Алғаш еңбек жолымды Құттықожа ағамен үзеңгілес жүріп бастағандықтан ол кісіні ерекше жақын тұттым десем болады. Екеуміздің де мамандығымыз бір, екеуміз де 1974-1975 жылдары қатар орналасқан екі шаруашылықта, нақтылап айтқанда Түгіскен мен 23 партсъезд кеңшарында бас экономист болып қызмет атқардық.
Міне осы жылдары менің Құттықожа Ыдырысовтан үйренгенім аз емес. Олай дейтінім, бұл кісі тумысынан зерек, талантты еді. Өзінің төл мамандығын меңгеру өз алдына, оған жаңалық ендіру – бұл ғылыми әлеуеттің де көрсеткіші болса керек. Құтекең оған қалай қол жеткізді? Ауыл шаруашылығында қаржылық сауаттылықты меңгеру үшін сол егіншіліктің табиғатын терең меңгеруің керек. Бала жастан ауыл тіршілігіне көзі қанық өскен Құтекеңе сол жастай бойға сіңірген өмірлік сабағы көмекке келді-ау деп ойлаймын.
Құттықожа Ыдырысовтың бастамасымен облыста бірінші рет арендалық тәртіпке көшіп, шаруашылықты бригадалық жүйемен басқаруды жолға қойдық. Бұл әдістің астық шығымдылығын арттыруда, сондай-ақ еңбеккерлерді қаржылық жағынан ынталандыруда нәтижелік коэффициенті басымдығын тәжірибелік тұрғыда дәлелдедік. Бізден кейін өңірдегі барлық шаруашылықтар біртіндеп осы жүйеге көшті.
Құтекеңнің еңбек жолындағы карьерасына кәсіби біліктілігі ғана емес, көркем кісілік болмысы да жол ашты деп анық айта аламын. Кез келгенмен тіл табыса білу өнері – жан дүниенің тереңдігінен арна тартса керек. Ол кісінің ұйымдастырушылық қабілеті, жан-жақтылығы қай жерде қызмет атқарса да бедел биігіне шығарып, айналасына қадірлі етті. Сала білгірінің облыстық қаржы басқармасында қызмет атқарған жылдары өңіріміздің бюджетін талдап-таразылай білген жетекшілігімен ел әлеуетіне үлкен табыс әкелген қаржыгер бола алғанын айтқым келеді. Міне, осындай қарым-қабілеті орынды бағаланып, облыс әкімінің қаржы жөніндегі орынбасары ретінде екі бірдей басшымен – Мұхтар Құл-Мұхаммед және Икрам Адырбековпен қызметтес болғанында лайықты құрмет иеленіп, абырой арттыруының өзі оның нағыз өз ісінің майталманы болғандығын дәлелдесе керек. Құттықожа Ыдырысовтың Мәжіліске екі рет депутат болып сайланып, Сыр елі халқының мұң-мұқтажын шешуде саясаткерлігімен танылған азаматтық қыры, ол өз алдына үлкен әңгіме.
Елге сіңірген осындай қызметімен қоғам және мемлекет қайраткері деңгейіне көтерілген Құттықожа Ыдырысовты еске алғанда ең алдымен оның қарапайымдылықты пір тұтқан қадір-қасиеті көз алдыма кеп тұра қалатынын жасырмаймын. Оны көпке ортақ аяулы тұлға атандырған да осы бір ақжарқын мінезі ме дерсің. Қай кезде, кіммен болсын жылы қабақ ұшырамына мысқалдай да көлеңке түсірмей өткен кең жүректі аға осы бір ақеділ қалпынан айнымаған күйі жарық дүниеден өтіп кете барды. Өмірде ұстанған қағидасын өзгертпеген өнегенің астарында не сыр бар дегенге келсек, сүйегі асыл жанның ғана маңдайына бітер тектілік қасиетті танығандай боламын. Оқумен, тоқумен келмейтін, бабаның күшімен, ананың сүтімен бойға сіңген бұл құндылық жұмыр басты иесіне өмір бойы жар болып өтеді екен. Жүз жасап ғұмырдан өткен әкесіне көзі тірісінде жүз рет зиярат етіп өткен перзент те осы Құтекең бе деймін. Қым-қуыт шаруадан уақыт тауып туған шаңыраққа бас сұғу бір бөлек, іссапарлармен осы маңға қай кезде жолы түссін мейлі, тіпті жеті түннің ортасы болсын қауғалақ ап қарсы алған біреуіміздің үйімізге қона салуға жоқ, міндетті түрде әке жанына жетіп, жалқы сәт болса да мауқын басып, әкесінің көңілін жайландырып аттанатын дағдысын бір бұзбады.
Құтекеңнің өзі де ардақты әке атанды, соңында ата даңқын асқақтатар перзенттері өсіп келеді. Бұған да шүкір дейміз де.
Өзі өмірден өткенімен өнегесі, жайдары бейнесі оны білетін жұртшылықтың көңілінде сайрап тұр. Біздің тілегіміз, аяулы тұлғаның тірлігінде арттырған барша жақсы амалдары алдынан қайтсын. Алла панасына алсын!
Өмірсерік ТАҚЫРБАСОВ,
Жаңақорған ауданының құрметті азаматы





