ҰБТ тапсырған 137 бала гранттан айырылды

467

0

Видеожазбаларды тексеру қорытындысы бойынша биыл грантқа ілінген 137 талапкердің ҰБТ нәтижесі жарамсыз деп танылды. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҰБТ-2022 аяқталды, бірақ оның бейнежазбаларын тексеру әлі де жалғасып жатыр!

Қазіргі таңда бейнежазбаларды қайта қарау қорытындысы бойынша 153 тестіленушінің ҰБТ нәтижелері жойылды, олардың 137-сі білім беру грантының иегері болған еді», – деп жазды ол Instagram-парақшасында.

Айтуынша, аталған талапкерлердің бәрінің грант туралы куәліктері жарамсыз деп танылған. Ал олқылыққа жол берген Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлерінің үстінен тексеріс жүргізіліп, тиісті мемлекеттік органдарға хаттар жолданып жатыр.

Оның мәліметі бойынша, биыл 327 түлек тестілеуге кіргізу кезінде тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылған. Ережелерді бұзғаны үшін тестілеу кезінде аудиториядан 322 адам шығарылған.

«Құрметті 2023 жылғы талапкерлер! Міне, сіздер үшін жауапты кезең басталды.Себебі алда емтихандар мен ҰБТ тапсырасыздар. Сіздер білімдеріңіз бен еңбектеріңіздің арқасында ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсетіп, алдыңғы буынның қателіктерін қайталамайсыздар деп сенеміз», – деп жазды Руслан Емелбаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<