Жұмыс барысын саралады

507

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаладағы бірқатар әлеуметтік және өндірістік маңызы бар нысандарға барып, жұмысын саралады.

Алдымен аймақ басшысы әуежай терминалының жұмысын көрді. Стенд арқылы негізгі жұмыспен танысты.

Жерлесіміз, меценат Болат Өтемұратов қоры жаңа әуежай құрылысын салуға ниет білдіріп, сағатына 300 жолаушы өткізуге есептелген заманауи әуежай терминалын қызылордалықтарға тарту етеді. Жыл соңына дейін құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасы аяқталады.

Мұнан соң облыс әкімі Қызылорда қаласындағы су торабының қайта жаңғырту жұмысын саралап, мамандармен тілдесті.

Қайта жаңғырту жұмыстарына бюджеттен 1 млрд.260 млн. теңге бөлінді. Жұмыстар толық орындалған жағдайда Қызылорда су торабынан төменгі ағысқа 1200 м³/с-тен 1900 м³/с-ке ұлғаятын болады.

Әрі қарай Нұрлыбек Нәлібаев бір жыл бұрын сенімгерлік басқаруға берілген М.Ықсанов атындағы колледж ғимаратын аралады. Сенімгерлік басқарушы ЖК «Шакенова» ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, материалдық-техникалық базасын жаңартты. Қазіргі таңда оқу орнында 192 студент білім алуда.

Мұнан кейін аймақ басшысы «Мағжан и К» және «Абай-Дәулет» компаниясы зауыттарының жұмысымен танысты. Қызылорда облысы республика бойынша күрішке деген сұранысты толық қамтыса, экспортқа шығарылатын өнімнің 92 пайызын Сырдың ақ маржаны құрайды. Облыс әкімі Президенттің, Үкімет басшысының қолдауы негізінде су көлемі биыл былтырғы жылдан жоғары болғанын тілге тиек етті.

Қаладағы нысандарды аралау барысында облыс әкімі шыны зауытына да барды.

Бүгінгі күні негізгі жұмыстар аяқталды. Қалған жұмыстар бойынша – зауыт маңайын абаттандыру, іске қосу актісін және шығаратын өнімге тиісті рұқсат құжаттарын алу жүргізілуде. Бұл мәселелер де Штаб отырысында қатар қаралып, мемлекеттік органдармен бірлесіп шешілуде.

Технологиялық талаптарға сәйкес пеш 1400 градус температураға дейін бірте-бірте қызатын болады.

Өнім шығару үшін қажетті шикізаттық материалдардың барлығы жеткізілді. Өндірісте жергілікті шикізат – Аралдың кварц құмы қолданылатын болды.

Облыс әкімі жоспарға сәйкес алғашқы әйнекті қазан айының ортасында шығаруды тапсырды.

©Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<