Қазақ және түрік әдебиетіндегі атаулар үндестігі

417

0

Қазақ халқы өздері өмір сүрген жерге ат қойғанда кез-келген атауды бере салмаған. Бұған қазақ жерінде орналасқан елді мекендер мен тау-тасты, өзен-сулы жерлердің аталуы дәлел бола алады. Бұл үрдіс қазақ халқына ғана емес, жалпы түркі тектес халықтардың көпшілігіне тән. Мақалада қазақ және түрік әдебиетінде кездесетін ономастикалық атаулар сыры мен екі елдің поэзиясындағы ономастикалық дәстүр жайы талданады.

Қазақ – қашан да ата қонысын қастерлеп, салт-дәстүрі мен мәдениетін берік ұстанған халық. Ата-бабамыз ежелгі заманнан әр атаудың өзіндік ерекшелігі мен мән-мағынасына баса назар аударып отырған. Халқымыздың «ат қою» өнері қашан да бағаланып, дараланып тұрады. Жер-суға немесе кісі аттарын қоюда халқымыз ерекше көрегендік танытқан.

Онамастика – грек тілінен аударғанда «атаулар беретін өнер» деген ұғымды білдіретіндігі баршамызға мәлім. Жалқы есімдер жайын тексеретін ономастикалық атаулар – өз ішінде антропонимика және топонимика деп аталатын екі салаға бөлінеді. Антропонимиканың зерттеу нысанасы – кісі аттары болса, ал топонимика – географиялық атауларды зерттеу обьектісі етіп қарастырлады.

Е.Қойшыбаев ономастика ілімін үш салаға бөліп көрсетеді: «1. Топонимика

— жер бетіндегі объектілердің тілдік құрамын, мән мағыналарын қарастыратын ілім; 2. Антропонимика — адам аттарының шығу тарихын қарастыратын ілім; 3. Этнонимика — ру, тайпа, ел аттарының шығу тарихын, құралу, ыдырау процестерін қарастыратын ілім» [2; 7,8].

Антропонимика ғылымының бөлімдеріне: адамның аты-жөні, лақап аты, әке аттары, бүркеншік аты, кісінің шын аты, этноантропонимдер. Тіліміздегі есімдерінің шығуы, пайда болу тарихы да сан қилы. Есімдер атадан балаға мұра болып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып ұзақ ғасырлар бойы өмір сүреді. Есімдер арқылы еліміздің өткен тарихын, салт-дәстүрін, сенім-нанымын, тіл мен дінің және сонымен бірге көне сөздік құрамын біліп, толық мәлімет алуымызға мүмкіндігіміз мол. Мысалы: Әбілқайыр, Абылай, Қабанбай, Әлия және т. б.

Топонимика – онамастиканың жер-су мен елді мекен атауларының шығуы және пайда болу тарихын, мағынасын, таралу аймағын, қазіргі жәй-күйін, грамматикалық және фонетикалық пішінін, жазылуын және екінші бір тілге аударылуын зерттейтін, саралайтын үлкен бөлігі. Топонимдер – мағынасына, жасалу жолына, этимологиясына қарай негізгі үш бағыт бойынша зерттеледі. Зерттелетін аймақтың көлемі мен мөлшеріне қарай: макротопонимдер (тау, ойпаттар, мұздықтар және т. б.), мезотопонимдер (жеке таулар, теңіздер және т. б.), микротопонимдер (өзен, көл, тұрақ және т. б.) болып бөлінеді.

Топонимика саласын зерттеуші Е. Қойшыбаев Қазақстан территориясындағы топонимдердің құрамын, құрылымын, компоненттердің тіркесуін және тілдік бітімін ескере отырып, келесідей бес түрлі қабаттарды атап көрсетеді: «1) ежелгі тілдер элементтерін сақтап келе жатқан тым көне қабаттар (санскрит, үнді-иран тілдері элементтері: тал, ар, бал, сар, гар, кан және -ын, -ін,

-үн қосымша түрлері); 2) шартты түрдегі түркі-монғол тіл бірлестігі элементтерін сақтап келе жатқан көне қабаттар (ал, ала, бала, қар, шар, чар, кöк, бай, тоғай және -ас, -ес, -аш қосымша түрлері); 3) түркі тіл қабаттары немесе түркі тілдер семьясы құрамының ерекшеліктерін көрсететін қабаттар (й-шыл, ч– шыл, ж– шыл, дь-шыл тілдер және –ты, -сы қосымша түрлері); 4) осы күнгі түркі тілдері ерекшеліктерін көрсететін қабаттар (қазақ, қырғыз, алтай, қарақалпақ, башқұрт, ұйғыр, түркімен, әзербайжан, өзбек және т.б.); 5) орыс тілі негізіндегі топонимикалық қабаттамалар, яғни, Э.М.Мурзаев айтуынша, «ең үстіңгі қабат» [2].

Қазақ атауларының шығуына байланысты әр түрлі аңыздар, мифтер, хикаяттар бар. Ондай дүниелер топонимдік атауларға деген қызығушылықты арттырып, терең зерттеуге жол ашады. Сонымен қатар, қазақтың батырлық, ғашықтық, тұрмыс-салт және т.б. секілді жырларында да топонимдік атаулар көп кездеседі. Ол туралы А.Ш. Пангереев: «Тақырыптық және сюжеттік мазмұнына қарай топонимдік әпсаналарды ішкі жіктелуіне орай тарихи-мекендік және утопиялық деп екіге бөлуге болады», – десе, тағы бір пікірінде: «Топонимдік хикаяттың жер-суға байланысты аңыздық прозаның басқа түрлерінен ерекшелігі

  • ол елдің бәріне түсінікті болады жіне таралу ареалы да кең», – дей отырып топонимдік аңыздар мен әпсаналардың танымалдығына тоқтала кетеді[3].

Қазақ онамастикалық атауларын түбі бір туысқан түркі тілдерімен салғастыра, салыстыра зерттеу – бүгінгі күннің басты мәселесі. Түркі тілдерінің ішіндегі түрік тілінің шоқтығы биік әрі қазақ атауларымен ұқсастық пен үндестік көп. Оған төмендегі атаулар дәлел бола алады: Ұлытау, Балашоқы, Итшоқы, Келіншектас, Тышқанқұм; түрік тілінде: Mehmetbeyobası, Ahmetdağı, Ahmetpınarı, Mehmetağa, Ahmetbeyler, Mehmetalan, Karamehmet, Ahmettepesi, Ahmetyeri, Mehmetçavuş және т.б.

Атаулар сырындағы ерекшеліктерді екі елдің ақындарының сөз саптаулары мен маржандай жыр түйдектерінен де байқай аламыз.

«Поэзия – өте күрделі құбылыс. Дарынды жеке тұлғаның дүниетанымы, рухани               және    интеллектуалдық   әлемінің   қайнауынан   келіп   туындайтын танымдық, этикалық, эстетикалық тылсым дүние. Поэзиялық шығарманың жанры мен түрі де бір күнде туып, даралана салатын осал дүние емес» [4, 28 б.]. Қазақтың кез-келген перзенті өз туған жерінің патриоты. Ал ақын жанды, нәзік жүректі жандар терең толғаныс пен асқан сезімнің иелері. Өз жерін, елін жырға қоспаған ақын кемде-кем шығар. Бойына өнердің өресі дарыған әр жан өзінің туған елі мен жерінен шабыт алып, топырағында аунап өскен даласын елемей өтпесі анық. Ал сөз өнері осы керемет құбылысты сөзбен өрнектеп, кестелі айшықтармен келістіре отырып жеткізген. Бауырлас түрік және қазақ ақындарының жырларындағы туған еліне, жеріне деген махаббаттарына тоқтала

кетсек. Екі ұлттың поэзиясындағы топонимикалық атауларға тоқтала кетсек.

Түріктің дүлділ ақыны Һусейін Ниһал Атсыз (1905 – 1975) асқақтаған Алтай тауын:

Тырнап ашқың келсе егер ащы шындық жарасын, Бұл кітапты қолға алсаң, барлығына қанасың.

Кəрі Алтайдың шыңына күнмен бірге шығасың, Ұлы Түрік елінің даналығын ұғасың. [5.], –

деп жырға қосса, қазақ ақыны Мұқағали Мақатаев:

Құсыңды бер, ұшқышым, Шығысыма, Сəлем берем Алтайда туысыма.

Шығысыма, тарт менің ырысыма! Сірə да, Клондайк, Аляскалар,

Толар ма екен Алтайдың уысына?! [6.], –

дей келе, өр Алтайдың бақыт пен шаттықтың, ырыс-берекенің ордасы екендігін тағы бір мәрте дәлелдейді. Бұл арада «Алтай» – баурайына түрі мен тегіне қарамастан бар бауырлас халықты жиған Азия құрлығының орта тұсындағы таулы өлке. «Таудың ұзындығы – 2000 км» [7.].

Қазақ және түрік ақындарының моншақтай тізілген жыр жолдарында жиі берілетін тағы бір қасиетті өлке – Тұран деп аталады. Белгілі шайыр, түрік мәдениеттанушысы және ойшылы Мехмет Эмин ЙУРДАКУЛ (1869–1944) барша түркі халықтарына ортақ осы Тұран ойпаты туралы:

Сен қаласаң, Дунайдың бастауынан, Біз қараймыз Қытайдың асқарынан.

Алтай, Қыпшақ, Сібір мен Əзірбайжан, Хиуа, Газна, Хорезм, Бұхара бар,

Ұлы Тұран елінің мəңгі өшпес бастары бар [5.], –

деп жырға қосса, қазақтың Мағжан Жұмабаевтай жыр жампозы:

Тұранның тарихы бар отты желдей, Заулаған қалың өрттей аспанға өрлей. Тұранның жері менен суы да жат, Теңіздей терең, ауыр ой бергендей. [8.], –

дей келе, Тұран ойпатының түркі халықтары үшін аса маңызды аймақ екенін айқын көрсеткен. Бұл арадағы екі ақынның жыр қаламына өзек болған Тұран – Тұран тақтасында орналасқан Орталық Азиядағы кең жазық аумақ, ойпат [6].

Екі елдің ақындарының жыр жолдарын салыстыра отырып байқайтынымыз, екі елдің де онамастикасына ортақ жер-су атаулаының көп екендігін және ол бауырлас халықтардың поэзиясында кеңінен бейнеленгендігіне көзіміз жетеді.

Қазақ және түрік ұлтының ақындары өз жеріне, жазира даласына, тау-тасы мен, мөлдір тұнық көлдеріне деген өзекжарды тілектерін жалынды жырлары арқылы жеткізуге тырысқан. Ақындардың өлеңінен асқан патриоттық сезім мен өзінің туып өскен сайын даласына деген ыстық махаббатты, терең мақтанышты байқай аламыз. Қырықтан астам жыр жинағының авторы, түріктің Фазыл Хұсню Дагларджа (1914-2008) деген алып ақыны өзінің өсіп-өнген Стамбулы туралы:

 Стамбулда біз де тұрдық, күл мейлің, Бүкіл дүние секілді еді Стамбул, Мырзаға да, құлға да,

Енді анау ресторанда мен-дағы Болдым десең-сенбеңіз.[5.], –

десе, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев өзінің сүйікті Алматысы туралы:

Аралап жердің жүзін шарласа да,

 Алматым – жүрегімде əрқашанда. Арылмас Алатаудан əн қашанда,

Аспанның жұлдызына самғасам да [6, 78-], –

деп, өзінің ару қаласын жырға қосқан екен.

Әрине, бұл арада екі елдің ең ерекше, рухани дем беретін, көркем қаласы Алматы мен Стамбулды білмейтін жан жоқ десек те болады. Екі автор да туған қалалары туралы тебіреніспен толғаған. Алматы мен Стамбул қалаларының да ұқсас тұстары өте көп.

Сонымен қатар, қазақ және түрік ақынары өз туған жерінің тау-тасын жырлаумен қатар, өзге ел мен жердің де кереметін көре біліп, кестелі жырлармен айшықтаған.

Түріктің танымал ақыны, жазушы, драматург және қоғам қайраткері Назым Хикмет Ран (1902–1963):

Сапар шектім түсіммен сол, Еуразия, Африканы шарладым,

Америка шақырмады – бармадым.

Теңіз, Дала, Тау адамын сүйдім мен, сүйіп өту – арманым. [5.], –

деп, өзге елдерге құрметін білдіреді.

Заманауи түрік поэзиясының белді өкілдерінің бірі– Əли АКБАШ:

Сонау Алматыдан Жамбыл, Шымкентке дейін Сапар шеккенім ойымда,

Таусылмас жолдар бойында.

Көз ұшында күміс ұшқындар жылтылдап ұшады,

Мазарлар төбесінде жарты күміс ай секілді пыр-пырлап ұшады. [5.], –

дей келе, қазақ даласының кереметін, қалаларының қасиетін жырға қосады.

Әлем әдебиетінде әдеби байланыс, әдеби үзеңгелестік, рухани алмасулар – әбден қалыптасқан өзіндік бір заңдылық, ойып тұрып орын алған тарих. Осы әдеби байланыстың бір тамыры – қазақ және түрік ақындарының ономастикалық атауларды жыр шумақтарында сәтті қолдана білгендіктерінде де жатқандай.

Қорыта келгенде, түп тамыры бір түркі жұртының екі перзенті Қазақ пен Түрік ұлтының рухани, мәдени, әдеби байланыстың жалғасы ономастикалық атаулармен де байланысты демекпіз. Жоғарыда көрсетілген мәліметтерден байқайтынымыз, екі ұлтқа да бірдей географиялық аймақ пен бірдей жер-су атауларының, бірдей тарихи оқиғалар мен наным-сенімнің ықпалы зор. Қазақ және түрік поэзиясының өзара үндестігінің, соның ішінде онамастикасының байланысының жоғарғы дәрежеде екенін мойындап, екі ел арасындағы татулық пен бірлікті одан әрі күшейтіп, әдеби және мәдени байланыстарымызды тереңірек талдап, тани түсуімізге зор мүмкіндіктер ашуымыз қажет.

Карима ЖҰМАҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз