Магнитофон машақаты

424

0

Жаңа жыл жақын қалған. Сол күнгі бешірде магнитофон табу менің міндетім еді. Күні бойы қора тазалап, нағашымның көңілінен шығу үшін жарбақтап жүрмін. Олай етпеске амалым жоқ, өйткені, ең тәуір магнитафон да, тамаша әуенді кассеталар да сонда. Он біріншіні тәмәмдауға таяу уақытта мұндай қызықты сәттер музыкасыз болмайтыны тағы белгілі.

Нағашым да не сұрайтынымды іші сезеді. Сезе тұра аямай жұмсайды. Қорадан соң алты құшақ отын бұтау керектігін айтты. Ау тараштап, арықтан суат ою керектігін де ескертті. Бұлтақтауға әсте болмайды мұндайда. Магнитофон қолға түспеуі мүмкін. Ал ол болмаса, сыныптағы ұл-қыз алдында абыройсыздыққа қаларың әбден мүмкін. Мүмкіні несі, сыртыңнан көк есекке мінгізіп, кейбірі көзіңді бақырайтып қойып, әбден сөгуі ықтимал.

Айтпақшы, бұл вечердің бар қаржысы 200 теңге (қазір 200 теңгеге бір литр кока-колаң да түспейді екен ғой). Жоға, адам басына жинаймыз. Мен бермеймін. Неге дейсіз бе? Қызықсыз, зіңкілдеген даусы жер жарар екі кассеталы магнитафон апармаймын ба?! Ол кезде вечерге үй берген не осындай магнитофон тапқан адам осындай жеңілдікке бірден ие болады. Іштей ойланамын, одан сол ақшасын беріп, дайын асқа тік қасық ретінде дастархан басында отыра салу керек те ме еді?! Мұздай күні мұрнымнан суым сорғалап, нағашыма кіріптар болмас едім.

Не керек, нағашекеңнің көңілінен шықтық. Біраз ескертумен магнитафон қолға түсті. Тіпті он екі волттық «әкіміләтірді» де қосып алдық. Өйткені, түнгі он екіден кейін аудан орталығы – Арал жақ светті жалп еткізіп өшіріп тастауы мүмкін.

– Бәлс билейсіңдер ме?

– Енді… Өзімше ұялғандай болдым.

– Мұрынбоқ, би құмарын. Мә, мына кассетте тәуір орысша өлеңдер бар. Мынау – зарубеж. Мынау Мейрамбек пен Тоқтардың өлеңдері. Бірақ, бұл қажет емес шығар.

– Кеше Қазалыдан әкелген өзбекше кассетіңді берші. Билеуге керек.

– Ол нобый ғой. Нағашым басын қасып тұр. – Жақсы ал. Түгелдеп қайта әкел бәрін. Свет сөнсе, аккумуляторды дұрыстап жалға. Плюс, минусын ажырата аласың ба өзің. Жанып кетсе, жаныңды алам.

– Жақсы, жақсы.

– Адам баласына ұстатпа. Өзің қосып, кассеттерді ауыстырып алмай, ие бол. Қай күнгі 82-лердің отырыспасында бір кассетімді ауыстырып жіберіпті. Ізін де таппай қалдым.

– Жарайды…

Көңіл бірленсе адам баласы шаттыққа кенеледі. Рас. Ауыл ішінде абыройы бар магнитофон бес-алтау шығар. Соның біріне қолың жетсе, бүгінге вечерде Ерекеңнің біраз адамға өктемдігі жүреді ғой.

Бақшабайдың үйінде болатын жаңа жылдық отырыс аса құпия түрде болмақ. Себебі, тәрбие завучы Бейбіттің құлағына бұл хабар тисе, иә, оны ойлаудың өзі қорқынышты. Тарамыс саусақтарын бүгіп алып, үлкен әлдебір тасы бар сақинасымен төбеңнен нұқып тұрып, мұғалімдер кеңсесінен бір-ақ шығарады. Әке-шешеңді шақыртып, класс жетекшіңмен қосып быт-шытыңды шығару – Бейбіт апайға тым таңсық дүние емес. Ал бізге бұл өте қорқынышты.

Магнитафонды құшақтап, Бақшабай үйіне келсем, күнде көріп, құйрығын бұлғаңдатып жүрген жаман иті азуын көрсетіп, өзінше ырыл қосқаны.

– Ее, құры, кет! Даусымды бірден таныды. «Әә, Ереке, өзің бе, пажалыста, че то, бүгін адам көп келді, қара басып, өзіңізді танымай…».

Иттің құйрығын қос аяғының ортасына тыға, ары қарай жылыстап, мыңқылдай үруі осылай ақталғандай боп көрінді маған.

Осы кезде Баха көрінді. Баха – менің кластасым Бақшабай. Шағын бойлы, шалт қимылдайтын, кластағы ең суретші ұл еді. Дене шынықтыру сабағында сапта ең соңында тұрғаны болмаса, допты да тәуір тебеді. Тоғызыншыны бітіріп, Аралдағы кәсіптік колледжге кеткен оның үйіне отырыс жасауымыздың тағы бір себебі бар. Ол студент қатарында. Сондықтан мектептен кеткен бұған мұғалімдер «әй, қуаяқ, үйіңе бешір жасапсың ғой» өңеш жыртып айқайламайтынын жақсы білеміз ғой. Ұстала қалсақ, достарын қонаққа шақырған дейміз. Ал қонаққа бармау, жалпы, шақырған жерге бармау – өте ұят, тәрбиеге жат қылық емес пе?! Қу жанымызды мектеп жазасынан осылай арашалап алғанбыз.

– Келдің бе, – деді мені көріп ол. Артынша:

– Мә, біздің қыздар шетінен сұлу болып кетіпті. Мойындарында дождик. Шаштарын бұйралап, бетіне дейін әнебір жылтырақты сепкен. Обшым, суреттегідей. Бақшабайдың таңдайы таңқылдап, аузынан суы құрып тұр.

– Айтпақшы, Аралдан 20 рет атылатын салют әкелгенмін. Екі коробка пестон да бар.

– Ее, оны бешірдің продуктісінен ауысқан ақшаға біздің ұлдар аламыз деп жүр еді ғой.

– Оны білмеймін. Мен қазір мамама бір құшақ отын кіргізіп берейін. Ет пен картоп қуырып жатыр еді. Сен музыкаңды ыңғайла. Қыздар дастарқан жасап жатыр.

– Қыздардан кімдер келді?

– Ее, сол баяғы өзіміз. Мұғалімнің қыздарынан басқалары түгел, – деп ыржиды ол.

Иә, мектепте шешесі мұғалім болып істейтін кластағы қыздар мұндай түнгі іс-шарада болмайды. Олар ертеңгісін бар қызықты партада отырып, қолын иегіне сүйеген күйі аузынан суы құрып тыңдайды. Бақшабай соны айтып тұр.

Күткен вечер де басталып кетті. Дастарқанға Жаңа жыл табалдырықтан жылыстап енген соң отырамыз. Солай келіскенбіз. Оған дейін би қыздырды. Би болғанда қандай?! Өзбек-түрігі аралас кассетаны қосып кеп жібердім. Нағашым айтқан ескерту есімде. Бүгінгі тілмен айтқанда, бұл бешірде мен диджеймін. Бір сөзбен айтқанда, магнитафонға қарауылмын. Өйтпеске амалым жоқ, орнымды басқаға беріп би билеп кетсем, ол бүлдіріп алуы бек мүмкін. Барлық ұл-қыз селкілдеп билеп жүргенде қалқиып магнитафон жанында қадалып отырғаным отырған енді.

«Азар, азар, кадар кизде ни азар»… Бәлкім, қате жазып отырған болармын, құлағымда осы әуен әлі де тұр. Ара-тұра Иракли айтатын «Лондон-Париж» де бар. Әйтеуір, мен жұрт сұраған өлеңді кассетадан тауып беруге тырысамын. Ручканың көмегімен. Байғұс ручканы кассеттің қос тесігінің біріне тығып, шыр айналдырудан жалықпаймын. Өзімше бұл да бір маған берілген дәрежелі қызметтей.

Біраз уақыттан соң біреу иықтан түртеді. Қарасам, Алтошка-Алтынбек.

– Ее, не болды?! Музыка даусымен жағаласа оның құлағына айқайлап.

– Ұлдар бәліс билемейміз бе деп жатыр, – дейді ол кері қарай айқайлап.

– Ойбай, құлдық.

Дереу Рефлекстің мұңлы әнін жібердім.

«Сойти с ума от разлуки на час

Сойти с ума, вспоминая о нас

Сойти с ума…».

Әннің орта тұсына келгенді Алтошкі қайта келді.

– Әй, Ежөк…

– Ау..

– Светті өшірсең.

– Неғып өшірем.

– Біз де билейік те.

– Е, билей бер, жұрт құсап.

– Өй, – деді ол өкпелегендей рай танытып. – Бәріміз де бір-бірімізден ұялмай билер едік. Қарасай, қыздар қысылып жүр. Өшір светті.

Выключательдің жанында тұрғаным енді есіме түсті. Розеткамен бірге тұратыны белгілі ғой. Жалп еткізіп өшіре қойдым.

«Өлә», «Көтек», «Өй, мақау, неге өшірдің?», «Жақсай, қараң қалғыр, қармалап қалдық қой». Дауыстар жарты минуттай естілді. Әрі қарай музыка үніне біздің класс үнсіз еліткен еді…

Әрі қарай Жаңа жылды қарсы алып, дастарқанда ізетті түрде 35 теңгелік «тархунмен» тілек айтқанымыз, оқуға түсу мен достыққа адал болу жайлы өз түсініктерімізді талқылағанымыз, осы кеш ұмытылмас үшін Кодак атты фотоаппаратпен естелік суретке түскеніміз әлі есімде.

Бір өкініштісі, сол кеште мен билемегенмін. Дұрысы, нағашымның магнитофоны билетпеді. Өзінен де, кассетадан да көз жазбауды қатаң тапсырған бұл дүние сол заманда шынымен де қат еді. Қарауылдаған күйі, түнгі екіде үйге құшақтап қайтқанымды білем. Аманат қой. Әрі машақаты көп аманатты алып жүру үшін кейбір қызықтан бас тартуға да тура келеді екен.

Ержан Қожасов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз