ЖЕТІСТІК КӨП, ЖОСПАР МОЛ

210

0

Жаңақорған ауданы үшін өткен жыл жетістікке толы болды. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жағынан облыста ең жоғары көрсеткіш те осы ауданда. Сондай-ақ бұл салада жобаларды жүзеге асыруға ең көп қаржы тартқан да Жаңақорған ауданы. Атап айтқанда, барлық қаржы көздерінен жобаларды жүзеге асыруға 1 млрд 857 млн теңге қаржы тартылған. Осы және өзге де саладағы жетістіктерді аудан әкімі Ғалым Әміреев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Ауданда кәсібін жаңадан бастағандар үшін оқыту бағ­дарламасын жүйелі жүр­гізу нәтижесінде қара­пайым тұрғындар кәсіппен айна­­­лысудың қыр-сырын үй­ренген. Кәсіпкер ретінде тір­кел­ген­дердің 96 проценті белсенді жұмыс істеуде. Өткен жылы 2 млрд теңгеге жуық қаржы жобаларды жүзеге асыруға тартылса, оның ішінде «Бекарыс Агрофут» ЖШС-ның «Асыл тұқымды репро­дуктор шаруашылық құру» және «Орда Сығанақ» серік­тестігінің «Балшықпен емдеу сауықтыру кешені» жобасын бөле-жара айтуға болады.
Ауылдағы ағайын үшін кәсіптің көзі ауыл ­ша­р­­уа­­­шы­лығында екенін атап өткен аудан басшысы өткен жылы 5 ауылда агроиндус­триялық аймақ құрылғанын жеткізді. Бұл аймақта кәсіп етемін дегенге жерді қоршау, су жүргізу қызметі және жер пайдалану тегін екендігі егін еккен халыққа үлкен қамқорлық болғаны рас. Сондай-ақ жастар жылына орай ауданға бөлінетін 200 грант жастар кәсібін дамытуға бағытталады.
«Бір ауыл – бір кәсіп» ұста­­нымы ауданда кәсіп­кер­ліктің қанат жаюына оң әсерін тигізген.
– Аудандағы Ақүйік ауылы тек үйрек өсірумен айналысады. Жайылмада қарбыз екпейтін үй жоқ. Келінтөбе ауылының тұрғындары бақ­ша өнімдерін егуге ден қойған. Бұл ұстаным салада жақсы көрсеткішке жет­кізетініне көз жеткіздік. Жыл қорытындысымен кәсіп­кер­лікті дамыту бойынша Жайыл­ма ауылының әкімі облыс бойынша «Үздік ауыл әкімі» атанды, – дейді Ғ.Әміреев.
Ауданда спортты дамытуға ерекше назар аударылғаны да атап айтылды. Себебі, спорт арқылы инвестиция тартуға мүмкіндік мол. Биыл ауданда талапқа сай жаңа стадион салу жоспарланған.
Сонымен қатар аудан орта­лығынан шалғайда орналасқан елді мекен тұрғындарының көкейтесті мәселесіне айналған «Келінтөбе-Қандөз-Көктөбе» автожолын күрделі жөндеуден өткізу биылғы жыл еншісінде. Тағы бір атап айтарлығы, аудан мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті жүзеге асыруда белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Мәселен, биылғы жылдың өзінде 38 жобаны іске асыру жоспарланған.
Тағы бір жағымды жаңалық – Сыр елінің брендіне айналған Жайылма қарбызынан шырын шығару жобасы биыл жүзеге аспақ. Бұл үшін германиялық инвесторлармен келіссөздер жүргізілген.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<