Арнау айтушылар ақын атын асқақтатты

1299

0

Шиелі ауданының «Бәйгеқұм» ауылдық клубында «Облыстың бас ақыны» атанған Маханбетқали Тұрсановтың туғанына 85 жыл толу құрметіне арналып, «Айтыстың ақиығы, ақберені» атты арнау айтушылардың облыстық байқауы өтті.

Шараны ауыл өнерпаздарынан құралған «Салтанат» бишілер тобы сахналық қойылыммен ашты.

Мұнан соң ауылдық округ әкімі Дәулет Әпжапбаров сөз алып, бас ақынның атын есте қалдыру үшін алдағы кезеңде де мәдени шаралар атқарыла беретінін жеткізіп, сөз дүлдүлдеріне сәттілік тіледі.

Ақынның сан қырлы өнерін, шығармашылығын,  мол мұрасын насихаттауды мақсат еткен байқауға қатысушылар негізінен жасынан айтысқа шығып, Маханбетқали ақынды ұстаз тұтқан өнерпаздар болды. Олар байқау шарты бойынша шежірелі Шиелі өңірінің тарихы мен Маханбетқали ақынды байланыстыра отырып, өз жанынан шығарған арнау өлеңдерін домбырамен өздері сүйемелдеп айтты.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Н.Елтай, Д.Аяшұлы, ҚР Мәдениет саласының үздігі К.Жүсіп қазылық жасаған байқау қорытындысында қызылордалық өнерпаз Жұмабай Шернияз бас бәйгені иемденді.

1-орынды шиелілік ақын Талғат Күзембаев олжалады. 2-орын Арал ауданынан келген ақын Қайрат Құлекешевке, 3-орын қармақшылық Тұрар Бекмұрзаевқа бұйырды. Қатысушылардың бәрі де ақшалай сыйлықпен және арнайы дипломмен марапатталды.

Сондай-ақ, М.Тұрсановтың ұл-қыздары өздерінің атынан жеңімпаздарға қосымша сыйлықтар тағайындап, иықтарына шапан жапты.

«Маханбетқали ақынмен қатар жүріп, қазына кенінен сыбаға алған едік. Бүгінде бас ақынның ортамыздағы орны ойсырап тұр» деген жазушы-журналист Нұрмахан Елтай да екі қатысушыға өз атынан ақшалай сыйлық берді.

Дауылпаз ақын Бұдабай, исі қазақ таныған Иманжүсіп, даусын көкке созған әнші Нартай сынды саңлақтардың ізін жалғаған Маханбетқали Тұрсанов сонау 1979 жылғы облыстық бірінші ақындар айтысынан бастап, 2006 жылғы «Ақ бата» сайысына дейінгі отыз жылға жуық уақыт бойы облыс көлемінде де, облыстан тыс жерлердің бәрінде де жеңімпаз атанып, бірінші тұғырдан түспеген. Міне, оның дәл осы жетістігі мен сөз сайысындағы Сыр елінің намысын жоғары ұстаған ерлікке тән еңбегі ел есінен ешқашан шықпауы тиіс.

Сондықтан келешекте аудан орталығындағы көшеге не мәдениет үйіне ақынның аты беріліп, ол жөнінде көркем кітаптардың жарық көретіні кәміл. 

Бұл шара осы жолдағы алғашқы қадамдардың біріндей болды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<