Анаға құрмет үлгісі

606

0

Халықаралық әйелдер күніне орай  облыстық мемлекеттік архивте  «Әйел – қоғам тірегі» атты кездесу өтті.

Басты мақсат − архив қорында сақталған жеке тектік қор иелері, облысқа белгілі ақын-жазушылар және қоғам қайраткерлерінің өнегелі өмір жолын  жас ұрпаққа  үлгі ету, анаға құрмет  сезімін арттыру, ізгілікке тәрбиелеу.

Шараға балалар ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы Р.Наурызбаева, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ә.Әбдіқалықова, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қ.Жәленова, Қазақстанның Құрметті журналисі Н.Рахметова, «Қожабековтер» халықтық отбасылық ансамблінің көркемдік жетекшісі, мәдениет саласының үздігі Қ.Ахметқызы мен Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейдің ұстаздары және оқушылары қатысты.

Мерекелік  басқосуды  архив  басшысы Ж.Әбзалиева ашып, қонақтарды құттықтап, тілегін білдірді. Ал ұлағатты ұстаз Ә.Әбдіқалықова ұлтымыздың кешегісі мен бүгінін құрайтын, архив қорындағы ұлы тұлғалардың, оның ішінде әйел қайраткерлердің өнегелі өмірін болашақ ұрпаққа үлгі ету, өлке тарихына қызығушылықты арттыруда архив деректерінің маңызы зор екенін айтты. Ұлттық тәрбие отбасынан басталады, ұлттық құндылықтарымызды қастерлейтін, ананы құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу күн тәртібінен түспеуі тиіс. Шарада сөз алған ақын Қ.Жәленова өз шығармашылығынан «Ару қыздар» атты өлеңін оқып, мерекеге арналған жылы лебізін білдірсе, журналист  Н.Рахметова еңбек жолындағы естеліктерін бөлісіп, қоғамдағы әйел адамның ролі ерекше екеніне тоқталды.   Батыр ана, әнші Қ.Ахметқызы өнегелі отбасының береке-бірлігін, асыл қасиеттерін сақтауда,тәлім-тәрбие беруде ата-ана  ролінің маңыздылығына тоқталып, мерекеге өзінің арнауын оқып, ән орындады.

Мерекелік кешке  Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейдің «Жас дарын» хор үйірме мүшелері де атсалысып, аналарға әннен шашу шашты.

Жиын архив қоры құжаттарынан дайындалған «Әйел – қоғам айнасы» тақырыбындағы көрменің таныстырылымына ұласты.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<