Вызов

1763

1

Кешкілік уақытта «дамашкі» шырылдайды. Маған емес. Көбіне-көп шешемізге қоңыраулатады. Оны бәріміз білеміз. Үндемей, жасыл түймесін басқан бойда, Ұлекеңнің қолына ұстата қоясың.

– Әләу… Ар жақтан ауырған адамның өзі не сол үйдің бір пендесінің даусы шығады. Біз жақтан Ұлекеңнің үйреншікті жауабы естіледі.

– Қай жері дейсің? Дел-сал болып… Айтатыны жоқ, бұл ауру иектеп алды алаңсыз. Иә. Иә, барам ғой. Тамағың қалай..?

Сәлден соң шешеміздің ауырған адамның үйіне тартып бара жатқанын үйдегі мысыққа дейін байқар еді.

Шыны керек, оның әу бастағы мамандығы акушерка еді. 1981 жылдан бері қарай 20 жастағы Күнқияш-Ұлдайдың осы жасына дейін екі жүзден ары ұл мен қызға кіндік шеше болғанын білетінмін. «Адамнан адам шығару» Ұлекеңнің айтуынша, оңай дүние емес. Қай қатын толғатса да, өзің бірге қиналасың. Бір қызығы, кешегі күнге дейін тұмса келіндер болмаса, бес-алты бала-шағасы бар, сонда да ағамызға желік бітіп, абайсызда ішіне «көже біткен» кейбір «опытный» жеңгелерді үйден босандыратын.

Бірақ, шетте жатқан аядай Жаңақұрылыс Ұлекеңнің нақты мамандығы акушер екенін баяғыда ұмытқан. Тек «көтерген» келін мен жүкті жеңгейлер уақыты келіп, Аралға аттанар тұста ғана қағазын құшақтап, Ұлекеңмен шұрқырасатыны бар. Ал қалған жұртқа ол «доғдыр Ұлдай». Акушер не басқа бол, медпункте істей ме, болды, барлық емді содан күтеді. Фельдшер Бәдә, медсестра Санду мен Шәмшәгүл апаға да дәл осылай қарайды. Ауылдағы ағайын алыстан хирург не терапевт іздеп сабылмайды, басы ауырып, балтыры сыздаса, салып ұрып осыларға келеді. Аядай ауылдың денсаулығын күзеткен шын еңбек иесі осылар еді.

Күні кеше ауылға демалысқа барғанда түсініксіз тымау елді буып тұрған. Ұлекеңнің өзі мен келерден екі күн бұрын басын көтеріпті. Бестің шәйіне енді бас қоя бергенде Оразбек құрдас жетіп келді.

– Күләш апам қысылып жатыр…

– Ойбу, – деді шешем сасқалақтап. – Жүре ғой, тездетіп. Көлікпен жүр ме ең…

Әттең. Үлгірмеді. Үлгергенмен де, қарсы келген ажалға айла бар ма?! Түсініксіз тымау Күләш апаны ап кетті. Ұлекең түнгі бірде үйге оралған.

– Алла-ай, – деді тізе бүгіп жатып. – Біржола оң жаққа орналастырып қайттым. Көзі жасаураған күйі бар айтқаны сол болды. Күләш апа жеңгесі еді өзінің.

Елде тымаумен күресіп жатқандар жетерлік. Укол алушы көп деп оралатын жұмыстан. Тіпті, туған інісі ауырып, өзі басқа аурудың шақыртуына кеткен уақыт та болған. Екі ортада өкпе артып, «менен пәленше жақын ба еді, неге бірінші маған келмейсің» деген туған бауырына ашуланып, «шырағым, енді ауруды ағайынға бөліп қарайтыным жоқ» деп келте қайырғаны бар.

Міне, енді «доғдыр» Ұлдай зейнетке шықты. Екі күн бұрын. Енді пенсияға шықтым деп, қол қусырып отыра ма Ұлекең?! Әй, қайдам?! Вызов түссе, мен білетін шешем білек түріп, бара береді…

P.S. Зейнетке шығатыннан бір күн бұрын жұмыстан қуанып келгені. Сондағы айтқаны, «укол алушылар азайыпты». Декретті келіндерімен бірге елдегі денсаулық күйін күзеткен шешемнің абыройлы еңбек жолынан қысқаша ғана суреттеме еді ғой бұл…

(Журналист Ержан Қожастың парақшасынан алынды).

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<