Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 17 мыңнан асты

503

0

Фото: ашық дереккөз

Жаңартылған мәліметке сенсек, Түркияда жер сілкінісінде шейіт болғандар саны 17 мыңнан асқан, 72 мыңға жуық адам жараланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Түркия төтенше жағдайлар басқармасының (AFAD) соңғы мәліметі бойынша, Түркиядағы жер сілкінісі кезінде 17 406 адам көз жұмып, 71 806 адам зардап шеккен.

Бұған дейін Түркиядағы екі жойқын жер сілкінісінен зардап шеккендердің саны 16 546-ға жетіп, 66 132 адам жарақат алғаны хабарланған еді.

Айта кетейік, Түркияда жер сілкінісіне ұшыраған провинциялардағы ғимараттарды салған және қабылдап алған жауапты адамдарға қатысты тергеу басталды. Бұл жайында Түркияның Әділет министрі Бекир Боздағ мәлімдеді.

AFAD дерегіне сәйкес, 6 ақпан күні Түркияның Кахраманмараш-Пазарджик ауданында 7,7 балл қуатымен және Эльбистанда 7,6 балл қуатымен жер сілкінгеннен кейін 648 афтершок болған.

Жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес елдерде, соның ішінде Сирияда сезілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<