Дәуірлерді жалғаған дәстүрлі өнер

4

0

Кеше облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, белгілі жырау, фольклортанушы ғалым Алмасбек Алматовпен кездесті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде Сыр өңірінде атадан балаға мұра болып қалған жыраулық, жыршылық өнердің дамуы, жастарды ұлттық өнерге баулу жайы әңгіме өзегіне айналды.

Аймақ басшысы қазақтың дәстүрлі өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткердің ұлттық мұрамызды ғылыми тұрғыдан зерттеп, кәсіби білім беру жүйесіне енгізіп, шәкірт тәрбие­леген еңбегін ерекше атап өтті.

Тәуелсіздік жылдарында жыраулық өнер академиялық білім беру жүйесіне енгізіліп, «Дәстүрлі өнер – жыр» маман­дығы ашылды. Алмасбек Алматов тәрбиелеген шәкірттер Сыр өңіріндегі мақам-саз ерекшеліктеріне негізделген мектептерді бүкіл елімізге танытты.

Мемлекет басшысы Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында: «Жалпы, «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізін қалаған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі» деп атап өткені белгілі.

Ғалым ұстаз қазақтың дәстүрлі өнерін әлем жұртшылығына наси­хат­тауда да жемісті еңбек етті. АҚШ, Франция, Италия, Швейцария, Ұлы­британия, Египет, Моңғолия және басқа да мемлекеттерде өнер көрсетіп, ұлттық мәдениетіміздің халықаралық деңгейде танылуына үлес қосты.

Бүгінде Құрманғазы атындағы Қа­зақ ұлттық консерваториясында, Қазақ ұлттық өнер университетінде және Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситетінде кәсіби жыршы-жыраулар даярланып келеді. Олар халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары атанған.

Айта кетейік, өткен жылы «Өнер орталығында» Алмасбек Алматовтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Жыр керуен» шығармашылық кеші өтті. Кеште Нұрлыбек Машбекұлы жырауға Сыр жұртшылығы атынан құрмет көрсетіп, Қызылорда облысы­ның Құрмет грамотасы мен автокөлік кілтін табыстады.

Анкара музыка және көркем өнер университеті «Дәстүрлі өнер» маман­дығының докторанты Малика Алдам­жароваға, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті «Дәс­түрлі музыкалық өнер: Дәстүрлі жыр» білім беру бағдарламасының док­торант­тары Күнсұлу Түрікпен мен Ақерке Дабыловаға айына 300 мың теңге стипендия тағайындады.