РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ
Сенбі күні «Өнер орталығында» Қызылорда және Алматы облысы ақындарының «Адал еңбек – ел ырысы» атты республикалық командалық айтысы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты.
Айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтай жүргізді. Командалық айтыста елімізге белгілі 20 ақын сөз сайыстырды.
Ашылу рәсімінде аймақ басшысы қатысушыларға сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн» деген болатын. Өнер мен мәдениетке, оның өкілдеріне қандай қолдау, қошемет жасасақ та жарасады.
Осы ретте аймақтағы мәдениет және өнер, әдебиет өкілдеріне «Тұран», журналист-қаламгерлерге «Жебе» арнайы сыйлығын табыстадық. Өткен жылы салынған көпқабатты жаңа тұрғын үйден мәдениет, өнер өкілдеріне алғаш рет 40 қызметтік пәтер берілді. Сыр бойындағы айтыс өнерінің ізбасарларының да жеңісті, жемісті сәттері көп болды. Үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, жерлесіміз Мұхтар Ниязовтың ізін жалғаған талантты ақын Мейірбек Сұлтанхан кезекті «Алтын домбыраны» жұртшылыққа тарту етті. Бұл өткен жылдың айтулы мәдени жаңалығына, Сыр руханиятының қуанышына айналды.
Жаңа жыл басталысымен жерлесіміз, жас талант Бексұлтан Орынбасаров «Күміс домбыра» иеленді. Бүгінгі сөз додасына келген жүйріктерге ел рухын асқақтатудағы елеулі еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын.
Халықты сөз құдіретімен демеп, ізгілікке үндеген өнердегі шын жүйріктердің келесі кезеңге өтіп, ақтық сынға жолдама алып, жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектеспін! «Өнер алды – қызыл тіл» дегендей, сөз сыйлаған тыңдарманға келелі ой айтып, тағылымды сайыс жасаңыздар! Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді аймақ басшысы.
Аламан айтысқа ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы (қазылар алқасының төрағасы) Жүрсін Ерман, дәстүрлі әнші, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова, ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі Серік Құсанбаев, ақын, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, Мәдениет саласының үздігі Мырзабек Құдайберлі, күйші, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, Мәдениет қайраткері Мұрат Әбуғазы, жыршы, термеші, ұстаз, Мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков қазылық етті.
Айтыс – қазақтың төл өнері, сөз қадірін жете түсініп, ойын жеткізу бүгінгі ұрпаққа да мирас болған. Өнерді жалғастырушылар оны өз деңгейіне көтеріп, қалыптастырып келеді. Айтулы додаға өңшең от ауызды, орақ тілді айтыс ақындары жиналып, «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай еңбек құндылықтарын, еңбек адамын насихаттауға өз үлестерін қосты.
Айтысқа жиналған адам қарасы көп болды. Алдымен сахнаға екі облысты таныстыру үшін шайырлардан бата алып, төл өнерді төрге оздырған Нөсер Айдос пен Асылым Кәдірбек шықты. Талабы таудай жеткіншектерге жұртшылық ерекше ықылас көрсетті. Өнер додасында айтыскерлер түре, сүре, қайым және қыз бен жігіт айтысы бойынша, жыр, терме, дәстүрлі ән және күй жанрларында сынға түсіп, бақ сынасты.
Түре айтыста алматылық Айбын Жәмәли мен қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан сөз бәсекесін қыздырды. «Әп» дегеннен-ақ Айбын қара домбырасын қағып-қағып жіберіп, ойын өлеңмен өріп, ағасының алдында інілік ізетін көрсетті. Айтысты көбіне әзілге, қағытпа қалжыңға құрып, көрерменге күлкі сыйлады. Астарлы сөзбен жеткізген орамды ойлары көпшілікке ұнады.
Дәстүрлі ән жанрында Бейсенбек Төлеубай мен Ұлжан Ағлақова әуелете ән шырқаса, термешілер Ербақ Құрметжанұлы мен Күнсұлу Түрікпен, Марат Сүгірбай мен Серік Сүйіндік текті өнердің төресін танытты. Қазылар алқасы Марат Сүгірбайдың кәсіби шеберлігін алға тартып, қарсыласынан басымырақ түскенін айтып, бағасын берді.
Қайым айтыста Мұхтар Ниязов қарсыласқа қиын ұйқас ұсынып, қара өлеңнің қанатын кеңге жайды. Осылайша сөзден тосылмаған қос жүйрік елдің шынайы ықыласына бөленді. «Тауып айтсаң мереке қылады, таппай айтсаң келеке қылады» деп Досбол шешен айтқандай, айтыс барысында таңдай қақтырған жүйріктер еңбек адамының беделін көтеру, дәріптеу сынды игі бастаманың маңыздылығын сөзге қосты.
Аламан айтыс шамамен 6 сағатқа созылды. Сонымен әділқазылар алқасының ұйғарымымен Қызылорда облысының командасы жеңімпаз атанып, республикалық командалық айтыстың ақтық кезеңіне жолдама алды.
Сыр еліндегі өнер бәйгесінің көрігін қыздырған екі команданың мүшелеріне де қаржылай сыйлық табысталды.
Жалпы, былтыр аймақта «Руханият жылы» жарияланып, атаулы жылда игілікті істер мен жаңа жобалар жүзеге асты. «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы» және «Өнер орталығы» пайдалануға беріліп, жаңадан симфония оркестрі, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің «Жыраулар үйі» ашылды. Барлық ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталықтары» салынып, іске қосылуда. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты мамыр айында пайдалануға беріледі. Облыстың мәдениет мекемелерінің 25 қызметкері Италия, Беларусь елдерінде біліктілік арттырды. Астана, Алматы қалаларында Қызылорда облысының Өнер күндері жоғары деңгейде өтті. Бұл үрдіс биыл республикамыздың өзге өңірлерінде жалғасын табады.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<