Роза Башарова еңбек жолын қалалық балалар ауруханасында бастап, одан кейін №5 емханада аймақтық мейірбике болып жұмыс істейді. 2015 жылы осы емхананың емдеп-қадағалау кабинетіне ауыстырылып, онда химизатор болады. Он жылдай туберкулезбен ауыратын науқастарды бақылап, қадағалап олармен тікелей жұмыс істеуіне тура келді. 57 жасында зиянды еңбек еткені үшін арнаулы әлеуметтік төлемге ие болды.
– Негізгі мамандығым – мейірбике. Бірақ көп жыл зиянды еңбекте жұмыс істедім. Өкпе ауруына шалдыққан науқастармен тікелей байланыста болып, олардың денсаулығын бақылап отыру міндетім еді. Мекеменің кадр бөлімі әлеуметтік төлем алуға болатынын айтып түсіндірді. Өткен жылдың сәуір айынан бастап осы көмекке іліктім, – дейді ол.
Дерекке жүгінсек, елімізде Роза апай секілді 470 мыңнан астам адам зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп жүр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 16,6 пайызға көп.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеген қызметкерлерді әлеуметтік қолдау үшін арнайы төлем енгізілді. Оны алу үшін 55 жасқа толуы және кемінде жеті жыл бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленуі қажет. Бүгінгі таңда 14 мыңнан астам қызметкер зиянды еңбек жағдайындағы жұмысын тоқтатып, арнайы төлем алуда.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстан кәсіпорындарында жыл сайын 1400-ден астам жазатайым оқиға тіркеледі, оның ішінде шамамен 200 оқиға адам өлімімен аяқталады. Ең көп жазатайым оқиға тіркелетін салалар – тау-кен металлургия кешені (15,3%) және құрылыс саласы (12%).
Өндірісте адам өлімі азаймай тұр
Өткен жылдың қорытындысы бойынша құқық қорғау органдарына 1042 жазатайым оқиға туралы материал жолданып, олардың негізінде 215 қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, елімізде 7,7 мыңнан астам өндірістік нысан аттестациядан өтті. Биылғы I тоқсанның қорытындысы бойынша 1940 адамға арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды. Оған 1957 адам өтініш білдірген. Министрліктің баспасөз қызметінің айтуынша, екі көзден төленетін арнаулы әлеуметтік төлемге (республикалық бюджет және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) 128 адам жүгінсе, оның 127-не арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды.
Төрт қаржыландыру көзінен берілетін АӘТ (республикалық бюджет, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, жұмыс беруші және өмірді сақтандыру ұйымы) тағайындауға 1829 адам өтініш білдіріп, оның 1813-не тағайындалған. Алайда міндетті шартқа сәйкес келмегендерге төлем берілмейді.
Өңірлер бөлінісінде арнаулы әлеуметтік төлемге өтініш білдіргендердің ең көбі Қарағанды (2 көзден 17 адам, 4 көзден 217 адам), Шығыс Қазақстан (2 көзден 16 адам, 4 көзден 180 адам) және Қостанай (2 көзден 2 адам, 4 көзден 180 адам) облыстарында тіркелген.
– ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес жұмыс берушілер кәсіптері мен қызмет түрлері еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесіне енгізілген жұмыскерлер үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады, олардың 2,3 мыңнан астам позициясы бар. Осылайша, арнаулы әлеуметтік төлемді экономиканың 17 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде, өзге де салаларда жұмыс істейтін қазақстандықтар ала алады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік төлем 13 568 адамға, оның ішінде 2 көзден 3 093, 4 көзден 10 475 алушыға тағайындалды. Төлемнің орташа мөлшері 208 мың теңгеден асты, – дейді министр Светлана Жақыпова.
Өкінішке қарай, өндірістегі адамдардың жарақаттануы мен өлімі әлі де азаймай отыр. Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішінде болған қайғылы жағдай соған дәлел. Әсіресе, 2021-2023 жылдары жазатайым оқиғалардың саны артқан. Олардың 80 пайыздан астамы ірі және орта өнеркәсіп орындарында болған. Төтенше оқиғалардың 44 пайызы Қарағанды, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарына тиесілі.
Облыста 550 адам төлем алады
Жалпы арнаулы әлеуметтік төлемді кімдер алуы тиіс? Облыс бойынша қанша адамға тағайындалған? Осы сауалдарды Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің облыс бойынша департамент басшысы Бекболат Шәріпбековке қойған едік. Айтуынша, төлемдердің мөлшері жыл сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуімен индекстеледі. Ол зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін төленеді, содан кейін жасына байланысты зейнетақы, базалық және жинақтаушы зейнетақы төлемдері тағайындалғаннан кейін тоқтатылады.
– Арнаулы әлеуметтік төлемдер – еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерді қорғау құралдарының бірі. Сондықтан, төлем алушы еңбек жағдайлары зиянды жұмыспен айналыса алмайды. Егер төлем алушы еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарға қайта орналасса, онда барлық көздерден автоматты түрде тоқтатылады. Облыс бойынша 2025 жылдың сәуіріне дейін барлығы 550 адамға (оның 459-на қаржыландыру 4 көзден, 91-не 2 көзден) арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалып, берілуде, – деді ол.
Сонымен қатар департамент қызметкерлері облыстық бақылау жөніндегі басқармасы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының облыстық филиалы, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының облыстық филиалы және мемлекеттік аннуитеттік компания филиалы өкілдерінің қатысуымен арнаулы әлеуметтік төлем туралы облыстағы кәсіпорын ұжымдарымен кездесіп, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Атап айтар болсақ, өткен жылы «РУ-6» ЖШС, «Қызылқұм» ЖШС, «СКЗ-U» ЖШС, «Байкен-U» ЖШС, «Аралтұз» АҚ, «Арал аудандық көпбейінді орталық ауруханасы» ШЖҚ КМК, «Сырдария аудандық көпбейінді орталық ауруханасы» ШЖҚ КМК, облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық мекемелер, «Торғай-Петролеум» АҚ, «Ақшабұлақ» кен орнындағы «ҚазГермұнай» БК» ЖШС секілді тағы басқа бірнеше еңбек ұжымдармен кездескен.
Ал биыл І тоқсанда прокуратура органдары, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыс бойынша департаменті және мемлекеттік аннуитеттік компанияның облыс бойынша филиалы өкілдерінің қатысуымен ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»