«Ақмешіт-Қызылорда» топ жарды

769

0

Облыс қаламгерлерінен жасақталған «Ақмешіт-Қызылорда» командасы Алматы қаласында өткізілген белгілі спорт журналисі Амангелді Сейітханды еске алуға арналған республикалық турнирден бас жүлдемен оралды. Биыл екінші мәрте жалауын көтерген жарыста еліміздің Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Атырау, Жетісу, Жамбыл, Қызылорда облыстары атынан қатысқан қаламгерлер тартысты ойынның көрігін қыздырды.

– Команданың жарысқа қатысуына қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне, облыстық мәдениет және спорт басқармасына алғыс білдіреміз.  Біз А тобында «Шымкент», алматылық «Алаш Медиа Групп» және астаналық «Қазмедиа» командаларымен күш сынастық. Қай-қайсысы да көптеген турнирде топ жарып, мол тәжірибе жинақтаған. Сондықтан әрбір кездесу тартысқа толы болды, – деді команда капитаны Әділбек Жақанов.

Әріптестер алдымен «Шымкент» командасын 1:0 есебімен сүріндірді. Бұл кездесуде Нұржан Батыршаев соққан гол кездесу тағдырын шешті.  Ал «Алаш Медиа Групп» командасымен ойында Әділбек Жақанов қатарынан төрт гол соғып, покер авторы атанды. Ал бір гол Талант Айымбетовтің еншісіне жазылды.

Топтық кезеңдегі «Ақмешіт-Қызылорда» үшінші ойында «Қазмедиадан» 0:2 есебімен жеңіліп қалғанына қарамастан екінші орынға табан тіреді. Одан кейінгі ширек және жартылай финалда турнирдің өткен жылғы жеңімпазы талдықорғандық «Қарекет» және елордалық «Спорт журналистері» кездесулерінде негізгі кезеңде есеп ашылған жоқ. Пенальтиден қызылордалық журналистердің мерейі үстем болды.

Финалда «Қазмедиа» қайта кездесіп, негізгі кезеңде 1:1 есебі тіркелді. Пенальтиде Сырдан барған жігіттер дәлдік танытты. Турнир жеңімпазы тұғырына көтерілді.

Айта кетсек, жарыс барысында командаға Қызылорда әуесқойлар лигасының басшысы Еркен Жантуғанов жетекшілік жасады. Оған қоса ол қызылордалық журналистерді спорттық киіммен қамтамасыз етіп, жарысқа баруына демеушілік көрсетті. Сондай-ақ, аталған турнирде облыс намысын Әділбек Жақанов, Ержан Батыршаев, Нұржан Батыршаев, Асқар Тәжиев, Алтай Сағындықов, Әлібек Жарықбаев, Бауыржан Қожамұратов сынды әріптестеріміз қорғады.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<