«Менің Дағыстаным»

305

0

 Қаладағы С.Сейфуллин атындағы №4 ІТ мектеп-лицейінде «Менің Дағыстаным» атты тақырыпта ашық сабақ өтті. Оған 6 «Б» сынып оқушылары, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Айгүл Мұсабекқызы, Сара Адайбаева, ұстаздар мен тағылымдамадан өтуші студенттер қатысты.

  Расул Ғамзатов Дағыстанның халық ақыны. Оның жырлары қазақ жұртшылығына да жақсы таныс. «Жарық жұлдыздар», «Менің Дағыстаным» кітаптары әр қазақтың төрінде тұр. «Тау қызы» театр сахнасында қойылды. «Менің атам» – бүлдіршіндердің сүйіктісі болды. Шығармалары 1937 жылдан жариялана бастаған. «Біздің таулар», «Атамекен», «Туған жылым», «Ағаға арнау», «Дағыстан көктемі», «Жарық жұлдыздар», «Соңғы баға» жыр жинақтарында, «Әкемен тілдесу», «Тау қызы», «Ананы аялаңдар» поэмаларында туған жердің сұлулығын, халық даналығын, ұлттық дәстүр ерекшелігін сүйіспеншілікпен жырлаған. «Жарық жұлдыздар», «Менің атам», «Тырналар» атты поэмалар мен өлеңдер жинағы, «Менің Дағыстаным» повесі қазақ тілінде жарық көрген.

 Ашық сабақ барысында оқушылар үш топқа бөлініп, «Менің Дағыстаным» шығармасының мазмұнын айтып, өз ойларын ортаға салды. Автордың кейіпкер арқылы туған жердің, елдің, ана тілдің қадірін ұғындырып тұрғанын жеткізді. Балалар оқиғаның идеясы, шиеленісі, шарықтау шегі мен өзегіне тоқталып, мұғалімнің дайындаған сұрақтарына жауап берді. Оқушылар отанды сүю ұлы сезім екенін және оның  қадірі мен қасиетін  бағалау керек екенін ұғынды. Туған жер, ел, ана тілі тақырыбында мақал-мәтел айтып жарысты.

 Сонымен қатар оқушылар ақынның шығармашылығына тоқталып, қанатты сөздерін оқыды. Ашық сабаққа белсенді қатысқан оқушылар ынталандыру сыйлықтарына ие болды.