Қазақтың Қалтайының қазақ емес достары

758

0

Ауылда оқып, қазақтың ұлттық әдет-ғұрпын бойы­на сіңіріп өскен Қалтай Мұхамеджанов орыс халқын алғашында олардың жазушыларының қазақшаға аударылған шығармалары арқылы таныды. Екі жоғары оқу орнын (Қызылорда пед­институты мен Ташкенттің өнер институты) екі курс­тан шегіншектеп оқыған Қалағаң Мәскеудің А.Н.Луначарский атындағы ГИТИС-ін «Театр тарихы мен теориясы» мамандығы бойынша үздік бітірді. «Халық жауының» баласы деген таңбасы өмір жолында біраз қиыншылықты алдына тартқанмен, 1,5 ғасырға жуық тарихы бар  осы оқу орнына түсуіне де сол таңбаның оң себебі болғаны жасырын емес. 

Қалағаңның көп­теген орыс достарын табуы осы ГИТИС қабырғасынан бастау алады. Оның Ташкенттен Мәс­кеуге ауысуына ақыл беріп, көмегін тигізген ұстазы, профессор Морозов Михайл Михайлович (1897-1952 ж.ж.). Ол – әдебиетші, шекспиртанушы ғұ­лама ғалым, МГУ мен ГИТИС-те көп жыл дәріс оқып, талай талантты өнер иелеріне өмірлік жолдама берген ұстаз. ГИТИС-те Қалағаң белгілі театр сыншысы, театртанушы Юрий Сергеевич Рыбаковпен (1931-2006 ж.ж.), Ю.Нехорошевпен (1925-2016 ж.ж.), т.б. орыс достарымен бірге оқы­ған. Ұлттары бөлек болғанымен, шы­ғар­машылық көзқарастары жақын, олар­мен ұдайы байланыста болды. Ю.Нехорошевтің «Художник» жур­налының бас редакторы, кейін  «Известия» газетінің арнаулы тілшісі болуы, Қалағаңның кеңестің жоғары деңгейдегі ақпа­рат құралдарына еркін шығуына мүм­кін­дік берді. Қалағаң оқыған курсқа 1939 жылдан бастап өнертану ғылым­дарының докторы, про­фессор, театр сыншысы Павел Алек­сандрович Марков жетекшілік етіпті.

Қазақстанда бірінші Мәдениет ми­нистрі Қайырғали Байғалиевтің ша­­қыруымен жоғары лауазымды қыз­­метке келгенде де, ұстазы П.А.Мар­­ковпен байланысын үзбей, ұс­таз­­дық кеңестерін алып отыратынын жиі ес­ке алады Қалағаң. Осы кезде театр эн­цик­лопедиясының бас редакторы П.А.Мар­ковтың Қалағаңа демеушілігі де аз болмаса керек. Шың­ғыс Айтматовпен бірге жазған «Көктөбедегі кездесу» спектаклі Мәс­кеудің «Современник» театрында (1973 ж.) бі­рінші рет қойылуы, Қалағаң мен Шың­ғыстың орыс достарының қол­дауымен жүзеге асқандығы тарихи шындық. Театрдың көркемдік же­текшісі, бұрыннан дос әрі сыйлас  Га­лина Волчек оның сәтті шығуына көп еңбек етті. Спектакльдегі басты рольдің бірінде Қалекеңнің досы Олег Табаков (1935-2018 ж.ж.) ойнайды. Қалағаңмен арадағы сыйластығы мен достығының дәлелі ретінде өз қолымен жазған лебізі де бар.

Қалағаңның бабасы Күдері қожа Көшекұлы, әкесі Мұхамеджан – бел­гілі ақындар. Содан да болар, оның ақын достарына деген ықыласы ерекше. Солардың бірі – суырып салма ақын Виктор Аркадьевич Урин (1924-2004 ж.ж.). Ол – жиырмадан аса кітаптың авторы. Алғашқы кітабы 14 жасында жарық көріпті. В.Уриннің соғыс кезінде шығарған (өзі де соғыс ар­дагері) «Лидка» атты шығармасы бар­лық майдандағы солдаттардың сүйіп айта­тын өлеңіне айналған.

Қалағаңның архивтерін ақтара оты­рып, қолыма қашан аударғаны белгісіз, тек фамилиясын ғана көр­сеткен сар­ғайған бірнеше парақ түс­ті. Бұл ақын Степан Петрович Щи­пачевтің (1899-1980 ж.ж.) өлең­­дері екен. Ол – екі дүркін ста­линдік сыйлықтың иегері Свердлов облысының Щипачи селосында өмірге келген, ұмытылып бара жатқан ақын. Оның 1946 жылы жазылған мына өлеңін Қалағаң:

Кімді сүйсең, ол да сүйсе

жаның бір,

Қос жүрекке айтар жалғыз тілегім:

«Сенім менен адалдықты қорғай жүр. Онсыз өмір тұл екенін білемін» деп аударыпты. Осы бір өлең жолдарынан аударманың өте сәтті шыққанына куәгер боласыз. Ал Қалағаңның ел есінен шығып бара жатқан ақынның жанына үңілуі оның көміліп бара жатқан бұлақтың көзін ашуға құштарлығын, кейінгі жастарға деген ағалық шексіз қамқорлығын меңзегендей. Ә.Әбішовке жазған ашық хатында өзінен кейінгі 43 та­лант­ты інісін атауы, оларға деген се­німі – сөзіміздің дәлелі.

Ш.Айтматов пен Қалағаңның «Көк­­төбедегі кездесуі» КСРО-ның 50 жылдығы қарсаңында Галина Вол­­чектің алғылауымен Мәскеудің «Сов­ременник» театрында қойылып, әлемді шарлап кеткені белгілі. Бірақ өзі­міздің «ауылдағының аузы сасық» дей­тінді аңсайтындар спектакльдің қа­зақ сахнасына келуіне барынша ке­дергі жасап бақты. Осы кезде аттарын айға балайтын, әлем танитын өнер қайраткерлері: К.Симонов (Извес­тия), Е.Сурков (Правда), В.Максимов (Вечерняя Москва), В.Панкин (Комсомольская правда), В.Левин (Советская культура), т.б-ның одақтық басылымдарда шыққан тартымды, танымдық мақалаларында шығарма жоғары ба­­ға­ланды. Соның өзінде де аталмыш қойы­лым М.Әуезов атындағы мем­лекттік ака­демиялық театр сахнасына үш жылдан кейін (1975 ж.) жетті.

Бізге жеткен Қалағаңның достық әзіл ретінде салынған суретіне елуден аса ұлт өкілдері, аттары әйгілі Мәскеудің әртістері қолтаңба қал­дырғаны беделінің биік екенінің көр­сеткішіндей.

Қалағаңның өмір тарихын, шығар­ма­шылығын зерделей түссек, кезінде КСРО-ға қараған көптеген ұлттардың уәкілі, жазушы достары менмұңдалап алдымызды кес-кестей береді. А.Ф.Го­­­ловинскийдің Қалағаң жайлы «Айтшы, сенің досың кім?» атты де­ректі фильмінде Расул Гамзатов, Давид Кугультинов, Мұстай Кәрім, Кайсын Кулиев, Мирзо Турсун-Заде, Шыңғыс Айтматов, т.б. жылы, шынайы шындыққа негізделген лебіздері оның еңселі бейнесін онан сайын ас­қақтата түседі.

Қалағаң шығыс әдебиеті тари­хының білгірі еді. «Халық жауының» баласы деген көпке дейін ізінен қал­маған таңбаның кесірінен Ташкент университетінің парсы-араб тілі ма­мандығына қабылданбағанымен, ты­нымсыз еңбегі арқылы бұл саладан мақұрым қалған жоқ. Келешек көк­жиегін алыстан болжаған ол «Заман-Қазақстан» газетін ашып, оған бас­шылық жасап, Шығыс елдерінің есігін ашуға мүмкіндік алды. Азия-Африка континенттерінде өткен халықаралық конференцияларға қатысып, тартым­ды, ғылыми баяндамалар жасап, көп­теген шығармашылық достар тапты. «Мың бір түнді», С.Айнидің «Құлдар», Айбектің «Киелі қан», Б.Рахмоновтың «Жүрек сырлары», А.Қаһардың «Ауру тістер», Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Ана», «Арманым, Әселім», «Ақ кеме», т.б. шығармаларын шебер тәржімалап қазақ оқырмандарына жеткізді. Сөйтіп өзінің ел тамсандыратындай талантымен әлемнің барлық құрлықтарынан шынайы шығармашылық достар тапты. Олар: орыс Ю.Бондерев, кубалық ақын Николас Гильен, неміс Герольд Бельгер, грузиндер И.Абашидзе, Н.На­­жашвили, түріктер Азиз Несин, Бе­­кир Илдиз, араб Әли Арсан, т.б.

Адамзаттың Айтматовы қазақтың Қалтайы туралы: «Біздің елде жақсы жазушы көп. Әйтсе де, жазу-сызудың ауқымдық жинақтаушылық тәсілін, прозаиктің қалт етпес дәлдігін, ақын­ның әсершілдігі мен әуезділігін, фи­лософтың сарабдалдығын қатар мең­герген және оның сыртында әртістік іштей түлеу қабілетін дарытқан адам ғана пьеса жасай алады. Сондықтан да бізде нағыз драматургтер тым аз, ал мен Қалтай Мұхамеджанов досымды сондай дегдарлар санатына қосамын» деп Қалтай творчествосын әдебиет пен өнердің әлемдік мінберінен жо­ғары бағалады.

Қорыта айтқанда, Қ.Мұхамеджа­нов шығармашылығының тереңдігі мен жан-жақтылығы, көтерген проб­лемаларының ауқымдылығы, сирек кездесетіндігі, басқа ұлттардың да өміріне ой салатындығы, оларды жа­ңа мақсаттарға жетелейтіндігі жо­ғарыда біз атап үлгермеген көпұлтты достарының шығармалары әсе­­рі­нен де болса керек. Елбасы Н.Ә.На­зарбаев Тәуелсіз Қазақстанның әлеу­меттік-экономикалық, саяси да­муы­ның ке­пілі әрі мүмкіндігі оны мекен­деген әртүрлі ұлттар мен ұлыс­тардың ауыз­біршілігінде екенін әр­кез еске салып отырады. Қазақтың Қалтайы да өзінің саналы өмірінде Елбасының осы ұстанымынан тай­маған. Иә, қазақтың Қалтайының қа­зақ емес дос­тары  да жетерлік екен.

Қазбай Құдайбергенов,

ҚМУ-дың профессоры, Қалтай Мұхамеджанов  кітапханасының ғылыми кеңесшісі.     

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<