Колледж жастары белсенді қатысуда

816

0

        

        

        

Колледж жаңалықтары

         Академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжінде білімгерлерге суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бағытында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

         Аталған шараға ҚР ІІМ Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілдігінің кәмелетке толмағандар жұмысы жөніндегі инспекторы, лейтенант М.Мырзағлиева мен колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәкен Есеналиев және колледж психологі Минура Кенеш қатысты. Шараның мақсаты жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, өмір қауіпсіздігін сақтауға шақыру.

         − Әлеуметтік желіні қолданғанда үлкен сақтық қажет. Түрлі сайттарға кіру арқылы жастар қажетсіз ақпарат алуы мүмкін. Әсіресе балаларды суицидке апаратын бағдарламаларды қолданбау керек. виртуалды өмірден гөрі адамдармен шынайы қарым-қатынас орнатса, соғұрылым мәселеден шығу  жолын да тез табады. Желілер баланы оқшаулап тастайды. Жеке, оңаша қалғанды қалап тұрады.Мұндай сәтте санасындағы сұраққа жауап таппауы мүмкін, – дейді ҚР ІІМ Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілдігінің кәмелетке толмағандар жұмысы жөніндегі инспекторы, лейтенанты М.Мырзағалиева.

***

         Аталған оқу орнында Ұлттық валюта күніне орай экономика пәнінің оқытушысы Гүлжазира Байтерекова 1-курс студенттерімен тәрбие жұмысын өткізді. Мұнан бөлек оқу орнының кітапханасында «Мен кітапты ашамын, мен әлемді танимын» атты әдеби кейс өтті. Кейсте кітаптың адам өміріндегі маңызы, ғылым мен білімнің пайдасы жайлы түсіндіріп, әрбір тұлғаның кітап оқу арқылы кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту, білімгерлерді білімділікке, адамгершілікке, кітапты бағалай білуге, ұқыптылыққа тәрбиелеу туралы айтылды.

         С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжінің кітапханасында «Менің өмірімді өзгерткен кітап» тақырыбында өткен эссе конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Эссе конкурсының мақсаты − әрбір тұлғаның ой-өрісін кеңейтіп, білім алудағы кітаптың маңыздылығын айқындау, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Барлығы 40 эссе келіп түскен. Нәтижесінде АШ-122 тобының студенті Ахтан Әділет жүлделі I орынды, ТТ-122 тобының студенті Аяжан Өмірбекова II орынды, ТМ-122 тобының студенті Сәттібек Қыдырбайұлы III орынды жеңіп алды.

***

                 

         Суицид бүгінгі таңда бүкіл әлемді елеңдетіп, дабыл қағар дертке айналып отыр. Қоғамда болып жатқан өзгерістер мен сан түрлі қиындықтар бала психологиясына кері әсер етуде.Суицидтің алдын алу мақсатында «ORDA» жоғары колледжінде облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен жүргізіліп келе жатқан бастамаға сәйкес №1 қалалық емхана психологы Алия Әбубәкірова және осы емхананың әлеуметтік қызметкері Меруерт Рүстемқызы, колледж психологі Дина Асанова  студенттерге дәріс оқып, денсаулық сағатын өткізді. Мамандар қоғамның жағымсыз қарым-қатынас, қоршаған ортадан, әсіресе оқу орнындағы топтан оқшаулану, жасөспірімдердің психикалық ауруларға ұшырауы, сәтсіз романтикалық ситуацияға тап болуы, ішімдік пен есірткі заттарын қолдану жасөспірімдердің суицидке баруына алғышарттар болып табылатынын түсіндірді. Осыларды ескере отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру, суицидтік оқиғалардың алдын алу жайында студенттерге кеңес берді.

***

  

         Қызылорда медициналық жоғары колледжінің жатақханасында студенттердің бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында тренинг болып өтті. Оның ішіндегі ең тиімдісі – арт-терапияның ықпалды жақтары. Арт-терапиялық әдістердің элементтерін пайдалану арқылы студенттер шығармашылығын шыңдап, студенттердің тренингте өздерін еркін ұстауын және көңіл-күйін көтеру мақсатында өтті. Тренингті колледж психологы С.Ералиева өткізді.  Арттерапия – бейнелеу өнерімен емдеу. Арт-терапия сурет терапиясы сияқты бағыттарды қамтиды. Ол ең алдымен, ауыр эмоционалдық бұзылулар жағдайында, сондай-ақ қарым-қатынастағы қиындықтар, клиенттің ұялшақтығы жағдайында көрсетіледі. Осы жағдайда жатақхана студенттері демалыс орнында жиналды. Салған сурет тақырыбы: «Менің әлемім» деп аталады. Қатысқандар 1,2,3 курс студенттері. Жұмыс барысында И.С. Бахтың « № І Прелюдия» музыкасы қосылып тұрды. – Суреттер адамға оң әсер етеді, олар көңіл-күй қалыптастырады және белгілі бір сезімдерді тудырады. Осы кезде студенттер шоғырланып отырды. Тренингті кортындылау барысында әркім өз қалағанын өзі салды. Суретті талқылай отырып, алдымен бүкіл топ сурет туралы айтты, содан кейін автор; Кейін суреттің мазмұны, сурет салу процесінде әр студент өмірдегі болып жатқан өз әлеміндегі жәйтті талқылады. Жұмыс аяқталғаннан кейін әркімнің жұмысқа қосқан үлесі және жұмыс процессінде топ мүшелерінің өзара қарым-қатынасы анықталды. Осылай жатақхана студенттерімен жасалған арт-терапияға байланысты тренинг қызықты өтті, – дейді психолог.

***

         Қызылорда медициналық жоғары колледжінде «Жасөспірімдер мен жастар арасында зиянды, қауіпті мінез-құлықты болдырмау және алдын алу» тақырыбында денсаулық сағаты өтті. Бұл іс-шара облыстық білім басқармасының бастамасымен «Қызылорда облысының 2022 жылға арналған балалар мен жасөспірімдер арасындағы қаңғыбастық пен қадағалаусыздықтың, құқық бұзушылық пен суицид, зорлық зомбылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық жоспарын орындау аясында ұйымдастырылған. Аталған денсаулық сағатына колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, психологтар колледж медбикелері, әлеуметтік педагогтар және колледж білім алушылары катысты. Сонымен қатар, №1 қалалық емхананың психолог маманы Әлия Әбубәкірова, Жастар денсаулық орталығының жалпы тәжірибелік дәрігері Қайыржанқызы Айзат және психолог Раушан Жұмаділдаева, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының валеолог маманы Зарина Әбдірова «Жасөспірімдерді зиянды әрекеттерден сақтау және өмірлеріне қауіп төндіретін әрекеттердің алдын алу» тақырыбында түсінік берді, қажетті мағлұматтар айтты және жастар көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды.

Қызылорда медициналық жоғары колледжінде «Жалпы республикалық жұмыс берушілер күні» өтті. Ел болашағы саналы, сондай ақ дені сау, өрелі жастардың қолында. Сондықтан да жастардың түзу жолды таңдауы үшін берері көп осындай іс-шаралар мемлекеттің және білім ордаларының күн тәртібінен түспек емес. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің тұжырымдамасына сәйкес колледжде жұмыс берушілермен білім алушылардың кездесуі ұйымдастырылған. Мақсаты – еңбек нарығында сұранысқа ие білікті маман даярлау және жұмыс берушілермен ынтымақтастық байланысты арттыру.

Іс-шара барысында колледждің бітіруші түлектері жұмыс берушілерге болашақ маман ретінде өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Сонымен қатар, колледж директоры Салтанат Сейтқалиқызы «Mediker Ondiris (Медикер Өндіріс)» клиникалық орталығы директоры Гүлнар Бердекешова және «Q-med» клиникалық орталығының директоры Раушан Базарбай өзара әлеуметтік серіктес ретінде меморандумға қол қойды. Кездесу соңында жұмыс берушілер бітіруші түлектерге сәттілік тілеп, 95 жыл тарихы бар колледж мұражайымен, симуляциялық орталық жұмысымен және білім алушылардың шығармашылығынан  жасалған көрмемен танысты.

***

          Арал индустриалды-техникалық колледжінде  техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында «Жұмыс беруші күні» іс-шарасын өткізу тұжырымдамасы негізінде бүгін Арал индустриалды-техникалық колледжінде «Ынтымақтастық – іскерлік» тақырыбында ашық есік күні өткізілді.  Шараға Арал ауданы әкімінің орынбасары К.Бержанов және жұмыс ұсынушы мекемелерден «Арал тұз» АҚ зауыт директоры А.Бөлегенов, Арал құрылыс» ЖШС директоры М.Құлмырзаев, «Шукуров Т.» ДК директоры Т.Шүкіров, «Agrofish-2020» ЖШС директоры И.Хамзатханов, «Ай-Аружан» ЖШС директоры И.Жұмашева, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы Арал аудандық филиалының директоры Н.Ембергенова, «Жумахметова К» ДК директоры К.Жұмахметова қатысты. Ашық есік күні жұмыс берушілер ұжымның шығармашылық жұмыстары, мамандықтар көрмесімен бірге «Жас маман» жобасы бойынша құзіреттілік орталықтарының жұмысымен танысты. Бұдан әрі іс-шара «Жұмыс беруші мен жас маманның жұмысқа қабылдау жөніндегі келіссөздері» іскерлік отырысымен жалғасты. Кадрларды даярлаудың өзекті мәселелері айтылған отырыста жұмыс берушілермен бірлесе отырып білім беру сапасын арттыру мақсатында директордың оқу-өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары Р.Айназаровтың баяндамасы тыңдалды.  Кадрларды даярлау кезінде жұмыс берушілермен өзара ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша ұсынымдар айтылған келіссөз соңында колледж бен «Арал тұз» АҚ, «Ай-Аружан» ЖШС, «Арал құрылыс» ЖШС өкілдері өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

         Арал аудандық жастар ресурстық орталығы, аудандық орталық кітапханaмен бірлесіп, 17 қараша Халықаралық студенттер күніне орай «AQYL BATTLE» интеллектуалды сайысын өткізді. Сайысқа Арал көпсалалы колледжі, Арал индустриалды-техникалық колледжінің студенттері және аудандық орталық кітапхана оқырмандары қатысты. Шара барысында сайысқа қатысушылар төрт кезең бойынша бақ сынасты. Сайыс қорытындысы бойынша Арал индустриалды-техникалық колледжінің «Жалын» студенттер ұйымы жүлделі II орынды иеленіп, дипломмен марапатталды.

***

         Арал индустриалды-техникалық колледжінде суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бағытында денсаулық саласы мамандарының қатысуымен кездесу өткізілді.  Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдердің суицидке бару әрекетінің алдын алу, өмірге құштарлықты арттыру, қиындықтар мен стрестік жағдайлар, психиканың бұзылуы, конфликтілер кезінде қиындықтардан шығу жолдарын үйрету.  Шараға түсіндірме жүргізу үшін Абай емханасының дәрігері Г.Шахаева, «Байтұрсынов» емханасының психологы А.Берекетова, Жастар денсаулық орталығының маманы  М.Саимова және колледж педагог-психологы мен колледж аяжаны қатысты. Денсаулық сағаты барысында білім алушылар тақырыпқа қатысты сауалдарын қойып, мамандардың ақыл-кеңесін тыңдады. Өмірде кездесетін қиындықтардан шығу жолдары айтылып, бейнероликтер көрсетілді. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жадынамалар таратылды.

***

Арал индустриалды-техникалық колледжінің оқытушысы Ұланбек Лайықов облыстық колледж жас мамандары арасындағы «Жас ұстаз – 2022» байқаудың жеңімпазы атанды. Облыстық оқу орталығы мен «Болашақ» университеті жоғары колледжі бірлескен «Ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие – ұстаздан» атты апталық аясында колледж мамандары арасында өткізілген сайыста үздік нәтиже көрсеткені үшін І дәрежелі дипломмен  марапатталды. Педагог жан-жақты кәсіби шеберлігі сынға түскен сайыста өзінің білікті маман екенін көрсетті. Кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының жас мамандары қатысқан сайыстан үздік оралған Ұланбекті колледж директоры Әбішов Нұралы Қалиұлы құттықтап, алғысын білдірді.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<