Ақпарат ашық берілуі тиіс

712

0

Арал ауданында «Табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы» шешім ағымдағы жылдың 12 шілдесінен бастап күшіне енгізілген болатын. Аталмыш шешім шыққаннан бері тура 1 ай өтті. Енді осы аралықта «теңіз төскейінде нендей жұмыстар қолға алынды,  ел ағалары бұл бағытта қандай бағыт ұстануда?» деген сауалға жауап іздеп көрсек.

Бұл тақырып Арал ауданы әкімі Серік Сермағамбетовтен бастап қатардағы қызметкерге дейін тұрақты назарда тұр. Кез келген қиындыққа  жұдырықтай  жұмылып, ұйымшылдықпен  қарсы тұратын теңіз перзенттері бұл жолы да  табиғат сынағынан сүрінбей шығады деген сенім басым. Мұны аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі аудандық комиссияның кезектен тыс отырысынан да пайымдауға болады.

 Ауданда орын алған төтенше жағдайға байланысты атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалған  маңызды басқосуға комиссия мүшелері мен тиісті мекеме басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері «Zoom» платформасы арқылы қатысты.

Комиссия отырысында  аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішев төтенше жағдай жарияланғаннан  осы кезге дейін аудандағы мал басының есебі жүргізіліп,  205 822 бас төрт түлік малға 180 күнге 184 640 тонна шөп қажет екендігі  нақтыланғанын, қажеттілікке сәйкес бүгінгі күні  11596 тонна шөп азығы және 535,6 тонна жем азығы жеткізілгенін, облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Қызылжар елді мекені тұсындағы «Бектау» каналын қазу, Аманөткел елді мекеніндегі «Бұрмақұлақ» учаскесінде дария арнасын бөгеу және Мергенсай елді мекені «Үшшоқы» мал жайылымдық жерінде су ұңғымасын қазу жұмыстары басталып кеткенін ұғынықты жеткізді.

Оған қоса, аудандағы қуаңшылық жағдайға байланысты жерлесіміз, қоғам қайраткері, меценат Болат Өтемұратовтың қорынан бөлінген 213 млн тенге қаржы аясында алғашқы кезекте аз қамтылған тұрмысы төмен отбасыларына 900 тонна бидай кебегі жемін алып беру бағытындағы жұмыстар ұйымдастырылыпты.. Қазіргі таңда Қостанай, Ақтөбе облыстарынан 484 тонна жем тасымалданып, жергілікті жердегі қоғамдық кеңестің шешімімен күтімде 5-6 ірі қара және 10-нан астам уақ малы бар тұрғындарға беріле бастаған.Сондай-ақ қор қаржысы есебінен Аманөткел елді мекеніндегі «Аспай» су ағытқысын іске қосу бағытында құрылыс жұмыстары басталып кеткенін білгенде «бәрекелді» дегізгендей

Алдағы уақытта мал азығын дайындайтын сервистік орталықтар құру мақсатында 2 селолық тұтыну кооперативіне жуық арада екі бірлік МТЗ-82.1 трактор  жиынтығын алу жұмыстары жоспарланса, Беларан ауылдық округіндегі «Жыңғылдықақ» мал жайылымдылық алқабына су ұңғымасын қазуға қаржы бөлу және ауыз судан қиындық көріп отырған екі ауылдық округке су таситын водовоз көлігін алу бағытында тиісті шаралар қабылдануда.

Төтенше жағдайларды жою бағытында аудан әкімдігі тарапынан арнайы мамандармен құрылған жұмысшы тобымен арнайы штаб күнделікті атқарылатын шараларды, қабылданатын шешімдерді қатаң бақылауға алып, тиісті жұмыстарды жүргізіп келеді.

Осылайша жоғарыда аталып өткен жұмыстардың жайы кеңнен талданған комиссия отырысының қорытындысымен Арал ауданы әкімі Серік Сермағамбетов  тиісті сала басшылары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдеріне   нақты тапсырмалар беріп, әрбір атқарылатын жұмыстардың мерзімге сәйкес сапалы орындалуын және ашық ақпарат көздері арқылы тұрақты түрде халық назарына жеткізілуін қамтамасыз ету қажеттігін ескертті.

Жұмабек Табынбаев.

Арал ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<