – деді Ғ. Бәйменова.

Облыста 329 паразитарлық ауру тіркеліп, былтырмен салыс­тырғанда аурушаңдық деңгейінің 52 процентке төмен­дегені байқалды. Алайда ауыр да қатерлі эхинококкоз ауруының эпидемиологиялық ахуалының күрделеніп отырғаны белгілі болды. Мәселен, есепті мерзімде 19 жағдай тіркеліп, былтырмен салыстырғанда 9 жағдайға жоғарылаған. Тіркелген аурудың   26,3 проценті 14 жасқа дейінгі балалар  үлесінде.

Биылғы жартыжылдықта Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының 4 жағдайы орын алды. Барлық ошақтарда індетке қарсы профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, қарым-қатынастағылар арасынан ауру тіркелмей, бүгінгі күні ошақтар жабылды.

Ал облыста туберкулез аурушаңдығы былтырмен салыстырғанда 8,3 процентке төмендесе, есесіне бруцеллез 1,5 есеге өскен. Өсу тенденция­сы әсіресе соңғы екі жылда байқалуда.

Департаменттің қызметтік бағыттарының бірі – өнімнің қауіпсіздігіне мониторинг жасау. Бұл мақсатта санитариялық-эпидемиологиялық сараптамаға барлығы 2068 өнім сатып алынған. Жүргізілген  сараптама нәтижесінде алынған өнімдердің 271 үлгісі техникалық регламент талаптарына сай келмеген. Жалпы облыс көлемінде 1904 тағам нысаны есепте болса, оның 419-ның  эпидемиологиялық маңызы жоғары. Есепті мерзімде 913 нысан тексерумен қамтылған. Қорытындысында 810 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, тиісті айыппұл салынса, 676 ұйғарым берілген.

Ауызсу сапасына жүргізілген мониторинг қорытындысы бо­йынша орталықтандырылған ауызсудың микробиологиялық көрсеткіші былтырмен салыс­тырғанда 2,8 процентке жақсар­ғаны байқалды.

– Ауызсудың санитариялық-химиялық көрсеткіші біршама жақсарған. Гигиеналық нормативке сай келмейтін сынамалар үлесі 4,5 процентті құрады, былтыр бұл көрсеткіш 8,37 процент болатын,– деп атап өтті департамент басшысы.

Облыс бойынша балалар мен жасөспірімдерді тәрбие­леу мен білім берудің 1418 нысаны бақылауда. Есепті кезеңде эпидемиологиялық маңыз­дылығы жоғары 688 нысан тексеру кестесіне енгізіліп, оның 533-і тексерілген.  Медициналық мекемелер, фармацевтикалық ұйымдар қызметі бойынша да тиісті тексерулер жүргізілген. Мәселен, емдеу-сауықтыру мекемелерін жоспарлы, жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде биылғы жартыжылдықта 157 айыппұл салынған болса, 58 санитарлық ұйғарым берілген.

Айнұр БАТТАЛОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<