Қызылордада әлеуметтік-экономикалық өсім сақталды

6

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында 2026 жылдың І тоқсанындағы аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жарияланды. Жиында Ұлттық статистика бюросының облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Әсел Досжанова негізгі көрсеткіштерге тоқталды.

Спикердің айтуынша, есепті кезеңде өңір экономикасында оң динамика байқалған. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі 1,7%-ға, өңдеу өнеркәсібі 13,6%-ға, ауыл шаруашылығы 3,2%-ға артқан. Сонымен қатар, негізгі капиталға салынған инвестициялар 8,2%-ға өсіп, құрылыс жұмыстарының көлемі 22%-ға ұлғайған. Сауда көлемі де 1,4%-ға жоғарылаған.

«Аймақтың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласындағы қарқын жоғары. Өңірлік өнім көлемінде де өсім. Алдын ала деректер бойынша, жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім өткен жылмен салыстырғанда 2,9%-ға артқан. Өнеркәсіп саласында өндіріс көлемі бірқатар бағыттарда, әсіресе жеңіл өнеркәсіп пен машина жөндеу қызметтерінде айтарлықтай өсім байқалды. І тоқсанда 585 тұрғын үй пайдалануға беріліп, жалпы аумағы 159 мың шаршы метрден асып отыр. Ауыл шаруашылығы саласында өнім көлемі 3,2%-ға өсті», – деді Әсел Бақытжанқызы.

Халық саны 846,5 мың адамға жетіп, соңғы 10 жылда 82 мың адамға артқан. Табиғи өсім тұрақты деңгейде сақталып отыр. Аймақта күніне орта есеппен 40-45 сәби дүниеге келеді.

Осылайша, 2026 жылдың алғашқы тоқсаны Қызылорда облысы үшін экономикалық тұрақтылық пен бірқатар саладағы өсіммен ерекшеленді.

Өңірлік коммуникациялар қызметі