ЖАС САҚШЫЛАР ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНУДА

735

0

ЖАС САҚШЫЛАР ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНУДА Облыстық бі­лім бас­қар­­масының ұй­ым­­дас­ты­руымен №10 да­­­рын­ды балаларға ар­нал­­­ған облыстық “Білім-ин­но­вация” лицей интернатында “Полицияның жас көмекшілері” отрядының І облыстық форумы өтті. Шараға облыстық ішкі істер департаментінің,  ден­­саулық сақтау, білім, есірт­кі бизнесіне қарсы күрес басқармалары мен “Жас­тар ресурстық” және “Сыр ұлан­дары” орталық­тары­­ның, “Қызыл ай” қо­ғамының өкілдері қа­тысты.
Форумның басты мақсаты – білім және тәрбие беру бағытында мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен серіктестікті дамыту, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру және құқықтық сана-сезімін арттыру.
Шара алдымен “Менің елімнің болашағы – менің қолымда” атты құ­қық бұзушылықтың, нашақорлық пен зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған көрмеден бастау ал­ды. Онда оқушылар өз ойларынан туындаған суреттерін көпшілікке ұсын­ды. Әрбір суретте жастарды те­ріс қылықтардан аулақ болуға шақыратын өзіндік бір идея бейнеленген.
Форумда облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақзира Қасымова қатысу­шыларды құттықтады.
– Бүгінгі форумның барша жас­тар үшін маңызы зор. Себебі, “Поли­цияның жас көмекшілері” жасағына өткен әрбіріңіз жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуда игі істер атқарып қана қой­май, ел жастарына үлгі бола біл­діңіздер. Елбасы “Аға ұрпақтың өнегесі, ор­та буынның ерен істері және жастардың арасында сабақтастық болса ғана, біз мәңгілік ел боламыз” деген еді. Мектеп қабырғасындағы жас сақшылар мен аға буын сақшылары арасындағы осындай байланыс жас ұрпаққа ұлағатты тәрбие беруде жақсы бастама болып отыр. Бұл бастама бұдан әрі де жалғасын табады, – деді ол.
Шара барысында жасақшылар­дың құрамы толысып, бірқатар жас­тар мүшелікке қабылданып, оларға төсбелгі тағылды. Өз кезектерінде мүшелікке жаңадан қабылданған оқушылар ант берді.
Жиын соңында әннен шашу шашылып, үздік эссе, плакат пен фотосурет байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Айта кету керек, қазақстандық патриотизмнің заманауи үлгісін қа­лып­тастырып келе жатқан өңірдегі  “Полицияның жас көмек­шілері”  жасақтары 2016 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Олардың алдына қойған мақсаттары  мен жос­парлары, жүйеленген міндеттері бар. Қазіргі күні аталған жасақ 207 мектепте құрылып, онда 3 мыңға жуық оқушы жұмыс жасауда.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
“Сыр бойы”.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<