Әсері мол этноауыл

1410

0

Этноауыл. Қала орталығында орналасыпты. Дария арнасына жақын жерге. Ал ішіне кіргенде көргеніміз, қазақтың киіз үйі. Ақ шаңқан. Үзіктің шетін айналдыра тіккен оюдың әсемдігі бір бөлек. Әдетте бұрынғы билер түсетін үй болмаса да, бәрібір мұнда қазақы иіс сезіледі. Белдеуге байланған жылқының түсі де киіз үйдей. Ақ боз ат бұл жердің сәнін ашып тұр.

Әріректе екі алтыбақан құрылған. Одан берірек қамыспен қоршалған орын тіпті қызық.  Садақ ату – көшпелілердің бұрыннан қалыптасқан өнері. Жігіттік пен мергендік сыналар орын этноауыл ішінде бар. Иә, қонақтар мұнда садақ атып, арқан тартса, әсіресе, балалар жағы атқа мініп, асық ойнауға құмар.

Киіз үй ішінде бұрынғы бабалардың барлық қол туындысы жиылған. Кіргенімізде көргеніміз көп. Кереге тұсқа ілінген ұлттық киімдер, батырдың бес қаруы, дала сал-серілері пайдаланған музыкалық аспаптар. Қой жүнінен басылған текемет, ұсталар соққан кебеже, сандық, жозы, ағаш төсек, ыдыс-аяқтар мен үй шаруасына қажетті дүниелер. Жоғарырақ ілінген қасқыр мен түлкінің терісін де байқайсыз.

Кейінгі уақытта тұрғындар мен облыс орталығына келген меймандардың әдейілеп келетін орны бұл. Этноауыл біздің қалада алғаш рет ашылған. Жоба жетекшісі – облыс қана емес, ел бойынша ұлттық қолөнер туындыларын дәріптеп жүрген Аида Керімқұлова. 2011 жылы өзі құрған «Sapa ka» жеңіл өнеркәсіп орталығы бүгінде бір айда 2000 дана мектеп формасы, 100 дана ұзату көйлегі сынды жекелеген және мемлекеттік тапсырыстарды орындап жүр. Орталықта 30 адам жұмыс істейді. Біз айтып отырған этноауыл да осы жобаның бір бөлігі ретінде қарастырылған.

– Былтыр ғана ашылған этноауылды құрудағы мақсатымыз – қазақы дәстүрімізден қол үзбеу. Біз бұрын ғимарат ішінде осындай жоба істедік. Одан кейін «Досан» ауылында да болды. Бірақ ғимараттың тарлығы әсер етіп, «Досан» ауылындағы арақашықтық та келушілерге қиындық туғызды. Оның үстіне қазақты жылқыдан ажырата алмайсыз. Сондықтан орталықтан жер қарастырып, Қырғызстан және Ресейден араб тұқымды екі жылқы алдырдық. Қазір этноауыл көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр. Тек Наурыз мерекесінде ғана ұлттық киім киіп, қазақ дәстүрін еске алатын біздің қауым енді жыл он екі ай осында өз құндылықтарымызды сезіне алады. Туған күн сынды атаулы күнді өткізіп, достармен бірге киіз үйде тамақтанып, демалуға болады. Өзге қаладан келген қонағын осында алып келушілер де жетерлік. Тіпті күнделікті күйбең тірліктен қажығанда демалыс ретінде садақ атуға келіп, атпен серуендейтін адамдар бар. Алтыбақан тебетін қыз балалар, асық ойнап асыр салатын кішкентайлар да көп. Біз қазақ болып туғаның үшін қуанатындай ерекше жайлы орын ұйымдастырдық деп нық сеніммен айта аламын, – дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, мұнда тек қонақ күту не демалыс орны ғана қарастырылмаған. Түрлі форматта жиын, кездесулер осында өтіп тұрады. Сондай-ақ алдағы уақытта ақындардың өлең кештері мен дәстүрлі әншілердің жиі бас қосар орны да болмақ.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<