Әуежайдың терминалы кеңейтіліп, ұшу ғимараты салынады

603

0

Өңірде қолданыстағы әуежай терминалын кеңейту жұмыстары қолға алынбақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары Дамир Тілеуов хабарлады.

Осыған дейін облыста жаңа әуежай терминалын салу жобасы қаралған болатын. Жобаның тиімсіздігіне байланысты бұл мәселе қайта талқылаудан өтіп, терминал кеңейтіліп, жанынан қосымша ұшу ғимаратын салынатын болды. Қазір ғимараттың жоба-сметалық құжаттамасына жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, әзірлеуде. Жобаның болжамды құны 1,5 млрд теңгеден аспайды деп күтілуде. Жаңа терминалдың көлемі екі есеге, шамамен 1400 шаршы метрге кеңейеді.

– Бірнеше жылдан бері жаңа әуежай құрылысын салудың әртүрлі нұсқасы қаралды. Бастапқыда бұл жобаны инвесторлар есебінен салу жоспарланды. Одан кейін оны мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы іске асыру туралы шешім қабылданды. Әртүрлі механизмдер, жобаны іске асыру схемалары, қаржыландыру әдістері де қарастырылды. Алайда, бағасы тым қымбат болды. Әрі республикалық бюджет қаражатының шектеулігіне байланысты орталық мемлекеттік органдар тарапынан қолдау таппай, құрылыс жұмыстарын бастауға мүмкіндік болмады, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Кеңейтілген әуежай терминалы халықаралық стандарт талаптарына сай болады. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың екінші тоқсанында басталады деп жоспарлануда. Аяқталғаннан кейін облысаралық және халықаралық тұрақты әуе рейстер саны мен бағыттары көбейтілмек.

Бүгінде «Қорқыт Ата» әуежайы арқылы аптасына 32 рейс  орындалуда. Олар  «AirAstana», «Qazaq Air», «Skat», «Fly Arystan» әуе компанияларымен бірге жүзеге асып отыр.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<