Әнің Алаш аспанында қалықтасын

1180

0

Жақында Қызылордадағы Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрында талантты әнші-композитор, республикалық байқаулардың лауреаты Гүлнұр Нұрасылдың «Анамның жаққан ошағы» атты шығармашылық ән кеші өтті.

Көрерменге рухани қуаныш сыйлаған кеште композитордың бірнеше әні өзінің және қазақ эстрадасының жұлдыздары – Ақбота Керімбекова, Индира Елубаева секілді белгілі әншілердің орындауында тыңдарманына жетті. Мөлдір Айтбай, Ақжол Түменбай секілді талантты ақындар кеш мазмұнын байыта түсті.

 Гүлнұр – өзінің топырақ пен қаннан сіңген өнерімен өрге шыққан талант.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті музыка факультетінің түлегі Гүлнұр 2005 жылы Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық драма театрда актриса болып еңбек жолын бастады. Сахнаға шыққан еліктің лағындай кішкентай қыздың үлкен өнері бірден-ақ байқалды. Сол кезде композиторлық өнерге тәй-тәй қадам басқан Гүлнұрдың алғашқы әндерінің біріне мен сөз жазып берген едім.

Көп ұзамай Гүлнұр тұз-дәм тартып, Алматы жаққа кетті. Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында және Талдықорған әуендерінің этнографиялық ансамблінде әнші болды.

Рухани ортаға түскен Гүлнұрдың бойындағы туабітті таланты осы кезде жарқырай ашылды. Оның әндерін Мейрамбек Беспаев, Саят Медеуов, Роза Әлқожа, Заттыбек Көпбосынұлы, Тамара Асар, Дана Маханбаева сынды белгілі әншілердің орындауында ести бастадық. Қуанып, марқайып жүрдік. Гүлнұр туралы жағымды пікірлер әлеуметтік желіде желдей есті.

Енді міне, туып-өскен қасиетті Сыр еліне келіп, шығармашылық жолына берілген есептей болған концерт Гүлнұрдың өнер әлеміндегі жаңа бейнесін паш етті.

Осы кешке қазаққа рухани байрақ болған «Қазақ қызы» әнінің авторы Рамазан Тайманов: «Гүлнұр бүгін үнімен емес, жүрегімен ән салды» деп ризашылық танытты. Осы сөзден артық баға жоқ деп есептеймін.

Жүрегіңмен салған әнің Алаштың аспанында қалықтай берсін, гүлден нәзік, болаттан берік өнер иесі Гүлнұр әнші!

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

*Сурет ашық дереккөзден алынды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<