Ақындар айтыста топ жарды

758

0

Бүгін Қармақшы ауданында 25-қазан Ұлттық Республика күні аясында Тау тұлға Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 140 жылдығына орай «Аралап жердің жүзін жүрер сөзім» атты аймақтық ақындар айтысы өтті.

Ақындар айтысын аудан әкімінің орынбасары Ерқосаев Жұлдызхан Байназарұлы ашып, тұрғындарды Ұлттық мерекемен және мерейлі мерейтойымен құттықтап, сөз бәйгесіне қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Халқымызда «Қос тойың қабат болсын» деген қанатты сөз бар. Елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болып табылатын салтанатты мереке қарсаңында киелі Қармақшы жерінде Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 140 жылдық мерейтойы өткізіліп жатыр.

Өзі өмірден өтсе де өлмес өлең сөздері жердің жүзін аралап, Алты Алашқа аты мәлім болған Тұрмағамбет ақынның мұраларын ұлықтау, кейінгі ұрпаққа қастерлеп жеткізу – парызымыз. Өнер- мұрагер ұрпақтарымен өміршең. Бүгінде ақындық пен жыраулық өнердің көшін жалғаған талабы мен таланты таудай ұрпақ барда рухани өнеріміз, ұлттық құндылықтарымыз мәңгі жасай бермек.

Назым сөздің шебері, даңқты шайыр, атақты сөз зергері Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 140 жылдық мерейтойы баршаңызға құтты болсын! Қасиетті Қармақшы елінің өнер шамшырағы жарқырай берсін! Сөз маржанын терген от тілді ақтаңгерлерге бүгінгі аламан айтыста бақтарыңыз бен баптарыңыз қатар шапсын дегім келеді-деп тілектестік білдірді аудан әкімінің орынбасыры Ж.Ерқосаев.

Сонымен қатар аймақтық ақындар айтысы барысында филология ғылымдарының кандидаты,Тұрмағамбеттанушы жерлесіміз Кәрбозов Ерхан Кәрбозұлының ақын шығармаларына арналған «Зерттеулер» кітабының 5-томының тұсаукесері кесілді. Әр аймақтан жиылған, сайдың тасындай іріктелген 10 ақын 5 жұп бойынша бәйгеге түсті. Айтыс аламанын «Алтын домбыраны» үш дүркін иеленген ақтаңгер айтыскер ақын Мұхтар Ниязов жүргізсе, суырыпсалма өнерінің шешендерін жергілікті ақындар мен өнер саласының саңлақтарынан құралған қазылар төрелік етті. Сөз додасының қорытындысы бойынша Қармақшылық Сырым Әділбеков бас жүлдені иемденсе, Жамбылдық ақын Есет Досалы бірінші орынды жеңіп алды. Ал екінші орынға Қызылордалық Нұрмат Мансұров лайық деп танылса, үздік үштікті Аралдық Бексұлтан Орынбасаров еншіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<