2023-2025 жылдары мектептерді күтіп ұстауға 200 млрд теңге жұмсалады

613

0

Мәжілісте «Amanat» фракциясының кеңейтілген мәжілісі өтіп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан ұлттық жоба аясында қай көздерден қанша қаражат жұмсалатынын айтты.

«Ұлттық жоба аясында апатты мектептерді, үш ауысымды оқытуды және мектептер тапшылығын болдырмау үшін 401 жайлы мектеп салынады. Оның ішінде 226 мектеп 2024 жылы іске қосылады. Қалған 175-і 2025 жылдың аяғына дейін іске қосылады деп жоспарлануда», – деді ол.

Министрлік өкілі Ұлттық жобаны іске асыру үшін 2023-2025 жылдар аралығында республикалық бюджет пен Ұлттық қордан 2,6 трлн теңге көзделгенін еске салды.

«Оның ішінде құрылыс жұмыстарына 1 трлн 360 млн теңге қарастырылған.

Атап айтсақ, 2023 жылы 0,5 трлн теңге, 2024 жылы 1,1 трлн теңге, 2025 жылы 1 трлн теңге игеріледі. Оның сыртында мектептерді күтіп ұстауға 200 млрд теңге қарастырылған», – деді Еділ Оспан.

Аталмыш ұлттық жобаны іске асыруға жауапты етіп бекітілген «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы жайлы мектептер құрылысы кезінде 100 мың жаңа жұмыс орны құрылатынын хабарлаған болатын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<