Жаңа маусым «Абай» трагедиясымен ашылды

373

0

  Облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма ­театрының 65-ші жаңа маусымының шымылдығы түрілді. Театр ­ұжымы өнерсүйер қауымға Ерсайын Төлеубайдың «Абай» трагедиясын сахналады. 

Қойылымға арқау болған оқиға желісінде ұлы ақынның алпысқа қараған шағында өз ортасынан орын таппай, ауыр ойды арқалап, іштей егілген кезі шебер суреттеледі. Ағайын­дарының озбырлығы, жолын қуған жастардың тағдыры, араларына алты ай салып балаларының көз жұмуы ақын жанын тұңғиық қасіретке душар етеді. Трагедияның соңы ұлы Мағауия­ның қырық күндігін бергеннен кейін қайғыдан қасірет тартып, о дүниеге аттанып кетуімен аяқталады. Дүркіреген Құнанбай әулетінің мұңлы тағдыры қойылымда осылайша өрби түседі.

– Облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры өзінің 64-ші маусымын сәтті аяқтап, 65-ші жаңа белеске қадам басты. Осы уақытқа дейін өнер ұжымының жеткен жетістігі мен толағай табысы аз емес. Өткен маусымда сахна төрінде 4 жаңа қойылымның тұсауын кесіп, көрермен назарына ұсындық. Актерлық құрам 9 жас маманмен толықты. Олар Ресей Мемлекеттік театр институтында шығармашылық білімін жетілдіріп келді.

Бұл қойылымда театрдың барлық құрамы өнер көрсетті. Алдағы уақытта Семей қаласында өтетін республикалық театр фестивалінде «Абай» трагедиясын ұсынатын боламыз, – деді спектакльдің қоюшы режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темір.

Қалың көпшілік туындыны тап­жылмай тамашалады. Шығарманың ой салатын тұстары аз емес. Жақсылық пен жамандық, махаббат пен өшпенділік секілді өмірде кездесетін қарама-қайшылықтың бәрі осы ­қо­йылым­да көрініс тапқан. Ауылдас ағайынды азаматтардың билік үшін тартысқа түсіп, бірін-бірі өлімге қиюы, екі жастың адал сезіміне қарсы тұруы, қоғам арсыздығының кесірінен жапа шеккен жандардың тыныс-тіршілігі өнерсүйер қауымның жүрегіне терең ой салады.

Спектакль соңында көрермен қауым тік тұрып, театр ұжымына ризашылық білдірді.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<