Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Асқар Кіребайұлының туғанына 80 жыл толуына орай ақынның туған жері – Жалағаш ауданы, Есет батыр ауылында «Сырлы өлеңдер әлемі» атты жыр-мүшәйра өтті. Жасөспірімдер арасындағы бәйгеде алақандай ауылдан шығып, Алашқа танылған ақынның адами болмысы, өнегелі өмірі өлеңге арқау болды.
Ақын есімі ұлықталған кешке «Сыр медиа» серіктестігінің бас директоры Марат Аралбаев, Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Айдос Рахметов, қалалық «Жастар театры» директорының орынбасары, «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасар және ақынның отбасы, ағайындары, ауыл тұрғындары қатысты.
Жиынды ауыл әкімі Дәулеткерей Тәжібаев ашып, тағылымды кештің мазмұнына тоқталып, жыр сайысына қатысушы жастарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ «Сыр бойы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Қуат Шарабидинов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіқайыр Әйтімов сөз сөйлеп, ақын Асқар Кіребайұлының өмірі мен шығармашылығы, Сыр өңірі мәдениеті мен өнерін дамытуға сіңірген еселі еңбегін атап өтті.
Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары ақын шығармашылығынан жыр шумақтарын оқып, жарыққа шыққан кітаптарына шолу жасады. Жыр-мүшәйраға қатысушылар байқаудың ережесі бойынша Асқар Кіребайұлына арнау және еркін тақырыпта бір өлең оқыды.
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, жас талапкерлердің әрқайсысы ой-пайымын өзінше өрнектеуге тырысқаны байқалды. Әйтсе де үздіктер анықталып, лайықты жүлдесін иеленді. Жалағаш ауданынан қатысқан Береке Қалдыбай бас жүлде, Қаракеткен ауылынан Арайлым Темірхан І орын, Есет батыр ауылынан Мадияр Рысбай ІІ орын, Жаңаталап ауылынан Өркен Дулат ІІІ орын, Бұқарбай батыр ауылынан қатысқан Диана Байхожаева Асқар Кіребайұлы атындағы арнайы жүлде иегері атанды.
Мәуе қағып, шеңгел, жиде, жекені,
Әр бұтаның бөтені жоқ, бөтені.
Қиялшылдау құйттай қара баланың,
Арманына қанат болған мекені, –
деп ақынның өзі жырлағандай, туып-өскен мекенінде осындай тағылымды іс-шара өтіп, әрі қарай кәделі аспен жалғасты.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





