Сән-салтанаттың салығы да салмақты

590

0

Бұған дейінгі Президент Жолдауларында негізінен саяси реформаларға басымдық берілсе, бұл жолғы тарихи құжат еліміздегі саяси жаңғырудың экономикалық өзгерістерге ұласуына бастау болмақ. Солардың қатарында салық реформасына қатысты бірқатар тапсырмалар бар. Елең еткізген бір жаңалық – сән-салтанатқа салық салу.

«Салық реформасы аясында сән-салтанатқа салық салуды енгізген жөн. Мұның орта тапқа қатысы жоқ, бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады» деді бұл жөнінде Президент. Негізінде мұндай салық, яғни байлыққа салынатын салық дамыған мемлекеттерде бұрыннан қолданылып келеді. Сондықтан кімнің аса қымбат көлігі, зәулім сарайы, қымбат әшекей-бұйымы бар, соған салық салу – дұрыс әрі тиімді шешім.

Ал енді мұндай салық елімізде қай уақыттан бастап енгізілмек? Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілетін Салық кодексінде сән-салтанат салығы көрініс табады. «Біз оны 2023 жылдың қыркүйегіне дейін пысықтап, содан кейін Мәжіліске енгізуіміз керек. 2023 жылы заң қабылданып, 2024 жылдың басынан бастап күшіне енеді деп үміттенеміз» деді Қаржы министрі.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың түсіндіруі бойынша «Сән-салтанат салығы белгілі бір құны қымбат, тіпті инвестициялық құны бар жылжымайтын мүлік, көлік және басқа да сән-салтанат нысандарына қолданылады. Құнына байланысты үдеме болады. Мысалы, яхталар, спорттық автомобильдер, шетелдік виллалар, жеке ұшақтар. Бұларға сән-салтанат салығы қолданылады. Шартты түрде жоғары салық салынатын көлік құны 100-150 мың доллардан басталады, одан да жоғары болуы мүмкін. Жылжымайтын мүлікке де қатысты, ол сәйкесінше жоғары бағаланады. Жылжымайтын мүліктің өзі жылжымалы мүлікке қарағанда қымбатырақ».

Бұл салық түрі орта тап өкілдеріне қатысы болмайды. «Байлық салығы» бағалы яхтасы, жеке ұшағы бар адамдарға салынады. Әрі бір емес бірнеше элиталы жылжымайтын мүлігі бар, көлігінің құны 100 мың доллардан асатындар еселенген салық төлейді.

Бірақ мұның бәрін айқындап алу керек. Бұл мәселеде біраз қиындықтар туындауы ықтимал. Өйткені, алдымен кімнің қанша табыс табатынын біліп алу керек еді. Ал бізде жалпыға бірдей декларация әлі толық жасалып біткен жоқ.

Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаеваның айтуынша, алдағы уақытта Президент тапсырмасы бойынша жұмыс тобы құрылып, бұл мәселе жан-жақты талқылаудан өтеді. «Әділет министрлігі мен Ішкі істер министрлігінде мүлікті рәсімдеу процесі жүргізіледі. Республика бойынша жылжымайтын мүлік деректері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында сақтаулы. Осы ұйым жыл сайын азаматтардың мүлік салығын төлеу үшін бізге тиісті ақпарат береді. Мемлекеттік кіріс органдары құнына байланысты тиісті мүлік салығын белгілейді. 2022 жылдың 1 қазанында 2021 жылдың мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады. Аталған уақытқа дейін төленбесе, өсімпұл тағайындалады. Осы ретте жаңадан енгізілетін сән-салтанат салығының іске асуына біз де қатысамыз. Бірақ оның әлі нақты тұжырымдамасы енгізілген жоқ. Президент тапсырмасы бойынша өте үлкен сомадағы қымбат мүліктерге салық салу айтылған болатын. Бұл туралы ақпарат бізге Әділет министрлігі арқылы келуі мүмкін», – дейді А.Сартаева.

Қазіргі күні жылжымайтын мүлік құны қымбаттап кеткенін жақсы білеміз. Мәселен, Астана мен Алматыда бір бөлмелі пәтердің бағасы  20 млн теңгеден бастау алады. Екі-үш бөлмелі пәтер бағасы бұл сомадан екі есе артық екені түсінікті. Сонда сән-салтанат салығына жатқызылатын дүние мүліктің бағасы қанша болуы керек?

Сарапшылар мұның бәрі есептелетінін келтіреді. Мысалы, аумағы 300 шаршы метрден асатын элиталық үйі болса, ол салықты көбірек төлейді. Үйдің аумағымен қатар құрылыс материалының сапасы да ескерілуі тиіс. Көліктің маркасы мен көлемі, қуатына қарай салық көлемін арттыруға болады.

Бірақ бізде табысын жасырып қалудың түрлі айла-амалы бар екенін де естен шығармауымыз керек. Өзінің «көлеңкелі табысын» жасыру үшін мүліктерін туған-туысына, құдасы мен алыс ағайынының атына аудару секілді әрекеттер де болатыны жасырын емес. Мұндай жағдайда құзырлы органдардың өзі ешқандай әрекет қолдана алмай қалуы мүмкін.

Міне, осындай мәселелердің бәрін келесі жыл соңына дейін реттеп алу міндеті тұр. Иә, тиісті мемлекеттік органдар бұл бағытта біраз шаруаларды атқаратын болады. Оған дейін декларация тапсыру тиіс тұлғалардың тегіс тапсырып бітуін қамтамасыз еткен жөн.

Сән-салтанат салығын енгізудегі мақсат – бай адамдардың мемлекетке төлейтін салығын байлығына сәйкес көбірек төлеуін қамтамасыз ету. Біздің елімізде мұндай санатқа жататын адамдар онша көп те болмауы мүмкін. Алайда, Жаңа Қазақстан құруды мақсат тұтып отырған шағымызда мұндай нәрселердің өзі жолға қойылуы қажет.

Мемлекет басшысының 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жасаған Жолдауы да «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп  бекерден- бекер аталмаса керек.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<