Автомектеп бітіргендер ғана куәлік ала алады

329

0

Қазақстанда жүргізуші куәлігін өзі оқып алуға тыйым салынды. Бүгіннен бастап автомектеп бітіргендер ғана куәлік ала алады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы процессингтік орталығының бастығы, полиция подполковнигі Нұркен Бақтияров айтты.

Өзгеріске сәйкес, емтихан тапсыру және жүргізуші куәлігін беру ережелерінен А және В, сондай-ақ А1 және В1 категориясын өздігінен оқып, куәлік алу тармағы алынып тасталды. Бұйрық 12 сәуірде жарияланған болатын. Бүгіннен бастап куәлік алғысы келетіндер көлік жүргізуге рұқсат беру туралы №073 медициналық анықтаманы және курс бітіргені туралы автомектеп берген анықтаманы көрсетуі қажет.

– Айта кетелік, елімізде жүргізушілерге өз бетінше дайындалуға 2016 жылы рұқсат етілген болатын, яғни жүргізуші куәлігін алғысы келгендер емтихан сұрақтарына дайындалып, мамандандырылған ХҚКО-ларға барып, теориялық емтихан тапсырғаннан кейін практикалық сынақтан өтсе, жүргізуші куәлігін алуға мүмкіндігі болатын. 2019 жылдан бастап ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен ҚР ІІМ арасындағы жол картасы шеңберінде тіркеу емтиханы бөліністері қысқартылып, олардың функциялары мамандандырылған ХҚКО-ларға берілді. 2019 жылдың шілдесінен бастап Ішкі істер министрлігі өкілдері «автоцондардан» шығарылды, – дейді Нұркен Бақтияров.

Сол уақыттан бері орын алған жол-көлік оқиғалары мен олардың орын алу себептеріне министрлік жасаған талдаулар барысында депутаттардың, үйлестіру кеңестерінің шешімімен заңнамаға өзгерістер енгізуге тура келді. Өзгеріске түрткі болған басты мәселе – көше жолдарындағы қауіпсіздік, адам өмірін сақтау.

Бұдан былай автомектеп бітіргені туралы куәлік талап етілетін болады. Ал автомектептердің ақпараттық жүйелерінен курстың басталу және аяқталу уақытын Ішкі істер министрлігі қадағалайды. Мысалы, В категориясын алғысы келгендер 2-2,5 ай оқуы керек болса, талапкердің осы уақыт аралығында автомектепте оқуы бақыланбақ.

Бүгінде облыста 32 автомектеп бар. Олардың 17-сі Қызылорда қаласында. Алдағы уақытта автомектептердің білім беру деңгейін министрлік бақылауда ұстап, мониторинг жасап отырады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<