Абыржы немесе «Қарлаң» жайлы қуантарлық хабар

644

0

Қазалыдан әрі жатқан, дұрысы, дарияның арғы жағындағы «Майдакөл», Ү.Түктібаев, Бекарыстан би, сондай-ақ Аралдың «Қызылжар», «Шөмішкөл», «Жаңақұрылыс», «Қаратереңінде» тұратын әр адамның санасында «абыржы» деген сөз әбден қашалып қалған. Ол не еді десеңіз, біз де тарқатып көрейік.

Абыржы – көктем мен күзгі дария суының тасуынан пайда болған сөз. Әсіресе, көктемгі сең жүру уақытында дарияның арғы бетіндегі әлгінде айтқан көп ауыл аудан орталығына қатынай алмайтын. Өйткені, «Әлсейіт» қалқымалы көпірі уақытша алынатын.  Сондағы диалог мынадай.

– Әй, «Әлсейіттен» не хабар?

– Мұз әлі жүріп жатыр дейді ғой.

– «Қарлаңды» да алып тастап па?

– Иә, автобустар «Басықарамен сандалып жүргенге ұқсайды…

Осылай абыржыған ауыл адамдары бұл уақытты «абыржы» демей, не десін?!

Расы сол, тура барар жолыңдағы көпір қайықтан құралса, қаупі көп. Оны жергілікті халық әбден біледі. Әрі әбден зәрезап та болған. Қуаныштысы, үш жыл бұрын «Әлсейіт» көпірі пайдалануға берілді.

Ал биыл Қазалыдағы «Қарлаң» учаскесіне көпір салынады. Аудандық маңызы бар «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолының 16-шақырымында орналасқан учаскеде Сырдария өзені арқылы темірбетонды көпір салу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленген болатын. Бүгінде мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған құрылыстың жалпы құны  4 жарым млрд теңгеге жуықтап отыр.

Қызылқұмға барар жолдағы қалқымалы көпірден құтылатын күн жақындап келеді. Дарияның арғы бетінде орналасқан Қазалының «Бірлік», «Өркендеу», «Тасарық», «Лақалы», «Қожабақы», «Бозкөл, «Кәукей» сияқты ауыл халқы мұны көп жылдан бері күтіп жүргені де шындық. Енді елді мекендегілердің көктем мен күзгі абыржыда қиындық көрмейтіні қуантып тұр. Ал экономикалық тиімділігі жағынан, өзеннің арғы бетіндегі егістік және балық шаруашылығын дамытуға оң септігін тигізетіні сөзсіз. Сондай-ақ, қауіпсіз және тұрақты көлік қатынасымен қатар медициналық жедел жәрдем көрсетуге де оң әсерін бермек.

– Көптен бері түйткіл болып келген «Қарлаң» учаскесіне темірбетонды көпір құрылысын салу мәселесі оң шешімін тапты. Биылғы жұмысына республикалық бюджеттен 500 млн теңге бөлініп отыр.  Тағы да 1 млрд теңге қаржы бөлу қарастырылуда. Ақпан айынан құрылыс жұмыстары басталатын болады, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеуімбетов.  

Сырдария өзені үстіне түсетін көпір ұзындығы 250 метрге жуықтайды. Ені 13 метр, жолы екі жолақты болмақ. Бұған дейін құрылысын бастау үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, салалық басқарма тарапынан мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған еді. Қазір жеңімпаз болып «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС танылған. Бүгінде мердігер мекемемен келісім-шарт жасалып жатқан көрінеді.

Қазалы ауданы әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, қазірдің өзінде құрылысқа қажетті саз топырақ алатын орын белгіленіп, тиісті заңнамаларға сәйкес құжаттандыру жұмыстары басталған.

Ержан Қожасов,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<