Жомарт Жалғасбаев: «Біз нарыққа әлі бейімделмей келеміз»

2394

0

Ауыл шаруашылығы Сыр өңірі үшін елдегі халықтың өмірлік қажеттілігі екенін жақсы білеміз. Бұл орайда облыс халқының 40 пайызы ел тұрғындары екенін ескерсек, мәселенің экономикадан саяси басымдығы салмақты екенін пайымдауға болады. Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев аталған тақырыпты тағы келелі мәселенің қатарына қосты. Салада қалыптасқан жағдайды сараптау үшін біз білікті, тәжірибелі өндіріс басшысы Қармақшы ауданындағы «Ақжар» ауылының «Ораз Ахун ЛТД» ЖШС директоры Жомарт Жалғасбаевты әңгімеге тартқан едік.

– Жомарт Жақсылықұлы, сіз бүгінгі ұрпақ өлшемімен алғанда екі кезеңді өмірден өткіздіңіз. Қазір бұрынғы жоспарлы экономиканың теріс жақтарын жиі әңгіме етеді. Айталық, қосып-жазу дегендей, күріштен гектарына 120 центнер өнім алыпты, 100 қойдан 150 қозы алыпты. Әңгіме көп. Ал қазір ше? Менің ойымша нарық экономикасы қосып-жазуды көтермейді. Бұл орайда не айтар едіңіз?

– Жалпы, кеңес заманында жоспарлы экономика болды. Мен айтар едім, өзіңіз тілге тиек еткеніңіздей келеңсіздіктер орын алды. Алайда, бір нәрсенің ашығын айтуымыз керек, мысал үшін күріштің әрбір гектарынан 120 центнерден өнім алынды, 100 қойдан 150 төл алынды десек, ол негізсіз емес, ал осы көрсеткіштің экономикаға ешқандай теріс ықпалы болмағанын атап өткім келеді. Сол өнім нақты өмірде бар болғанын теріске шығармаймын. Ал қазір мүлдем басқаша, бірақ қосып-жазудан мүлдем арылған жоқпыз. Менің ойымша нарық экономикасына әлі көшкен жоқпыз. Қағаз жүзінде нарық, іс жүзінде басқаша. Сізге айтайын дегенім, күні кеше Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың барлық деңгейдегі әкімдер мен мәслихат өкілдерінің қатысуымен болған үлкен жиында бұл туралы тағы айтты. Дұрысы, Президенттің пайымдауынша біз әлі шынайы нарық жағдайында өмір сүріп жатқан жоқпыз.

– «Ойыңызбен келісемін. Алайда жоспарлы экономиканың теріс цифрларын ақтап алғым келмейді. Кешегі кеңес дүниесінің барлық республикасында қосып-жазу орын алды. Мыңдаған қылмыстық істер қозғалды. Артық егілген деген сөз шығын емес пе? Сонда өнімнің өзіндік құны деген қайда қалады?

– Өзіңіз пайымдай беріңіз. Сол жоспарлы экономиканың табиғаты бұрмалауға бейім еді ғой. Айталық, меншік мемлекеттікі, ал меншік ортақ болған жағдайда ол ешкімдікі емес. Мәселенің барлық түйткілі осыдан туындап отыр. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары социализмді, компартияны сақтай отырып нарыққа көшкен елдің бірі Қытай. Дян Сяо Пиннің «мысықтың түсі сары немесе қара болуы маңызды емес, ең бастысы ол тышқан ауласа болды» деген кемеңгерлік сөзі бүгінге дейін өміршең болып естіледі. Әңгіме шаруашылықты жүргізу әдісінде болып отыр. Ал саясатта экономика алда жүргенде ғана табысқа жетуге болады. Біз нарыққа өттік. Бірақ өткенімізбен салыстырғанда бүгінге дейін бізде бағаны тежеу, үстеме ақы қосу жалғасып жатыр. Сатып алып жатқан ауыл шаруашылық техникалары зауыттарда 50 пайызға арзан. Оны жеткізетін операторлар бар. Үстеме ақы қосады. Арасында жүрген «КазАгрофинанс» дегенді тағы қосып қойыңыз. Ол 17 процент қосады. Кей жылдары 10 процент қайтарады. Қайтармаған жылдар қаншама. Бүгінгі есепті нақты көрсеткіш деуге келмейді. Жоқ дүниені жаза береді. Жоспарлы экономиканың артықшылығы, шаруашылықтардың статқа берген есептері барынша тексерілетін. Президент статистикалық органды Президент әкімшілігіне бағынатын орган ретінде қайта құрамын дегенде қуанып қалып едім. Әлі де сол сүрлеумен келе жатқан жайымыз бар. Есептің бұрмалануы қазір шектен шықты. Оны жалғыз мен емес, жұрттың барлығы айтады.

Екінші – жер тегістеу, инженерлік жерлерді қалпына келтіру деген мәселе бар. Ол Жалағаш ауданында ғана жүріп жатыр деп естимін. Дуит деген бағдарламамен. Қалған аудандарға кейінірек келеді дейді. Жалағашта да нақты жүріп жатыр ма, жоқ па оны да нақты білмеймін. Мемлекет жерді жекеге беріп, үлеске беріп өзінің жауапкершілігінен, міндетінен құтылып тұр. «Жеріңді бердім, дүниеңді алдыңдар өздерің күніңді көріңдер» деп отыр. Мемлекет тарапынан жөндеу жұмыстарына көмек болады деп отырған жоқпыз. Өз қал-қадірімізше әліміздің келгенінше жерімізді тегістеп, каналымызды тазартып жатырмыз.

Қазір күріш егу науқаны басталып кетті.  Сумен қамтамасыз етуде  жылдағы қиыншылықтар тағы қайталанып отыр. Жоғарыдан түсетін судың көлемінің және Шіркейлі арнасының су өткізу қуатын сылтау етіп , сумен қамтамасыз ету жұмыстарын өз деңгейінде атқармай отырған жайымыз бар? Сылтау – жоғарыдан түсетін судың жетіспеушілігі. Шын мәнісінде суға еге жоқ.  Біздің талабымыз мол көлемде су алу емес. Қанша су келсе де   сол келген суды егіс көлеміне байланысты аудандар мен шаруашылықтар арасында әділ бөлінуі.  Бүгінгі таңда облыста су жеткізу мәселесі сын көтермейді. Кім мықты кімнің сағасы тартқыш сол суға егелік етіп отыр. Облыстық су шаруашылығы мен аудандық мекемелер келген суды әділ бөлуге қабілетсіз болып отыр. Аудандық су шаруашылығы мекемесі облыстық су шаруашылығының филиалы болып табылғаннан кейін ауданға тиесілі су көлемін талап етуге де құлықсыздық танытады. Егіншілік мәдениетін қашан ғылыми деңгейге көтереміз? Біз үшін бұл сауалдың жауабы өзекті мәселе болып қала береді.

– Соңғы жылдары Жомарт Жақсылықұлы, облыстың шаруашылықтарында еңбек даулары жиі өрістей бастады. Олар қалай шешіліп жатыр?  Сіздің ойыңызша, елдің наразылығы қаншалықты әділ?

– Рас, бұл түйткілді мәселе. Әділін айтуымыз керек, ешқандай басшы өз шаруашылығының жаман болғанын қаламайды. Жоғары дәрежеде өнім алуға қол жеткізген, аяғын енді басып келе жатқан шаруашылықтар бар. Жерге байланысты дау бар, жерімізді, үлесімізді аламыз дегендер дауыс көтере бастады. Ал оны шешу үшін тағы да әділдік керек. Меніңше заң солқылдақ, әкімдер жасқаншақ, дау туындаса әлгі басшылар ойларын ашық айтпайды. Барады, кетеді, әділдігіне ешкім жетпейді. Барлығы жасқаншақ. Мысалы, бірнеше жылдан бері дауы бітпей келе жатқан шаруашылықтар бар. Халықтың жағдайы бөтен емес. Менің ойымша бүйректен сирақ шығарып жүрген белгілі бір топтың адамдары бой көрсетеді. Жатқан өсек-аяң. Сот айналысатын мәселеге әкімшілік араласады. Әкімшілік халық жағында болса елге жағамын деп ойлайды. Ал дұрысы, осының барлығы заң жүзінде тиісті орындар арқылы шешілу керек.

Біз нарықтық жүйеде жұмыс істегеннен кейін сол нарықтың айналасында жүруіміз керек. Бағаны реттейтін нарық, дивидент қайдан келеді? Егер шаруашылықтың деңгейі төмен болса айлықты көтеруге негіз жоқ. Оған төраға ғана емес, барлығы кінәлі. Ал егер шаруашылық қарызға батып отырса мәселе мүлдем күрделі сипат алады. Қазір техниканың бағасы 30-40 процентке, минералдық тыңайтқыштар 3-4 есе қымбаттады. Мемлекет оның бірде-біреуін өтемейді. Субсидияны егетін көлемнің 10 процентіне ғана береді. Бұл орайда меніңше шетелдік тәжірибеге сүйену қажет сияқты. Бағаны реттеуге монополияға қарсы комитет жиі араласады. Баға неге өспейді? Дақыл егуге қажетті барлық шығындар өскен жағдайда өнім бағасы қымбаттайды. Бұл заңдылық.

Мен «Ақжарды» басқарған оныншы директормын. Сол он директордың бірнешеуі ғана басқа жұмысқа өз еркімен ауысты. Қалғандары орынсыз қыспаққа шыдамады. Тіпті босатып жіберді. Мен олардың барлығы нашар болды деп айта алмаймын. Мамандары білікті. Не жетіспейді? Меніңше іштарлық басымдау, береке мен бірлік жетіспейді. Бұрыннан қалған үйреншікті дағды бар. Барлығын директордан сұрауымыз керек. Ортақ шаруашылықта барлығы өзіне тиісті міндетін атқарса арманы орындалады. Ешқандай дау-дамайға жол берілмейді.

– Осы орайда «Ақжардың» бүгінгі ахуалын қалай бағалар едіңіз?

– Ауылдың ахуалы біршама жақсы. Ай сайын жалақысын беріп тұрмыз. Миллиард теңгенің үстінде техника сатып алдық. Монша салдық, кеңсені күрделі жөндеуден өткіздік. Тұқым құятын қойманы жөндедік. Жалпы менің инвесторға деген көзқарасым өте жақсы. Ауылда инвесторсыз күн көру мүмкін емес. Осыдан біршама уақыт бұрын бір дүркін көмек беріп қара күріштің бағасы 40-45 теңгеден 55  теңгеге көтерілді. Қазір біршама тоқтап қалған сыңайлы. Тағы да сондай бір үстеме баға болса елдің еңсесі көтерілер еді. Мемлекет күрішті өзі сатып алып, өзі ұқсатса тиімді болады. Қазір бізді тығырықтан шығарып тұрған инвестор ғана. Мен шаруашылыққа барғанда жүрмей тұрған екі К-700, үш МТЗ болатын. Қалған техниканы сатып алдым. Лизингке техника алып ақшасын өтеп жатырмыз. 2027 жылға дейін 100 млн. теңге шамасында төлейміз. Жалпы шаруашылықта өсу динамикасы бар. Техника сатып алынды. Күріш атыздары тегістелді. Каналдар тазартылды. Қашыртқылар қазылды. Су жүретін құрылғыларды үш жыл бойы жаңарттық, жөндедік. Алғашқы айналымнан шыққан 300 гектар жер қайта іске қосылды. Егін егудің мүмкіндіктері артып келеді. Жер тегістеліп, барлық қажетті минералдық тыңайтқышпен қамтамасыз етілгеннен кейін жоғары көрсеткішке жетеміз.

– Жуырда ғана Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бөлінетін бюджет қаражаты тиімді жұмсалмайтынын атап көрсетті. Мысалы, 2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияның тең жартысы субсидия алам деушілердің 10 процентінің ғана қолына тиген. Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны. Оның үстіне, субсидия беру жүйесі өте күрделі және қажетті мәлімет көпшілікке қолжетімді емес. Субсидия бөлуді реттейтін жаңа цифрлық жүйе бұл түйткілді шеше алмай тұрғанын ерекше атады.

– Бұл өзі көптен бері шешімін таппай келе жатқан проблема. Заңды бұзғандардың көпшілігі қазір жазасын өтеп жатыр. Әңгіме көп. Барлығын бірдей жамандауға болмайды. Кейбіреулер «жылда субсидия алып директорлар байып жатыр» деген әңгімелер айтады. Ілгері жылжушылық бар. Біршама тәртіп орнады. Алайда кемшін тұстар әлі көп. Субсидия деген ол шаруашылықтың сатып алған тыңайтқышы мен тұқымының, жұмсалған суының, яғни шығындарының бір бөлігін жабуға берілетін қаражат. Ол директордың шотына емес, шаруашылықтың шотына түсіп шаруашылықтың жұмыстарына жұмсалады. Оның өзі сенің алған тыңайтқышыңа, тұқымыңа, суыңа толық есептелмейді. Сен 100 пайыз ақшасын төлейсің сосын ғана ол соның 50 пайызын саған қайтарады.

– Президент сол кездесуде гидротехникалық нысандардың әбден тозғанын ерекше атады. Сонымен бірге ел халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту тұрғысында бірқатар мәселелер көтерді. Әсіресе, ауыл тұрғындарының ауыз су сапасын жақсарту туралы келелі мәселе қойды. Бұл тұрғыда ауылдағы жағдайды қалай сараптан өткізер едіңіз?

– «Ақжарда» ауыз су мәселесі толығымен шешілген деуге болады. Елдегі 450 үйдің барлығына үйіне дейін ауыз су кіргізілген. 8 көшені асфальттау біршама кешіктіріліп келе жатқанына қарамастан жалпы әлеуметтік тұрмыс жағдайымыз бөтен емес. Үш ауылға қажетті фельдшерлік-акушерлік пункт алдағы кезеңде салынады деген үмітіміз бар. Мемлекет жалпы алғанда ауыл мен қаланың тұрмыс тіршілігін біршама жақындату жөнінде шараларды қолданып жатыр. Мен айтар едім, қалалықтармен тұрмыс жағдайымыз жақындасып келеді. Мәдениет үйі бар, жетпейтіні үлкен супермаркет демесеңіз, соңғы жылдары көп нәрсеге қолымыз жетті. Менің ойымша өркениет дамыған сайын оның бір игілігі елге де жетті. Әрине, проблемалар көп. Сол жиында Президент олардың бірқатарын атап көрсетті. Президенттің тағы бір басымдық берген мәселесі – ауылды жерлерде табыс пен тұрмыс сапасын арттыруды ерекше бақылауда ұстау керектігін айтты. Бұл орайда Үкімет ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлемекші.

Сондай-ақ, Президент ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін жекелеген өңірлердің табысты тәжірибесін ескеру керектігін тағы еске салды. Ең шалғайдағы ауылдық округтерге микрокредит беру және жеке қосалқы шаруашылықтарға кепілдік беру, сервистік-өткізу кооперативтерін ынталандыру сияқты мемлекеттік қолдау құралдары туралы ақпаратты жеткізу маңызды. Әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және жолдарды жөндеу арқылы ауылдың тұрмыс сапасын жақсарту – әкімдердің басты міндеті екенін, ауыл тұрғындарының таза ауыз сумен және тұрақты электр қуатымен толық қамтамасыз етілуге тиіс екендігін, сондай-ақ мобильді байланыс және интернет қолжетімді болуы керектігін, елге қаптаған статистика емес, нақты нәтиже, жылдам интернет, сапалы байланыс қажеттігін атап көрсетті.

Әрине, бұл шаруалар бір жылдың міндетіндегі тірлік емес. Уақыт өте келе барлығы орнына келеді деп ойлаймын. Меніңше Президенттің атап өткеніндей, жергілікті өзін-өзі басқару стратегиясы орынды жүзеге асқан жағдайда барлығына қол жеткіземіз.

– Ертеректе шығыс ғұламаларының бірі Жүсіп Баласағұн «Өмірде сіз ұқыпты, қимылыңыз есептеулі, өз-өзіңізге қатал болсаңыз ойлаған арманыңа жетесіз. Жұртқа берген ақыл-кеңесіңді өзің орындасаң, төңірегіңдегілердің қателіктеріне кешірімшіл болсаң биікке ұмтыласың» депті. «Есі бар адам өмірге бейімделеді, ессіз адам өмірді өзіне бейімдегісі келеді» деген бір ғұламаның сөзін және есіңізге салып көріңіз. Шәкәрім «Адамдардағы нысап, әділет, мейірім – үшеуін қосқанда мұсылман түсінігінде ождан деген ұғым туады» депті. Сізді елдің айтуы бойынша кітапты, газетті жібермей оқиды дегенді естимін. Өзіңізді бұл өмірде қызықтыратын не?

– Мұхаммед пайғамбардың хадистеріндегі «Бір сағат ілім үйрену бір кеш бойы құлшылық етуден жақсы, бір күн бойы дәріс алу – үш ай ораза тұтқаннан жақсы» деген ұстаным мен үшін өмірлік қағида болып есептеледі. Білімді адамның алды ашық, ортада беделің болады. Жақсылық пен жамандықты жақсы сезінесің. Ал білімді болсаң имандылық өзінен-өзі туындайды. Иманды болған сайын көп нәрсені білгің келеді. Ең бастысы діни сенім мен ой тазалығы, сөз тазалығы басым болса жетістікке жетесің. Өзің дұрыс болмай жылтыраған насихат сөзді айтсаң ел теріс айналады. Ең дұрысы сенімнің болғаны жақсы. Мәшһүр Жүсіпке бала көтермей жүрген бір әйел: «Тұмар жазып беріңіз, септігі тиер ме екен», – деп өтініпті.

Тұмарды алған соң екі ұлды болған әйел, оны қастерлеп сақтапты. Қартайып, өлерінде тұмарды балаларына тапсырып жатып, осы тұмарды алған соң олардың дүниеге келгенін айтыпты. Бірнеше жылдардан кейін екі ұл тұмарды ашып оқыса, ондағы дұға араб қарпімен жазылған: «Я, Алла, мені Мәшһүр Жүсіп етіп жаратқаның рас болса осы әйелге бала бер», – деген сөздер екен. Сенімнің күші деп осыны айтпаймыз ба?!

«Қиянаты бардың иманы жоқ», – депті Шәкәрім қажы. «Қазақ тілінде «таза» адам деп үсті-басының тазалығын ғана емес, ар-ұятының тазалығын айтады», – деген екен Ғабит Мүсірепов.

Оқығанда осының барлығын басшылыққа аламын, ұстанымым десе де болады. Елде өстім, ел мені өсірді. «Ақжарда» туып өстім. Жамбыл гидромелиоративтік институтын бітіріп, ауданның шаруашылықтарында өндіріс бригадирі, отряд басшысы, бас гидротехник, бас агроном, директордың орынбасары, аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы, ауылдық округ әкімі қызметінде жүріп көп тәжірибе жинақтадым. Өмірден көрген-түйгенімді, тәжірибемді елдің өсіп-өркендеуіне жұмсап жүрмін. Осылардың бәрі мені алға жетеледі.

Әңгімелескен Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<