«АЛЖИРДЕ» азап тартқандар

265

0

Өнердің ұлты мен тілі жоқ. Сан түрлі тарихи жағдайларға халықтың көзқарасын анық көрсете алатын құрал да – өнер. Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық- музыкалық драма театрының жаңа жылдағы алғашқы қойылымының премьерасы құндылығы жағынан кеше мен бүгінді таразыға салғандай. Мадина Омарованың «Шанель №5» деректі драмасы Ақмола лагерінің тұтқындары, яғни, «халық жауларының», «Отанын сатқандардың» әйелдері кешкен күйді, сәт сайын сезінген азапты жеткізе білді. Иә, өткен ғасырдың басында саяси элитаға жала жабылды, атылды, түрмеге қамалды, ал жары мен балалары арнайы лагерьлерге жіберіліп, олар да озбыр қоғамнан жазықсыз жапа шекті.

«АЛЖИР» (Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері) Қарлагтың дербес бөлімшесі болып құрылған. Жаппай қуғын-сүргін науқаны әбден өршіген шақта мұндағы әйелдердің саны 12 мыңнан асып түскен деген дерек бар.

Қойылым барысында қиянат пен қорлық көрсе де жігері жасымаған, болашаққа деген сенімін жоғалтпаған К.Майлина, Д.Ермекова, Ж.Шанина, Н.Сац, Р.Мессерер-Плицеская, С.Колчак, К.Андронникова, А.Тимирева, Г.Платайс сынды азаматтарына адал аяулы арулар небір нәубетті, қуғын-сүргінді бастан өткереді. Спектакльде «АЛЖИР» арулары өздерінің шынайы естеліктерін, өміріндегі сәулелі сәттерін, шұғылалы шақтарын бөліседі. Қазақ зиялыларының аяулы жарларын басқа қырынан тани түсеміз.

Қойылымда әр кейіпкердің қилы тағдырын орыс жазушысы Б.Пельняктың жұбайы Кира Андронникованың рөліндегі Аида Тасымбетова баяндай отырып, пластикалық шешіммен шебер орындады. Бейімбет Майлиннің жұбайы Күнжамал Майлинаны театр актрисасы Зәуре Көздібаева да әсерлі орындап шықты. Сондай-ақ Дәмеш Ермекованы Зарина Кенжеәлі, Наталья Сацты Қарлығаш Айтжанова, София Колчакты Ақтолқын Төлеуова, Гетруда Платайсты Мирамкүл Пұшпақова, Жанбикені Бибідана Мақсұт, монахиняны Гүлназ Дәужігітова, Александраны Жауһар Еркінова, атаманшаны Баян Қали, Настяны Гүлмира Берікбай, француз қызды Ақбота Есмұхамбетова сомдап, өз кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесін, күйзелісін, жан азабын, күйреуін нанымды жеткізе білді. Тергеуші жігітті ойнаған Нұрдәулет Баймаханов, надзиратель Мишинді ойнаған Қанат Архабаев, Юрий Узипенко рөліндегі Арай Көшімбаевтың да тың ізденістері байқалады.

Айзат Ақылбек есімді көрермен: «Қазақ зиялыларының отбасылық өмірі мен олардың жарлары кешкен сан түрлі сұмдықты нәзік сезімдерімен бірге жеткізе білген шығармашылық ұжымға шабыт тілеймін. Көзіме қайта-қайта жас алдым. Әңгіме тек эмоцияда емес. Театрсүйер қауым бір сәтке өткен ғасырдың бас кезіне оралғандай күй кешті. Қазіргі сәтті, тынымсыз тіршілікті, жұмысты, мәселелерін ұмытып кеткендей болды. Санамызды сілкіп, рухымызды оята алды. Бір көріп ұмытып кететін емес, естен кетпестей спектакль» дейді.

Айта кетейік, спектакльді көруге пьеса авторы, драматург Мадина Омарова, өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор Анар Еркебай, жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаев, кино және театр актері Ғани Құлжанов арнайы келіп, ізгі тілектерін білдірді.

«АЛЖИР-ге» сталиндік қуғын-сүргінге ұшырағандардың әйелдері мен туған-туыстары қамалғанын атап өттік. Олардың «халық жауы» атанған күйеулері мен туыстарынан бас тартпағаны ерлігі мен тәуекел етуінің бір көрінісі еді. Жер бетіндегі тозақтың бірі саналған лагерь кейіннен өз алдына ауыл шаруашылық өндірісі, шеберханасы мен тігін фабрикасы бар сан салалы шаруашылыққа айналды. 1953 жылы жабылғаннан соң тұтқындар кенті «Малиновка» деп аталды.

Дина БӨКЕБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<