Әнші есімі – әр жүректе

1285

0

Елімізге еңбек сіңірген артист, әнші, ұстаз Қаракөз Ақдәулетова шығармашылық өмірінде талай бұлақтың көзін ашып, олардың мөлдір бастауын өнер деген ұлы арнаға қосты. Осы жолда бар күш-жігерін, талантын аямай жұмсады. Халқының ұлттық өнері мен мәдениетін әлемге танытқан тұлғалық дәрежеге көтерілді.

Қаракөз қазақ және шетел композиторларының классикалық әндері мен романстарын ешкімге ұқсамайтын мәнермен орындайтын ерекше дауыс иесі болатын.

Әншінің әсем де қуатты, қайталанбас дауысы қазақ руханиятының қазынасына қымбат байлық болып қосылды.

Облыстық  халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы осы жылдан бастап мәдениет майталманы, «Шапағат» медалінің, «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы  Қаракөз Ақдәулетова атындағы «Сыр бұлбұлдары» атты облыстық әншілер конкурсын өткізуді қолға алды.

Облыс орталығында өткен алғашқы конкурстың шымылдығын облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Р.Рүстемов ашты.

Сала басшысы «Абай жолы» романындағы Біржан салдың бала Абайға айтқан: «Мендей әнші туар-ау, сендей тыңдарман туар ма?» деген сөзін мысалға келтірді. Ән мен сөздің тыңдаушысы туған бүгінгі күннің жадынан өшпес орын алған дара дарын иесі Қаракөз Ақдәулетованың аты өлмейтінін айтты.

Конкурс 12-20 жас аралығындағы қатысушыларды эстрадалық және академиялық ән салу талаптары бойынша сарапқа салды.

Эстрадалық ән жанрында Арал ауданынан Мақсат Базарбай, Қазалы ауданы Нұртілек Малкайдар Шиелі ауданынан Рахымжан Бақытов 3-орын жүлдесін олжалады. Ал қазалылық Сұлтанханым Қалдасбай мен  қызылордалық Ақнұр Темірова 2-орынды еншіледі. Бұл байқауда 1-орынды қызылордалық талапкер Саят Сарманбек алса, бас жүлдені қызылордалық Айсұлу Рахатoва қанжығаға бөктерді. 

Осы жанрда өнер көрсеткен қос қызылордалық Лейла Төлешқызы  Мәлика Әжібаеваға Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, қазылар алқасының мүшесі Перуза Арғынбаева өзінің арнайы жүлдесін тапсырды.

Академиялық ән салу өнерінде Зарина Камала мен Аякөз Райбекова 3-орын, Әбдіхан Әлібек пен Баянсұлу Сағындықова 2-орын, Дінмұхамед Әбуов пен Ақбота Абентаева  1-орын жүлделерін өзара бөлісті.

Қаракөз Ақдәулетованың сіңлісі Индира Ақжігітова тапсырған екі бас жүлдеге Ақжүніс Абибулла мен Бағдәулет Исабеков ие болды.

Талапкерлерге Рамазан Тайманов, Феруза Арғынбаева, Әзиза Іздіқұлова, Самал Байсейітова, Салтанат Аққұлова секілді белгілі өнер қайраткерлері, әнші-композиторлар қазылық жасады.

Балалар   мен    жастар   шығармашылығын насихаттау, классикалық шығармалар мен эстрадалық ән салу жанрында өнерпаздардың орындаушылық шеберліктерін арттыру, жаңа есімдер шығару мақсатындағы бұл байқау әр жылы жаңа есімдердің тұсауын кесетін болады.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<