Қызылордалықтар мемлекеттік қызметтерді саусақ ізімен ала бастады

186

0

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мемлекеттік қызметтерді алудың биометриялық әдісін Қызылордада енгізді. Мұның алдында аталмыш әдіс Астана және Алматы қалаларында қолданыла бастаған болатын.

Енді қызылордалықтар жеке басын растайтын құжатсыз-ақ мекенжай мен жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы анықтамаларды саусақ ізін пайдалана отырып ала алады. Ол үшін бұрынғыдай электронды цифрлық қолтаңба немесе жеке куәліктің қажеті жоқ. Жобаға қатысу үшін азаматтардан оң және сол қолдарының сұқ саусақтарының іздері талап етіледі. Бүгінгі таңда бүкіл әлемде қолданылатын халықаралық стандарттарға сәйкес, биометриялық деректер базасына мәліметтерді оператордың көмегімен бас-аяғы 5 минуттың ішінде енгізуге болады.

Мамандардың айтуынша, жаңа жүйе азаматтардың дербес деректерінің қорғалуын күшейтеді, өз бетінше алынатын қызметтер санының артуына әсер етіп, бөгде азаматтардың жалған анықтама алу фактілерін болдырмайды.

Таныстырылым барысында 100-ге жуық қызылордалық биометриялық деректер жүйесіне тіркеліп, мемлекеттік қызмет алып көрді.

Айта кетейік, мемлекеттік корпорация биометриялық сервисті өткен жылдың желтоқсан айында іске қосты. Биометрия жобасы қыркүйек айына дейін өзге қалаларда да жүзеге асырылады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<